Арқалықта сот кәмелет жасқа толмаған екі жасөспірім баланың анасын жұмысқа қайта орналастырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Арқалық қаласының тұрғыны Ж. «Арқалық жылуэнергия компаниясы» мекемесіне жұмысқа қайта алу мен мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақысын өндіру туралы арызбен сотқа жүгінді.

Аталған ұйымда ол 16 жыл бойы жұмыс істеген. Әйел кәмелет жасқа толмаған екі жасөспірім баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрып, оларды жалғыз өзі тәрбиелеуде. Балаларының бірі мүгедек.

20 қаңтардан 25 ақпанға дейін кезекті еңбек демалысында болған. Жұмысқа шыққанда оған келесі күні қауіпсіздік техникасы бойынша емтихан тапсыру керектігін айтқан. Дайын болмағандықтан және балалары ауырғандықтан, ол емтиханды тапсыра алмаған. Емтиханды 16 наурызда қайта тапсырған. Алайда, сол сәтте басшылық балалы ана ретінде оған ыңғайсыз жұмыс кестесін ауыстырып қойған. Балалары қайтадан ауырып қалғандықтан, жаңа кесте бойынша әйел жұмысқа шыға алмаған. Кейін оған пошта арқылы жұмыстан шығару туралы бұйрық келген.

Басшылықтың әділетсіз шешімімен келіспеген азаматша бастапқыда өз құқығын қорғау мақсатында кәсіподақ комитетіне, кейіннен сотқа жүгінген.

Арқалық қалалық соты барлық мән-жайды ескере келе, азаматша Ж.-ның жұмыстан шығаруын негізсіз деп тапты. Біріншіден, ол емтихан туралы ескертілмеген, екіншіден, жұмыс беруші жұмысшының келісімінсіз жұмыс кестесін өзгерткен, үшіншіден, хабарлама жасамай тұрып жұмыстан шығарған.  Сот еңбек заңының бұзылғанына негізге алып, азаматшаның жұмыстан босатылуын заңсыз деп таныды.

Сот шешімімен Ж. бұрынғы қызметі – «Арқалық жылуэнергия компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жұмысқа қайта алынды. Оның пайдасына кәсіпорыннан мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін наурыздан осы уақытқа дейін 397 мың теңге сомасында 4 айлық жалақысы өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі