Қызылорда облыстық соты татуласу және бітімге келу рәсімдерін тиімді жүзеге асыру мәселесін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Татуласу және бітімге келу рәсімдерін тиімді жүзеге асыру» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстел» жұмысына қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет, облыстық соттың судьясы Молдабек Ахметов, облыстық Ішкі істер департаментінің Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Камитбеков, облыс прокурорының орынбасары Жасұлан Еламанов, «Медиацияны дамыту орталығы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Ляззат Бақтыбаева, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев, облыстық Ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Куаныш Шүкіров, судьялар, медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуде ҚР ҚК-нің 68-бабын және АПК-нің 277-бабына сәйкес бітімге келу рәсімдерін дамыту және тиімді жүзеге асыру тәжірибесі талқыланды.

Іс-шараны ашқан Қ.Нұрышев облыс көлемінде бітімгершілік рәсімдерін насихаттап, сот процесінде тараптарға дауды медиация тәсілімен шешу құқығын түсіндіруге бағытталған жұмыстардың қарқынды жүргізілгенін атап өтті.

Шара барысында прокуратура және ОІІД-нің өкілдері кәмелетке толмағандардың қылмыстық істерін жүргізу барысында қылмыстық қудалау органдары және тергеу мен анықтау жүргізу кезінде онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша сотқа дейін ҚР ҚК-нің 68-бабына сәйкес ҚР «Медиация туралы» Заңын қолдану барысы мен статистикалық деректерді айтып өтті. Ал, сотқа дейін және сотта ҚР «Медиация туралы» Заңының жүзеге асырылу кезінде туындап отырған кедергілер мен оларды шешу жолдарының түйткілді мәселелеріне «Медиацияны дамыту орталығының» Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің директоры Л.Бақтыбаева тоқталды. Оның пікірінше, бүгінгі күні қылмысты ашу және тергеу басқармаларымен тараптарға медиаторға жүгіну құқығы түсіндірілмеуі салдарынан жеңіл және аса ауыр емес санаттағы істер тек сот барысында ғана қысқартылуда.  Сонымен қатар, ол өз сөзінде медиаторлардың кәсіби, кәсіби емес деп бөлінуі халық арасында біршама теріс пікір қалыптастырып отырғанын, кәсіби емес деген сөздің өзі медиаторлардың біліктілігіне күмән тудыратынын да айтып өтті.

Судьялар кәсіпқой емес медиаторлардың құқықтық білімі мен рөлін жоғарылату мәселелерін кеңінен сөз етті. Сондай-ақ, «дөңгелек үстел» қатысушылары медиаторлардың қолжетімділігі үшін тергеу орындарын кәсіби медиатормен қамтамасыз етуді және медиаторлардың арнайы ресми сайтын ашуды ұсынды.

Шара соңында халықтың дауларды баламалы тәсілдермен шешу мәселелері бойынша құқықтық мәдениет деңгейін көтеру мақсатында Қ.Нұрышев пен Л.Бақтыбаева «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалы мен облыстық сот арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі