Қызылорда облысының судьялары салық органдарының әрекеттеріне шағым жасау жөніндегі дауларды талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхади Шығамбаев салық органдарының әрекеттеріне дау айту туралы азаматтық істер бойынша туындаған мәселелер тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары, Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері және прокурорлар қатысты. 

Кездесуді Ә.Шығамбаев ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелермен таныстыра келе, салық органдарына қатысты даулар ауыр санаттағы істерге жататындығын және бұл даулардың мемлекеттің мүддесіне әсерін тигізетінін атап өтті. Осыған байланысты, істерді қарау барысында соттардың салық даулары бойынша салық төлеушінің  салық органдарының шешімдеріне шағымдануының тәртібін, олардың мерзімдерін заңда анықталған тәртіпте сақтау қажеттігіне назар аударуды сұрады.   

Бұдан кейін баяндамашылар Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Нұрлан Еламанов, Қызылорда облыстық прокуратурасының аға прокуроры Айбек Нұрлыбекұлы және Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Балнұр Аликенова салық даулары бойынша баяндамаларын оқыды.

«Дөңгелек үстел» барысында салық даулары бойынша сот практикасының мәселелері, тексеру нәтижесі бойынша салық органдарының хабарламаларына, салық нормаларын бұзу шегіне  дауласу туралы азаматтық істерді қарау кезінде туындаған мәселелері талқыға түсті. Атап айтқанда, салықтық тексерулерді тағайындау негіздері, мерзімдерді сақтау, тексеру актілерінің рәсімделу талаптары, тексеру қорытындысымен рәсімделген актіні таныстыру және табыс ету ережелері.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары салық дауларын қарау барысында туындайтын мәселелерді шешу мақсатында тұрақты түрде шолу жасауға және олар бойынша кемшіліктерді болдырмау үшін бірлесе жұмыс жасау туралы ұсыным әзірледі.

Қайнар: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі