Алматы қалалық сотында сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында сот бақылауын дамыту мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы қалалық сотында қалалық адвокаттар алқасымен  өзара ынтымақтастық туралы қол қойылған  меморандум аясында «Сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында сот бақылауының даму келешегі»  атты тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді.

Іс-шараға Алматы қалалық сотының төрағасы  Н.Әбдіқанов, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Б.Қараманов, қалалық сот судьялары, қалалық адвокаттар алқасының өкілдері, аудандық және оған теңестірілген соттар судьялары қатысты.

Алматы қалалық сотының төрағасы Н.Әбдіқанов  аталмыш «дөңгелек үстел» қатысушыларына алғысөз айта келе,  бұл тақырып мәселелердің талқылануы қылмыстық процестегі адам құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.

Өз баяндамасында Алматы қалалық сотының судьясы Е.Кенебаев қылмыстық процестің  жаңғырту және құқық қорғау қызметінің өзге де аспектілерін жетілдіру мәселелерін талқылады. Негізгі бағыт қылмыстық құқық бұзушылықта күдіктіні процестік ұстау мерзімін қысқартуға, электронды қылмыстық іс жүргізуді енгізуге, азаматтар құқықтарын қорғау деңгейін жоғарылату әрі жетілдіруге, сот бақылауының өкілеттіктерін кеңейтуге, құқық қорғау органдарының тәжірибесінен дәлелдемелерді жинау шеңберінен асатын іс әрекеттерін  алып тастауға, ауырлығы төмен қылмыстық теріс қылықтар үшін қылмыстық іс жүргізуді бұйрықтық іс жүргізу ретінде жеңілдетуге бағытталған.

Алматы қалалық адвокаттар алқасы өкілдері сотқа дейінгі сатыдағы тергеушілердің іс-әрекеттеріне, яғни тергеу әрекеттерін санкциялауға байланысты шағымдарды қарау жолдарын талқылады. Адвокаттардың  заң көмегі  үшін төленетін  ақы мәселесіне айрықша назар аударылды.

Іс-шара  қорытындысында «дөңгелек үстел» қатысушылары осы саладағы жұмысты әрі қарай жетілдіруге бағытталған ұсынымдарды қабылдады.

Қайнар: 
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі