Жоғарғы Соттың судьясы Д.Нұралин: «Тәуелсіз сот билігі – әлеуетті мемлекет негізі», «Zakon.kz», 29.05.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгінгі күні дыбыс-бейне жазу құралдарымен еліміздегі соттар 100 пайыз толық жабдықталған.

«Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады» Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабы 1,2-бөліктері.

Сот реформасын әрі қарай жетілдіру мәселесі қазіргі таңда еліміздің экономикасында, әлеуметтік салада, тұтас әлемде шұғыл түрде жасалып жатқан бетбұрыстар, жаңа бағыттар мен өзгерістерге байланысты туындап отыр. Тәуелсіз сот төрелігін толыққанды орнату сот жүйесі қызметінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды дұрыс қолданудағы пәрменділігін арттыру қажеттілігінен туындайды.

Ата Заңымыз-Конституцияның 13 және 14 баптарындағы «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»-деген қағидалар - еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттар. Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары - Қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында сот реформасының маңызын айта келе «Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі»-деп атап көрсетуі мемлекеттің одан әрі дамуындағы соттың ерекше ролін көрсетеді.

Сот төрелігін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында еліміздің құқықтық қызмет жүйесіне түбірлі өзгерістер әкеліп отырған Азаматтық процестік кодексі және «Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» заңдардың жаңа редакциясы қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық процестік кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Осы көрсетілген заңдар аясында еліміздің азаматтары өз құқықтарын сот жүйесінде қорғауға толық мүмкіндіктері бар.

Жалпы қандай мемлекетте болмасын қоғамда заңдар орындалып, әділеттілік үстемдік құруы үшін сот корпусы жоғары моральдық қасиетке ие, шын мәніндегі білікті мамандардан құралуы керек. Ұлт Жоспарында көрініс тапқан міндеттердің бірқатары осы сапалы сот корпусын қалыптастыруға арналып отыр. Нақтырақ айтқанда, ондағы он жетінші қадамда сот лауазымына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары қатайтылып, кадрларды іріктеудің нақты тетіктері қамтылды. Соларға тоқталып өтетін болсақ, енді аудандық соттың судьясына Қазақстан Республикасының азаматтары нақты бекітілген өлшемдер бойынша тағайындала алады. Олар бойынша алдымен судьяға үміткердің жиырма бес жасқа толуы, екіншіден жоғары заңдық білімі, үшіншіден биік адамгершілік қасиеттерге және мінсіз азаматтық абыройға ие болуы керек.Үміткердің сонымен қатар бес жылдан кем емес сот кызметімен байланысты және он жылдан кем емес заңгерлік мамандығы бойынша жұмыс өтілдері қажет. Бұл ретте оның сот саласында кеңесші, хатшы, судья көмекшісі сондай-ақ прокурор мен адвокат болып атқарған қызметтері жөнінде айтылып отыр. Үміткердің медициналық тексерістен өтіп, судьяның кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтірмейтін сырқаттан ада екендігі куәләндіруі тиіс. Бесіншіден, азамат негізгі қызметінен қол үзіп, ақысы төленген бір жылдық тағылымдамадан өтіп, оның нәтижесі бойынша облыстық пленарлық отырыстың жағымды корытындысын алу керек. Алтыншыдан, азамат психологиялық тест, полиграфиялық зерттеуден өту керек. Біліктілік емтихандарынан өту шаралары үш кезеңді қамтиды. Олар Қазақстан Республикасы заңдарын білу және оларды тәжірибеде қолдана алу қабілеті деңгейін компьютерлік тестілеу, үміткердің      сот тәжірибесіндегі нақты жағдайлар бойынша өз білімін қолдана алу мүмкіндігін тексеру және психологиялық тестілеу.      

Қазіргі кезде Сот жюриінде біліктілік және тәртіптік бағыттағы екі комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Әрбір комиссияның құрамына аудандық, облыстық және Жоғарғы Соттың судьялары енгізілген. Бұл жүйе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Стамбул жоспарын орындау мақсатында құрылды. Мұндай тәсіл комиссиялардың жұмысын неғұрлым ашық, жариялы етумен қатар оның шешімдеріне судьялардың сенімін арттырады.

Біліктілік комиссиясы жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби кызметін бағалау шарасын жүзеге асырады. Бүл ретте негізінен судьялардың кәсіби білім деңгейі мен оны сот төрелігін жүзеге асыруда қолдана білу қабілеті ерекше назарға алынады. Сол секілді сот кызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттері мен оның заңнама және Судьялардың әдеп кодексінің талаптарына сәйкестігін де зерделеу осы комиссияның құзырына жатады.

Судьялардың кәсіби қызметіне баға алдымен судья болып қызмет атқарған алғашқы жылдағы жұмысының нәтижелері бойынша беріледі. Одан соң ол әрбір бес жыл сайын және егер судья жоғары тұрған соттың судьясы лауазымына, сот төрағасы, сот алқасының төрағасы лауазымдарына жарияланған конкурстарға қатысқан жағдайда беріледі. Кәсіби қызметін кезеңдік бағалаудан тек жиырма және одан да көп судьялық өтілі бар судьялар ғана босатылады.

Тәртіптік комиссия судьяның орнынан түсіру шарасын растау, судьяға қатысты тәртіптік мәселе козғау шараларын да қарастыратын болады. Судьяға қатысты материалдарды тәртіптік комиссияда қарау облыстық сот пен Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төралқасының шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Сол секілді Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауына да жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негіз болады.

Судьялар есептілігінің күшеюі, жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін кезендік бағалау, азаматтарға судьялардың әрекетіне қатысты Сот жюриіне шағымдану мүмкіндігінің берілуі судьялардың кәсіби тәртібін нығайтуға, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға және осылардың нәтижесінде тұрғындардың сот жүйесіне деген сенімін арттыратынына сенім зор.

Судьялардың жұмыста және қызметтен тыс уақыттағы жүріп-тұруын регламенттейтін және мінез-құлқының Банголор қағидаттарына және үздік халықаралық тәжірибеге негізделген судьялардың жаңа Әдеп кодексі Судьялардың жетінші съезінде қабылданып, қазіргі таңда қолданысқа енгізілді. Сот төрелігі институты Сот төрелігі академиясы болып қайта құрылып, Жоғарғы Соттың қарамағына беріліп отыр. Академияның негізгі бағыттары Жоғарғы оқу орындарынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асырумен айқындалады. Олар: жоғарғы оқу орындарындағы оқудан кейін магистратурада мамандандындыру, сот саласы қызметкерлерінің кәсіптік біліктілігін арттыру және сот қызметі жүйесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Өткен жылдары соттарда бес сатылы жүйе болатын. Атап айтар болсақ, олар-бірінші сатыдағы аудандық, қалалық, мамандандырылған ауданаралық соттар, облыстық соттарда апелляциялық және кассациялық сот алқалары және Жоғарғы Сотта қадағалау алқасы және заңда көзделген ерекше жағдайларда жалпы отырыста іс қаралатын жүйе. Қазіргі заңдағы өзгерістерге сай еліміздің сот жүйесі аудандық, қалалық, мамандандырылған бірінші сатыдағы соттар, екінші саты - облыстық соттардағы апелляциялық алқалар, үшінші саты - Жоғарғы Соттағы кассациялық алқалар болып отыр. Бұл шараларды жүзеге асыру заңнамалық түрде Азаматтық процестік және Қылмыстық процестік кодекстерде бекітілген. Сот актілерін қайта қарауды жүзеге асыратын әрбір саты үшін құқықтық тұрғыда белгілі шектеулер белгіленді. Аппеляциялық сот сатысы сот актілерін толықтай қайта қараумен айналысады. Ол дәлелді себептерге байланысты бірінші сатыға ұсынылмаған айғақтарды қабылдай алады. Бұл сатыда сот актілерін кайта қарау үшін үш судьядан тұратын алқалық құрам көзделген. Қылмыстық істерге қатысты тергеу судьясының қаулылары, қылмыстық қылықтар, ауырлығы орташа қылмыстар және үкімдерді орындау мәселелері жеке дара қаралады. Қалған істерді қарау бәрі алқалық құрамда жүзеге асырылады.

Ал, кассациялық сатыда, яғни Жоғарғы Сотта заңдық күшіне енген сот актілері және құқық мәселелері бойынша ғана тексеріс жүзеге асырылады. Азаматтық істер бойынша өтініш беру алты айға, қылмыстық істер бойынша жазаны қатайтуға қатысты өтініш беру бір жылға қысқартылды. Ал жеңілдету бойынша өтініш беру мерзіміне ешқандай шек қойылмаған.

Қазақстан сот жүйесінің сатыларын азайту - ол қоғамның сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды шара. Шын мәнінде қысқарған үш сатылы сот жүйесі заң шеңберінде тез арада шешім қабылдау мақсатын көздейді. Апелляция осы шешімді тексеріп, заңдастырады және шешім заңды күшіне енеді. Осыған байланысты сотқа жүгінген тұлғаларды, тараптарды ұзақ уақыт әуреге салудан, арыздардың көп тууынан сақтайды. Сонымен қатар үш сатылы сот жүйесі апелляциялық алқалардың бірінші сатыдағы соттар жіберген кемшіліктерін, қателіктерін дер кезінде анықтап, оларды түзете алатындығымен ерекшеленеді. Ол үшін апелляциялық алқаға қылмыстық процестік кодексте көрсетілгендей толық мүмкіндік берілген. Егер бірінші сатыдағы сот кейбір дәлелдемелерді әр түрлі себептермен зерттей алмаса, осы дәлелдемелер апелляциялық алқада қаралып, басқа да істегі материалдармен бірге есепке алынады.

Жоғарғы Соттағы кассация төмендегі сатылы соттардың жіберген өрескел қателіктері болса ғана іс бойынша шығарылған шешімдерді қайта қарайды. Бұрынғы жүйеден айырмашылығы - келіп түскен кассациялық шағымды Жоғарғы Сот судьясы алдын ала өзі қарайды. Егер қайта қарауға негіз болса, кассациялық алқаға өз қаулысымен жолдайды. Сот үкімі, қаулысы заңды болса судья қаулыда тұлғалардың шағымдағы уәждерінің негізсіз екендігін айқындайды.

Сот практикасы көрсетіп отырғандай, өткен 2016 жылы жаңа реформаларды іске асыру жолында елімізде сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу тәртібімен қаралған қылмыстық істердің саны 14 пайызға, келісімдік іс жүргізу тәртібімен аяқталған істер 10 пайызға, қысқартылған тәртіппен қаралған істер екі есе көп мөлшерге артып, ақтау үкімдерінің саны 19,2 пайызға көбейді.

Сол секілді Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің шеңбері кеңейтілді. Мысалы: жаңа заңда адамды ұрлау, саудаға салу, кәмелетке толмағанды саудаға салу, егер осы қылмыстар ұйымдасқан топпен жасалса, не абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, осындай қылмыстық істер бойынша сот процестері алқабилердің қатысуымен өткізіледі. Мысалы, өткен 2016 жылы алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық істер 11,9 пайызға көбейді.

Айыптау мен қорғау арасындағы тепе-теңдікті үйлестіру бағытында тергеу судьясына әрі карай да тергеу іс-шараларына санкция беру мәселесі шешімін табуда. Осы шараларды заңды пайдалану арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселесі тергеу судьялары арқылы шешіледі.

Қолданыстағы Қылмыс процестік кодексте сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясымен жүзеге асырылатын өкілеттіктері кең көрсетілген. Тергеу судьясы қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын жүзеге асырады.

Оның құзырына күзетпен ұстауды санкциялау; үйқамақты санкциялау; лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау; күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарау және т.б кіреді.

Жоғарғы Сотта жаңа құрылған алқа шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаган құқықтық даулар бойынша әділ шешім шығару міндетін жүзеге асырады. Нақтырақ айтар болсақ, ірі инвесторлардың қатысуымен ннвестициялық даулар жөніндегі азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттың тәртібімен қарайды, сондай-ақ Астана қалалық сотының соттылығына жататын инвестициялық даулар бойынша сот актілерін апелляциялық тәртіпте қайта қарайды.

Осы ретте Жоғарғы Соттың жанынан Халықаралық Кеңестің құрылуын айрықша атап өткім келіп отыр. Бұл Кеңес сот төрелігінің отандық жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты сарапшылық кеңестер берумен айналысады. Оның құрамына қазақстандық ғалымдармен қатар, шетелдік беделді судьялар мен заңгерлер кірген. Кеңесті Жоғарғы Сот Төрағасы басқарады. Оның мүшелері бір жылдық мерзімге сайланады. Кеңес отырысы жылына кем дегенде екі рет өтеді. Кеңесті құру кезінде Республика Президентінің жанындагы Шетелдік инвесторлар кеңесінің, сондай-ақ ел Үкіметі жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің оң тәжірибесі ескерілді.

Бүгінгі күні дыбыс-бейне жазу құралдарымен еліміздегі соттар 100 пайыз толық жабдықталған. Осы заманымызға лайықты техника жетістіктері сот процесінің өту барысын түгел жазып отырады. Сондықтан осы жағдай сот процесіне қатысушыларды тәртіпке баулиды, орынсыз арыздардың болуын тежейді, тараптардың, тұлғалардың, прокурордың, қорғаушының істегі дәлелдерді тексеруге қатысуына мүмкіндік туғызады. Сонымен катар, сот талқылауларының ашық, жариялы болуын қамтамасыз етеді.