ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Д. Нұралин «Қылмыстың жаңа түрлерінің көбеюі судьялардың үздіксіз өз біліктілігін арттырумен айналысуын талап етеді» / «ҚазАқпарат», 2015 жылғы 8 желтоқсан

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттілігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», - деген болатын.

Осы Жолдауда Президентіміз қазақстандықтардың алдында жаңа міндеттер мен мақсаттар қойып отыр, өйткені Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан оң өзгерістер нәтижесінде айшықты экономикалық өсімге және әлеуметтік дамуда үлкен прогреске қол жеткізді.

«Нұр Отан» партиясының 16-съезінде Елбасы  Қазақстан мемлекеттілігін нығайту үшін бес институттық  реформаны ұсынды. Оның бірі  -  заң үстемдігін қамтамасыз ету болып табылады.

Институттық реформаларды іске асыру мақсатында «100 нақты қадам» әзірленді.

«100 нақты қадам» - бұл жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Оны кезең- кезеңмен жүзеге асыру мемлекетімізді одан әрі дамытуда оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің құқықтық жүйесін дамыту мәселелері бойынша 19 мақсатты қадам көзделген. Олардың бірі - судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін айқындау және біліктілік талаптарын қатайту болып табылады.

Республикалық газеттердің беттерінде берген өз сұхбатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми «Еліміздің сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерінде барынша тиімді екенін жеткілікті көрсетуде. Мұны көптеген халықаралық индикаторлардан көруге болады», - деп атап өтті.

Бүгінде сот жүйесі заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін және қазіргі заманғы құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде жалпы әлемдік стандарттарға сәйкес келетін биліктің бір тармағы ретінде қалыптасқанын нық сеніммен айтуға болады.

Алайда жаһандық және ішкі сын-қатерлер сот жүйесінің қызметін әлі де жоғары деңгейге көтеруді, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін айқындап, біліктілік талаптарын қатайтуды, судьялардың жауапкершілігін күшейтуді талап етеді. 

Соттарда қаралатын азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істердің санаттары бойынша қоғамдағы өзгерістерді, нарықтық қатынастардың дамуын байқауға болады. Егер кезінде азаматтық процестер негізінен жұмысты қалпына келтіру, тұрғын үйден шығару, ерлі-зайыптылар арасындағы мүлікті бөлу, алимент өндіру, денсаулыққа келтірілген залалды өндіру бойынша жүргізілсе, нарықтық бәсекелестікке байланысты барған сайын күрделі бола түскен сот істерінің жаңа санаттары пайда болуда. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке ұрлық, бұзақылық жасаған, мас күйінде дене жарақаттарын салған, төбелес кезінде кісі өлтірген кінәлілер тартылса, қазір осы тектес қылмыстық әрекеттер неше түрлі ұйымдасқан топтардың алдын ала жоспарлауы, қарулануы, қаржыландыруы және қылмыстық қоғамдастыққа қатысуы арқылы жасалынады. Бұл судьялардан өздерінің біліктілігін арттырумен айналысуды, қазіргі жаңа заңдарды тереңірек зерделеуді талап етеді.

Ал 90-шы жылдардың басында, яғни Кеңес Одағы құлаған соң, шаруашылық байланыс үзілгеннен кейін, барлық кәсіпорындар тоқтап қалған тұста соттар ереуілдерді заңсыз деп тану, жалақы өндіру, зейнетақы төлеу туралы істерді қарады. Көптеген сот талқылаулары тастап кеткен тұрғын үйлер жөнінде де болды.

Қазір азаматтар соттарға ипотекамен, несиемен, кепілмен, лицензиялаумен, салық, кеден, жер және корпоративтік даулармен байланысты талап арыздарымен жүгінуде.

Жыл сайын соттар қарастыратын азаматтық істер санының өсуі, қылмыстық істер бойынша шығарылатын сот актілерінің басым көпшілігінің өзгеріссіз күшіне енуі, азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін соттарға жүгінетінін, ал бұл азаматтардың мемлекет пен сот жүйесіне деген сенімін көрсетеді.

Жоғарғы Сот соңғы  жылдары қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін Жоғары Сот Кеңесімен және Әділет біліктілік алқасымен бірлесіп, судья лауазымына үміткерлердің білім деңгейіне және олардың жеке тұлғаларына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды қабылдады.

Атап айтқанда, үміткер тапсыратын емтихан үш кезеңнен тұрады:

-  тест тапсыру, оның төменгі шегі 80 пайызға дейін түсірілді;

-  теориялық сұрақтары мен практикалық тапсырмалары бар ауызша емтихан;

-  психологиялық тест.

Судьяның бос лауазым орындарына орналасу үшін конкурстан өту кезінде Мемлекеттік қызмет академиясы жанындағы Сот төрелігі институтының магистратура түлектеріне  артықшылық беріледі.

Дегенмен, Еліміздің Президенті қойған міндеттер судьяларды іріктеу мәселелерінде түбегейлі өзгерістерді талап етеді.

Сот төрелігін атқару сапасы осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби және моральдық қасиеттеріне және судья лауазымына кадрларды іріктеу жөніндегі заңның талаптарын мүлтіксіз сақтауға байланысты екені сөзсіз.

Бүгінде судьяларға қойылатын жоғары талаптар кадрларды дайындау мәселелерінде елеулі өзгерістерді қажет етеді.

Осы бағытта біз шет елдердің тәжірибесін зерделеп,  үлкен талдау жұмыстарын жасадық және судья лауазымына кадрларды іріктеу мәселелері бойынша берілген ұсыныстарымызды Парламент қолдады.

Бұл ретте сот ісін жүргізуге қатысумен тікелей байланысты  бес жылдық жұмыс стажын енгізу ұсынылады. Мысалы, сот отырысының хатшысы, прокурор, адвокат.

Соттарда магистранттардың тағылымдамадан өту мерзімін бір жылға дейін көбейту ұсынылады. Қазіргі екі жылдық оқу кезінде сотта практикалық тағылымдама мерзімі үш айды құрайды.

Соттарда басқа кандидаттардың тағылымдамадан өту мерзімі де бір жылға дейін көбейтілетін болады. Бұл ретте тағылымдама судьяның лауазымдық жалақысынан белгілі мөлшерде стипендия төлей отырып, кандидаттың негізгі жұмысынан босату түрінде өткізілетін болады.

Судьялыққа кандидатқа қойылатын осы талаптар орынды болып табылады. Өйткені судьялыққа кандидаттың сот процестері өтуі кезінде үнемі болуы, істерді қарауға дайындау үшін қатысуы, сот жұмысының ұйымдастырылуын зерделеуі оған осы жауапты жұмысқа кәсіби және психологиялық тұрғыдан қаншалықты дайын екенін анықтауға, мамандығын дұрыс таңдауына мүмкіндік береді.

Судья лауазымына тағайындалғаннан кейін жүктелген міндеттерді атқара алмауға, судья жұмысына дайын еместігін сезінуге байланысты субъективті себептермен бір жыл ішінде осы лауазымнан өз еркімен кету фактілері мұндай талаптарды қою қажеттігін  дәлелдейді.

Жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізу тағы бір маңызды жаңалық болып табылады.

Сынақ мерзімі кезеңінде олар әкімшілік, сондай-ақ күрделі емес қылмыстық және азаматтық істерді қарайтын болады.

Сынақ мерзімі аяқталған соң оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Одан әрі оң қорытындысы болса, олардың кәсіби қасиеттерін Сот жюриінің біліктілік комиссиясы бағалайтын болады.

Елімізде әлеуметтік жағдайдың жақсарып, экономиканың тұрақтануы - Елбасының құқық қорғау, соның ішінде сот саласындағы реформаларды жүргізудегі сарабдал саясатының нәтижесі. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Судьялардың кезекті  VI съезіне қатыса отырып айтқан: «Біз «Қазақстан - 2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып,  сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Егер де біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек. Мемлекеттің де, менің де сот жүйесіне көп көңіл бөліп отырғаным сондықтан», - деген сөзі соттарға айқын бағыт болды.

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету шеңберінде әзірленген іс-шараларды іске асыру сот төрелігін атқару сапасын жақсартуға, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, Қазақстанның сот жүйесі қызметін құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік тудыратыны анық. Осы бағытта Президентіміздің Жолдауында: «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін еңбек етуге тиіспіз», - деген қағидасы сот жүйесінің алдағы бағдарламасы екенін толық қолдаймыз.