ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Н.Шәріпов: «Ел тұрғындары электронды сот төрелігінің игілігін көруде», «Zakon», 17.07.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жедел ақпарат алмасудың озық технологиясы дамыған ХХІ ғасырда сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылды.

Дана халқымыз түгел сөздің түп атасына теңеген Майқы би бабамыз сонау ерте заманда хан қарашасыз, дау арашасыз болмайтынын айтып, кейінгі ұрпаққа билік айтудың озық үлгісін қалдырды.

Билік айту оңай болғанымен, біліп айтудың қиын екендігін ескерген тұрғындар дауды шешу үшін қазіргі заманның билері – судьяларға жүгінуде. Ұлтымыздың көрнекті ақыны, ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсарин ХІХ ғасырда технологиясы дамыған елдерді халқымызға үлгі тұтып:

Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды,

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды, - деп жырлаған екен.

Жедел ақпарат алмасудың озық технологиясы дамыған ХХІ ғасырда сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылды. Республика соттарында ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі қағазбастылық пен соттардағы ұзын-сонар кезектен арылып, үйлерінен шықпай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи жобалардың игілігін көріп отыр. Енді осы жаңашылдықтарды рет-ретімен айтып өтсек.

Ең алдымен, бұл игі бастаманы Мемлекет басшысы судьялардың VI-съезінде көтерген болатын. Сол алқалы жиында Елбасы: «Сот төрелігіне азаматтардың қалың тобының қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Соттың іс қарау хаттамасын толық және сапалы қамтамасыз ететін тетік ретінде сот процесінің электронды тіркелімін жаппай енгізген жөн. Бірінші сатыдағы барлық соттарды бейнеконференция байланысымен қамтамасыз ету қажет. Бұл сот төрелігін қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда аумақтық тұрғыдағы және ұйымдастырылған кедергілерге тап болуға тиіс емес», - деген болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде еліміздің барлық соттарында арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейін сот ісін жүргізу процесі түгелдей дерлік электронды форматқа көшірілді.

Республикадағы барлық соттардың қызметі туралы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ақпарат ұсынатын Жоғарғы Соттың www.sud.gov.kz ресми веб-сайты азаматтардың сот қызметін электронды сервис арқылы алуына оңтайлы мүмкіндік туғызды. Орташа есеппен алғанда тәулігіне 6 мыңға жуық адам қарайтын Жоғарғы Соттың сайтында 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Осы сервистің арқасында электронды цифрлық қолтаңбаға ие азаматтар қазіргі таңда үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуде.

«Сот кабинеті» адвокаттар мен заңды өкілдер қызметінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтуға жәрдемдесуде. Аталған сервиске деген сұраныс күн санап артып келеді. Біздің бұл сөзімізге жақында ғана, яғни 11 шілде күні «Сот кабинеті» сервисінің 2 миллионыншы электронды құжатының тіркелуі дәлел болып табылады.

2017 жылдың 6 айында «Сот кабинеті» сервисі арқылы 521 473 құжат электронды түрде тапсырылды, соның ішінде, 296 681 талап арыз, 13 259 апелляциялық, 2 319 кассациялық өтініш келіп түскен. Аталған сервис ұсынатын қызмет түрлерінің қатары да артуда. Мәселен, азаматтар осы жүйенің арқасында жеңілдетілген тәртіппен шығарылған шешімнің күшін жою, мемлекеттік баж салығын қайтару, үкім орындауға жіберілгенге дейін сотталған адаммен кездесу, аудио-, бейнетіркеудің көшірмесімен танысу туралы өтініштер жолдай алады. Бұған қоса, азаматтар соттарға осы сервис арқылы атқару парағын әділет органдарына немесе жеке орындаушыға жіберу туралы өтінішпен жүгінуде.

Азаматтардың сот актілерімен танысу бойынша сұранысы ескеріле отырып, 2017 жылдың 4 қаңтарынан бастап «Жаңа сот актілерінің банкі» атты кеңейтілген сервис пилоттық режимде іске қосылды. «Жаңа сот актілерінің банкі» сервисі арқылы 2013-2017 жылдары шығарылып, заңды күшіне енген сот шешімдері мен үкімдерін іздеуге болады. Жаңа сервистің интерфейсі арқылы тұтынушылар сот шешімдері (үкімдері) мен қаулыларына облыс, сот органы, сот процесінің қатысушысы, шешім (үкім) шыққан күні, сот ісін жүргізу түрі, істің санаты, сот сатысының түрі және қарау нәтижесі секілді критерийлер арқылы қол жеткізе алады.

Қылмыстық процестің сапасын арттыруды мақсат тұтқан Жоғарғы Сот жақында тергеу әрекеттерін электронды санкциялау бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Қылмыстық істі электронды жүйеге енгізу жобасы Астана қаласы Алматы ауданының №2 сотының базасында іске асырылды. Жоба шеңберінде Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі мен Сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдамалық жүйесі интеграцияланды.

Жоба Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі арқылы тергеу және анықтау органдарының өтінішхатты қосымша материалдарымен бірге прокурорға келісу үшін электронды түрде ұсыну тәртібін регламенттейді. Егер өтінішхатты прокурор қолдаған жағдайда материалдар тергеу судьясына қарау үшін жолданады, оның нәтижесі бойынша прокурор мен сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын тұлға тергеу судьясының уәжделген хаттамасына электронды түрде қол жеткізе алады. Аталған жоба тергеу әрекеттерін санкциялау туралы материалдарды ұсыну және оның нәтижесін білуге кететін уақытты барынша қысқартуға, сондай-ақ, қылмыстық процесті жеңілдетіп, оның сапасын арттыру мүмкіндік беріп отыр.

Электронды сот төрелігі бағытындағы келесі жаңашылдықтардың бірі – сот бұйрығын шығару туралы арыздардың электронды түрде қаралуы. Сот бұйрығы дегеніміз – борышкерден ақшаны өндіріп алу және жылжымалы мүлікті талап ету туралы арыз негізінде борышкер мен өндіріп алушыны сотқа шақырмай-ақ және сот талқылауын өткізбей-ақ шығарылған сот актісі.

Ағымдағы жылдың 1 ақпаны мен 31 наурызы аралығында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында азаматтардың сот бұйрығын шығару туралы арыздарының тек қана электронды түрде қабылдауына негізделген пилоттық жоба сынақтан сәтті өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Азаматтық процестік кодекстің 136-бабына сәйке, сот бұйрығын шығару туралы арыз сотқа жазбаша немесе электронды құжат нысанында беріледі. Осы ретте сотқа өтініш қағаз нұсқада келіп түскен жағдайда арыз бен оған қоса берілген құжаттар сканерден өткізіліп, «Төрелік» ақпараттық жүйесіне жүктеліп, судьяға қарау үшін электрондық нысанда жолданады. Судьяның сот бұйрығын шығару туралы арызды қарауы, сот актісінің әзірленуі, орындауға жолдауы тек электронды негізде жүргізіледі. Осылайша, бұйрық арқылы істерді қарауды 100 пайызға электронды нысанда жүргізу нәтижесінде азаматтардың уақыты мен қаржысы айтарлықтай үнемделіп, сот қызметкерлерінің жүктемесі қысқарып, қағаз нұсқадағы құжат алмасу көлемі барынша азаятын болады.

Жоғарғы Сот ұсынатын электронды қызмет түрлері бұлармен шектелмейді. Халық үшін тиімді жобалардың қатарында сот практикасының қорытулары мен сот актілері дерекқорын, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын пайдалануға мүмкіндік беретін «Талдау» форумын, сотқа талап арыз, апелляциялық, кассациялық өтінішхат беру кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуге арналған «Электронды үкіметтің төлем шлюзі», «Төрелік» сот органдарының ақпараттық-талдамалық жүйесін, «Сотқа шақырту қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарлама бойынша сот құжаттарын көру» сервистерін атап өтуге болады.

Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында республиканың барлық сот залдары аудио-бейнетіркеу жүйесімен, соның ішінде, бейнебайланыс құрылғыларымен 100 пайызға жабдықталды.

Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің бейнежазбаны тоқтата тұруына немесе аудио-бейне тіркеу материалдарын редакциялауына жол жоқ. Сот процестеріне аудиобейнетіркеу жүйесін енгізу нәтижесінде азаматтар мен ұйымдардың уақыты мен бюджет қаржысы үнемделіп, сот процесіне қатысушылардың тәртібі күшейді.

Бейнебайланыс жүйесі сот төрелігін қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, қазіргі таңда еліміздегі соттар басқа өңірдегі адамнан қашықтан куә ретінде жауап алу мүмкіндігін ұтымды пайдлануда. Сұрақ-жауап алынатын адамның жергілікті сотқа келіп, сол жерде бейнебайланыс арқылы тиісті сотпен байланысқа шықса болғаны. Мұндай куәлік ету заңды болып табылады және сот тарапынан толық көлемде ескеріледі.

Бұған қоса, бейнебайланыс жүйесі бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған сотталған немесе тергеуде жүрген адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу үшін қолданылады. Осы жүйені қолдана отырып, жергілікті соттар биылғы жылдың алғашқы 6 айының өзінде 984 сот отырысын өткізіп, 9 589 материалды қарады. Аталған инновациялық жобаның арқасында сотталған адамдарды тасымалдау барысында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алу мүмкін болып отыр.

Қорыта айтқанда, электронды сот төрелігін дамыту бойынша Жоғарғы Соттың бүгінгі ілкімді бастамаларының келешегі зор және бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Елбасы Жолдауы негізінде іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен толық үйлесім тауып отыр.