Алаяқтардан соры қайнады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алаяқтық жасалған жерде алдау-арбау сынды арсыз қасиеттер көрініс беретінін өмірлік тәжірибе әуел бастан дәлелдеп қойған. Бұл індетпен күрес бүгінгі таңда әлемдік сипат алуда. Сондай жағымсыз жайттың бірі Батыс Қазақстан облысында орын алып, аудандық сот екі адамға қатысты үкім кескен. 

Оқиға желісін тарқатсақ, адвокат пен оның досы алаяқтық жолмен Батыс Қазақстандық бизнесменнің Орал қаласындағы үш бөлмелі пәтері мен 260 мың АҚШ долларын заңсыз иемденген. Олар бизнесменге банк арасында шиеленіскен мәселені шешіп береміз деп уәде берген. Ақыры ол кепілдікке кәсіпорынның мүлкін қойып, банкіден несие алып, түрлі жағдайларға байланысты оны уақтылы төлей алмаған. Соның салдарынан банк кәсіпорынның мүлкін сауда-саттыққа қойып, сатып жіберген. Бұндай шешіммен келіспеген ол талап арызбен сотқа жүгінген. 

Тығырыққа тірелген кәсіпкердің мәселесін жедел арада оның пайдасына шешетіндігін айтып, одан олар 300 мың АҚШ долларын талап еткен. Оңай олжаны иеленіп, қалтасын қалыңдатқысы келген олар кәсіпкерге қысым көрсеткен, ақыры ол оларға 260 АҚШ долларын беріп, өз туысының үш бөлмелі пәтерін адвокаттың атына жазып берген.

Айтқан серттен тайып, айтқан уәделерінде тұрмаған олардың іс әрекетіне көңілі толмаған жәбірленуші құқық қорғау органына шағымданған. Тергеу барысында адвокаттың досы кісі жалдау арқылы кәсіпкерді өлтірмекші болған.    Алайда, оның бұл ойы іске аспаған.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот адвокатты  ҚР ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігі бойынша  кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 4 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім етті.

Ал, оның досына  ҚР ҚК-нің 177-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 13 жылға бас бостандығынан айыру, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу тағайындалды.

Сонымен қатар, сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырып, сотталушылардың әрқайсысынан 19 миллион теңгеден өндірді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі