Бітімге келтіру – атадан қалған асыл мұра

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облыстық соты «Бітімге келтіру – атадан қалған асыл мұра» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев, татуластыру  рәсімдері бойынша үйлестіруші судья Гүлжахан Иманғалиева, аудандық және оған теңестірілген соттардың  судьялары, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері  қатысты.

Семинар барысында «Медиация туралы» Заңның қолдану аясын кеңейту мәселесі, қазіргі заң талабына сәйкес сот процесіндегі медиациялық бітімгершіліктің рөлі талқыланып, халық арасында  осы заңның талаптарын түсіндіру бағытындағы жұмыстарды жандандыруға қатысты нақты  ұсыныстар айтылды.

Отырысты аша келе, Ержан Қарабаев дауларды шешудің баламалы әдістерін дамыту сот жүктемесін оңтайландырудың пәрменді тәсілі екендігін айтып,  сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыруға және азаматтардың құқықтарын сотта қорғау кепілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Сонымен қатар, ол жаңа Азаматтық процестік кодекс медиация тәсілін қолдана отырып, татуластырушы судьяның, не медиатордың немесе адвокаттарының жәрдемімен дауларды реттеуді көздейтін партисипативтік рәсім арқылы тараптарды татуластыруға арналған мүмкіндікті айтарлықтай ұлғайтқандығына тоқталды.

Гүлжахан Иманғалиева сот ісін жүргізудегі даулардың жеке санаттары бойынша міндетті  медиацияны енгізу жөніндегі пилоттық жоба туралы  қатысушыларға хабарлады. Аталған жоба азаматтық істерді қарайтын ювеналдық, экономикалық, аудандық және оларға теңестірілген соттарда іске асырылуда.

Іс-шарада  Маңғыстау аудандық сотының судьясы Серікқали Бердібеков қазақ халқының ұмытыла бастаған салт-дәстүрін қалпына келтіру бағытындағы игі қадам болып саналатын қазіргі медиация рәсімі туралы, негізінен қазақ ұлты шоғырланған Маңғыстау ауданында ауыл билері мен ақсақалдары кәсіби емес медиаторлардың қызметін бұған дейін де атқарып келгендіктен, медиативтік келісімге келу жергілікті халық үшін таңсық дүние емес екенін тілге тиек етті.

Судьялар,  кәсіби  және кәсіби емес медиаторлардың көмегімен өңірде қос тараптың татуласуы негізінде ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істердің  біршама бөлігі өндірістен қысқартылғаны туралы атап өтті. Алайда, аталған санаттағы қылмыстық істердің сот ісін қарау деңгейіне дейін жетуі тараптардың медиация институты туралы сотқа дейін хабарсыз болғанын көрсетіп отыр. Осыған орай Ержан Қарабаев қатысушыларды ағайын арасындағы татулықты сақтауға негізделген, тараптардың уақытын үнемдеуге жағдай туғызып, қаржысын үнемдеуіне мүмкіндік беретін «Медиация туралы» Заңның қолданысын кеңейтіп, насихаттау жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі