Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е.Қарабаев Мұнайлы ауданының тұрғындарымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мұнайлы ауданына іссапармен барған Ержан Қарабаев аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуге жергілікті ауыл әкімдері мен ақсақалдар, жергілікті атқарушы органдардың, аудандық қоғамдық кеңестің, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Е.Қарабаев сот-құқық жүйесіндегі өзгерістер мен жаңалықтар, қылмыстық процесті одан әрі реформалау және құқық қорғау қызметін жетілдірудің басқа да  аспектілерін насихаттау барысы туралы мағлұматтар берді. Сот ісін жүргізудің тиімді үлгісін құру мақсатында соңғы жылдары бірқатар қылмыстық заңнамалардың қайта қабылданғанын айтты.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы көпшілік назарына реформа шеңберінде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылатын қылмыстар санатын қысқарту, бұлтартпау шарасын таңдау үшін ұсталғанды сотқа жеткізу мерзімін 72-ден 48 сағатқа дейін қысқарту, тергелетін қылмыстық істің шеңберден тыс шығатын дәлелдемелерді жинау тәжірибесін алып тастау, тергеу  судьясының құзыретін кеңейту, процестік келісім, айғақтарды сақтау, қылмыстық  теріс  қылық, тараптардың бәсекелестігін арттыру, адвокаттардың  рөлін  барынша арттыру,  қылмыстық  іс  жүргізу  қызметін  барынша  оңайлатып, жеңілдету мәселерін де жеткізді.

Еліміздегі кейбір заңнамаларға енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіру және насихаттау жұмыстарын қолға алған аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев қатысушыларға қылмысқа қатыстылық пен қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік үшін жауаптылық туралы айтып өтті.

Маңғыстау облысы бойынша соттар әкімшісінің орынбасары Аманбек Қалпақов «Сот кабинеті» электронды сервисі және сот жүйесінің халыққа тиімді қызмет көрсету тетіктері туралы баяндама жасады.

Кездесу қорытындысы бойынша іс-шараға келген әрбір тұрғынның сұрағы жауапсыз қалмады.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі