Ақмола облысының судьялары мен прокурорлары прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысу мәселесін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотында судьялар мен прокурорлар «дөңгелек үстелде» прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысу мәселесін талқылады.

Облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров «дөңгелек үстелдің» жұмысын аша келе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 19 қадамы заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталып, құқық қорғау органдары мен соттардың барлық мәселелерін қамтығанын атап өтті. «Нақты айтқанда 26-шы қадамда сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту көзделген. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан судьяларының жетінші съезінде сөйлеген сөзінде қоғам және жеке мүдделер арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мәселесіне көңіл аударды», - деді Д.Әміров. Д.Әміров «Тараптардың бәсекелестігі мен диспозитивтік принципінің нығайтылуы, шаруашылық субъектілерінің экономикалық қарым-қатынасын дамыту, әралуан жеке меншік нысандар азаматтық процесте прокуратураның құрылымы мен рөлін айтарлықтай өзгертті. Азаматтық-құқықтық дауларды шешу кезінде прокурордың қатысуының қысқаруы – сот процесін жеделдету мен рәсімдерді одан әрі оңтайландыруға арналған қадам», - деп атап көрсетті.

«Дөңгелек үстелде» облыстық соттың судьясы Алтын Шойынбекова «Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге міндетті және факультативті қатысуы. Салыстырмалы – құқықтық талдау», облыстық соттың судьясы Сәуле Қияшева «Азаматтық істі қарау кезіндегі прокурордың қорытындысы», облыс прокуратурасының басқарма басшысы соттарда мемлекеттің мүддесін қорғау бойынша өкілі Мұрат Әбішев «Азаматтық процесте прокурордың қатысуы» тақырыбында баяндамалар жасап, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Мейірбек Байгелов және Көкшетау қалалық сотының төрағасы Ринат Шақуанов 2017 жылдың өткен мерзімінде соттарда прокурордың қатысуымен қаралған істердің талдауын талқылауға ұсынды.

Баяндамаларда атап өтілгендей, республика бойынша көрсеткіштермен салыстырғанда Ақмола облысында азаматтық процесте прокурордың қатысуы бойынша көрсеткіш жоғары, осыған орай аталған мәселеге ерекше көңіл аударып шаралар қабылдау қажет деп айтылды.

Талқылауды қорытындылай келе, облыстық соттың төрағасы «дөңгелек үстелге» қатысушылардың ұсыныстары мен ойларын ескере отырып, прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуын қысқарту мақсатында прокуратура мен соттың одан әрі әрекеттесуі бойынша ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі