Жоғарғы соттың судьясы Е.Әріпов: «Басты құндылық – адамдардың құқықтары мен бостандықтары», А.Тасболат, «Егемен Қазақстан», 19.09.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа салаларындағы оң өзгерістермен қатар, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қам­тамасыз ететін заңнамаларды жетілдіру ойдағыдай жүргізіліп, соған сәйкес сот-құқықтық реформалар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері қабылдануымен ұлттық құқық жүйесі халықаралық стандарттарға ұштастырылып, қыл­мыс­тық құқық саласының дамуына үлкен қадам жасалды. Тергеу судьясы, процестік келісім, айғақтарды сақтау, қылмыстық теріс қылық, т.б. заманауи жаңа институттар мен новеллалар күнделікті ұғымдарға айналды. Сот төрелігін атқару үш буынды жүйеге көшіп, сот сатылары оңтайландырылды. Осы және басқа да мәселелерге байланысты біз Жоғарғы соттың судьясы Ерден Әріповке жолығып, сот-құқықтық реформалар бағытындағы жаңа өзгерістер туралы айтып беруін сұрадық. 

Ерден Рауанұлы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сот жүйесі мен бар­­лық құқық қорғау орган­дарын заң­дар­ды мүлтіксіз орын­дауға бағыттап, сот-құқықтық реформа­сы­ның жаңа саты­сына бастама берге­ні белгілі. Осы рефор­ма­ның мән-маңызына тоқталып өтсеңіз.

– Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері жөнін­де өткізілген кеңесте Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру ая­сында заңның үстемдігін қамта­ма­сыз ету­дің маңыздылығына назар ауда­рып, қыл­мыстық қудалау жүйесін жаң­ғыртудың базалық бағыттарын жетіл­діру жөнінде мәні зор мәселе көтерді. Солар­дың қата­рында, қылмыстық процесте аза­мат­тардың құқын қорғау деңгейін арт­тыру, тергеу жүргізу тәртібін оңтай­лан­дыру, қылмыстық процестегі жарыс­палылықты, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейту және қылмыстық қудалау, прокуратура мен сот органдары арасындағы өкілеттіктердің қайталануын болдырмау және оларды нақты бөлу қажеттілігін атап өтті. Қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру, яғни жаңғырту адам­дар­дың конс­титуциялық құқық­тары мен бостан­дық­тарын қорғау тетік­терін күшейтуге және оны дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара. 2008 жылдан бастап, күдіктіні, айыпталушыны қамауда ұстауды санкциялау ғана соттарға берілсе, бүгінгі күні басқа да бір­қатар тергеу амалдарын санкция­лау сот құ­зырына өтті. Ұлт жоспарының 22-ші қадамын орындау мақсатына сай қабылданған бұл іс-шаралардың нәти­жесінде тергеу судьяларының қарауына түскен материалдардың 2015 жылдың осын­дай кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсуі, бұл институтқа деген халық­тың сенімі­нің бірден-бір дәлелі.

– Бүгінгі таңда елімізде жасырын тергеу әрекеттері прокурордың санк­циясы негізінде ғана жүзеге асы­рылуда. Мұндай тәртіп халық­аралық сарапшылардың сынына ұшырағандықтан, бірнеше рет бұл заң нормаларын халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендіру туралы ұсыным­дар жолданған еді. Бұған не дейсіз?

– Расында, бұл мәселеге тереңірек қара­ған дұрыс. Ана алыс шетелдерді алма­ған­ның өзінде, біздің бұрынғы одақтас көршілеріміздің көбі бұл тер­геу амалдарын санкциялауды сот бақы­лауына әлдеқашан-ақ берген. Мысалы, Латвияда барлық осындай әрекеттер (олардың саны 11) тек қана сот шешімі негізінде жүргізілсе, Украинада 12 әре­­кеттің 9-ына сот санкция береді. Мол­­дова, Литва, Эстония және т.б. мем­ле­кеттерде де осындай тәжірибе қалып­тас­қан. Бұл тұрғыдан алғанда жасырын тергеу әрекеттерін сот арқылы санк­ция­лауды шешу, кейінге қалдыруға бол­май­тын мәселе. Өйткені, ол адамдар­дың конс­титуция­лық құқықтары мен бостан­дықтарын тиім­ді қорғауға мүмкіндік беру тетігі ғана емес, сонымен қатар қылмыстық ізге түсу, қуда­лау органдары қызметін объективті түрде бағалау нысаны. Осыған сәйкес тағы бір мәселе – ол про­цестік әрекеттерді санкциялау жө­нін­дегі материалдардың басым көп­ші­лігі­нің тікелей тергеу судьясына жол­дануына қатыс­ты. Мұндай тәртіп тек азаматтарға ғана емес, қылмыстық қуда­лау органдарына да қолайлы бола­тыны сөзсіз. Бұған қоса тағы бір толған­дырып отырған мәселе – ол сот бақы­лауымен тығыз байланысты. Өйт­ке­ні қазіргі қолданыстағы ҚПК-нің 131-бабы­ның 4-бөлігіне сай, күдіктіні соттың санк­циясынсыз 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады. Ал кейбір елдерде бұл мер­зім 24 сағатқа, басқаларында 48 сағат­қа дейін шектелген. Қылмыстық процесті жетіл­діруге бағытталған іс-шараларды орын­дау барысында сезікті адамды ұстауды 48 сағат­қа дейін шектеу, ал ерекше жағдайларда ғана оны 72 сағатқа ұзарту қарастырылуда.

– Дұрыс екен. Бірақ, сонымен қатар, қазіргі өзекті мәселелердің бірі – ол қамау түріндегі бұлтартпау шарасының қол­дану негіздерін қысқарту бағыты болып табылады дейміз. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл тұрғыда кәсіпкерлікке қатысты құқық бұзушылықтар бойынша қамауды ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қыл­мыстық қауымдастықтардан бас­қа­лар­ға қол­данбау ұсынылуда. Ол құп­­тар­лық ұсы­ныс, өйткені мұн­дай құ­қық бұзушылыққа қатысты сезік­ті адам­дардың басым көпшілігі бұ­рын қылмыс­тық жауапкершілікке тартыл­маған, қоғамға қауіпті емес, тұрақты мекен-жайлары бар тұлғалар. Сондықтан да олар­ға қатысты қамау түріндегі бұл­тарт­пау шара­сын қолданудың қажеті жоқ.

– Әр тараптың негізгі мақсаты сот­қа барлық қажетті дәлелдерді ұсыну, ұстанымдарын айқын баян­дап, құқық­тық тұрғыдан оларды негіздеу ғой. Сол себепті, тараптардың бәсекелестігін арт­тыру мақсатында, шетелдердің озық тәжі­рибелеріне сүйе­ніп, қылмыстық про­цес­ті жетіл­діру шеңберінде адво­кат­тардың өкілет­тіктерін әрі қарай кеңей­ту жол­дары қарастырылуда емес пе? –

Иә, мұндай шаралар айыптау ұс­танымынан бет бұрып, шынайы жа­рыс­палылықты – процестік бәсеке­лес­тікті қамтамасыз етеді деген үміт­теміз. Жаңа­дан қолданысқа енгізіл­ген Қылмыстық-процестік кодекс адвокат­тарға күдікті, айыпталушыны қорғау үшін көптеген жаңа мүмкіндіктер берді. Мысалы, ҚПК-нің 55-бабы сотқа дейін­­гі өндірісте тергеуші адвокаттың қыл­­мыс­тық іс үшін маңызы бар кейбір талап-тілектерін қамтамасыз ету туралы сұра­­ныстарын орындаудан бас тартқан не­месе заңда қаралған мерзім ішін­де қабыл­дамаған жағдайда, оның уәжді өті­ніш­­хаты бойынша бұл мәселелерді тер­геу судья­сы арқылы шешуге мүмкін­дік берді. Әрине, қылмыстық процестің ірге­лі қағи­датының бірі – тараптардың жарыс­палылығы екені белгілі. Осыған орай келесі бағыт – қылмыстық процестегі тараптардың бәсе­келестігін арттыру, адвокаттардың рөлін барынша көтеруге қатысты болмақ. Ол, бір жағынан айыптау және қорғау тараптардың тең құқықтары мен тең мүмкіншіліктеріне негізделсе, екінші жағынан, олардың өз тұжырымдарын дәлелдеу міндеттерін де айғақтайды. Бірақ, тәжірибе көрсет­кен­дей, қолданыстағы процестік заңда қарас­тырылған мүмкіншіліктер тарап­тар­дың жарыспалылығын, яғни бәсе­келес­тігін қам­тамасыз етуге әлі де жеткі­ліксіз. Ұсыныл­ған іс-шаралармен қоса, адвокатура мен өкіл­дік институт­тарын түбегейлі реформалау да талқылануда.

– Қылмыстық процесті оңтайлан­дыру мәселелеріне қатысты ой-пікіріңізбен кеңірек бөліссеңіз, өйткені кейбір Еуропа елдерінде қылмыстық-процестің тиімділігі үшін «бұйрықтық өндіріс» деген қолданылады ғой.

– Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық-про­цестік кодексте де қылмыстық үр­діс­ті жеңілдететін өндірістер көздел­ген (мыса­лы, айыпты мойындап, дә­лел­­демелер дау­лан­баған жағдайда, процестік келісім­нің қолданылуы). Бұл бағыттағы пайдалы үрдісті әлі де жандандыру қажет. Оған түрткі болып отырған дамыған еуропалық елдерде қолданылып жатқан өндірістер, соның бірі – бұйрықтық өндіріс. Мысалы, Эсто­нияда бұйрықтық өндіріс айқын қылмыстық құқық бұзушылықтар бойын­ша қолданылып, процестік тиімділік бе­ріп келеді. Мұндай өндіріс сот отыры­сын өткізуді, дәлелдемелерді тура сот мәжілі­сінде зерттеуді қажет етпейді. Судья, жи­нақ­­талған құжаттарға сүйеніп, үкімді тараптардың қатысуынсыз бұйрық түрінде шығарады. Осыған ұқсас өндіріс Германияда (онда суммарлық өндіріс деп атала­ды) және басқа да көптеген елдерде қалып­тасқан және мұн­дай процестік тәртіп қылмыстық кеңіс­тікке тартылған адам­дардың құқық­тары­на нұқ­сан келтір­мейтіні сөзсіз. Бірақ та, бас­қа ел­­дің мұндай тәжірибесін өзгеріссіз біз­­дің ұлт­тық заңнамаға енгізудің қажет­тілігі жоқ. Қыл­мыстық іс жүргізу қыз­метін барын­ша жеңіл­дету мақсатында олар­дың озық үлгілерін, сол сияқты өз мем­ле­кеті­міздің құқық­тық процесінің ерекше­лік­терін еске­ріп, осындай бұйрықтық өнді­ріс­ті қыл­мыс­тық теріс қылықтарға, мүм­кін бол­са, онша ауыр емес санаттағы қыл­мыс­­­тарға да қолдану мәселесі де бел­сенді түрде талқылануда. Қылмыс­тық-про­цес­­тік заңнаманы заман талабы­на қарай жетіл­діру Конс­титу­ц­ия­мыз­да бекітіл­ген адам­дар­дың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау­дың бірден-бір кепілі болары анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТ