БАҚ бас редакторлары Жоғарғы Сот Ахуалдық орталығының жұмысымен танысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Бас редакторлар клубының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға Жоғарғы Соттың судьялары Лариса Шепелева мен Денис Шипп, Департаменттің жауапты қызметкерлері де қатысты.  

Кездесу барысында БАҚ өкілдеріне Сот органдары ахуалдық орталығының жұмысы таныстырылды. Іс-шараға барлығы 25 шақты масс-медиа редакторлары қатысты.

Н.Шәріпов кездесуде Жоғарғы Сот тарапынан электронды сот төрелігін дамыту бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. Бұл жұмыстар судьялардың VII съезінде берген Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасының аясында іске асырылуда. Жаңа технологиялар ел азаматтары үшін соттар жұмысын қолжетімді әрі айқын ете түседі, сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз етеді. «Нәтижесінде мұның барлығы еліміздің сот жүйесіне деген сенімді арттырады, бұл соттардың табысты жұмысы мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі»,- деді Н.Шәріпов.

Ахуалдық орталық республикадағы 370 сотқа 700 көрсеткіш бойынша он-лайн режимде мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Ол хат-хабарларды тіркеу бойынша соттар кеңселерінің жұмысын, істер мен материалдарды автоматты бөлуді, аудиобейнетіркеу жүйесін қолдануды, сервердің барлық құрамдас бөліктерінің жұмыс жағдайын қадағалайды. Бұған қоса, киберқауіптерге дер кезінде ден қояды және республиканың барлық сот залдарындағы ахуалды жедел бақылауға алады.

Кездесу барысында БАҚ басшыларына Ахуалдық орталықтың қылмыс түрлеріне, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізу салалары бойынша шығарылған үкімдер мен шешімдердің ерекшеліктеріне қатысты сот статистикасын жинақтау мен талдау мүмкіндіктері көрнекі түрде таныстырылды. Ахуалдық орталық – соттардың барлық электронды сервистерінің мүмкіндіктерін біріктіретін ортақ шешім екендігі айрықша аталып өтілді.

Бұдан әрі іс-шара шеңберінде Бас редакторлар клубының мүшелеріне елімізде құқық жүйесінің одан әрі дамуында айрықша маңызға ие жаңа заң жобалары таныстырылды. Мәселен, Жоғарғы Соттың судьясы Л.Шепелева қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау қызметінің өзге де аспектілерін жетілдірудің негізгі мақсат-міндеттері туралы айтты. «Азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге байланысты, соның ішінде құпия тергеу әрекеттерін санкциялауға қатысты сот бақылауының салаларын кеңейту реформаның басым бағыты болып табылады. Сот  айыптау мен қорғау тараптары сотқа дейінгі тергеу барысында алға қойған барлық мәселелерді қарау және шешу функцияларын толық көлемде атқаратын болады», - деді судья.

Жоғарғы Сот судьясы Д.Шипп Әділет министрлігі әзірлеген «Заңгерлік көмек туралы» Заң жобасының ерекшеліктерін түсіндірді. Ол заңгерлік қызмет саласының сапасы мен қолжетімділігін арттыру, соның ішінде тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына, сондай-ақ шалғай аймақтарда тұратын азаматтарға осы көмектің көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында заңгерлік қызмет көрсету саласын жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. 

Кездесу барысында БАҚ редакторларының барлық сұрақтарына жауап берілді. Іс-шараға қатысушылар сот жүйесі мен масс-медиа арасындағы диалогты орнықтыруда мұндай кездесулердің маңызды екендігін атап өтті.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі