Митрополит Александр: «Конституцияны қабылдау мен оның әлеуетін арттыру Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында мүмкін болды»

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасының атына Астана және Қазақстан Митрополиті Александрдан хат келіп түсті. Онда ол Қайрат Мәмиді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай келе, «Қазақстанның жаңа заманғы тарихындағы Ата Заңымыздың нормаларына сәйкес жүргізілген кешенді реформалар еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, саяси тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, халықаралық аренадағы Республиканың беделін арттырады» деген ойын жеткізген.

Қазақстандағы Православ шіркеуінің басшысы Президент Н.Назарбаев сөйлеген сөздерінде еліміздің ең басты құжаты әрі табысты дамуымыздың кепілі – Конституцияны бұлжытпай орындау қажеттігін бірнеше рет айтқандығын атап өткен. «Конституцияны қабылдау мен оның әлеуетін арттыру Президентіміздің сарабдал саясатының, сондай-ақ, Қазақстанның көп ұлтты әрі көпконфессиалды халқының ұйымшылдығы мен бірлігінің арқасында мүмкін болды», - дейді Митрополит Александр.

Оның пікірінше, Ханафит мазхабындағы Ислам мен Православтық христиан діні Қазақстан қоғамының рухани іргетасының маңызды бөлігі болып табылады. «Тарихи рөлі Конституцияда атап көрсетілген еліміздегі екі жетекші конфессия – Православие мен бейбітшіл Ислам – ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстанның рухани тұғырлары болып табылады. Тәуелсіздік жылдары ішінде қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас мызғымас рухани-адамгершілік құндылықтар мен халқымыздың ғасырлар бойғы салт-дәстүрлерінің негізінде Республиканың күш-қуатын одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Республикадағы әр түрлі ұлттар мен діндер арасындағы өзара достық пен тату көршілікті сақтауға бағытталған мемлекеттік бастамаларды қолдау әрдайым Қазақстандағы Православ шіркеуінің реси ұстанымы болып қала береді», - дейді Мирополит өз хатында. «Құдайға шүкір, Ұлы Даланың қасиет тұнған кең байтақ кеңістігінде әр түрлі ұлт пен ұлыстың,  мәдениет пен дәстүрдің, тілдер мен діндердің өкілдері әрқашан тату-тәтті өмір сүріп, күш-жігерлерін біріктіріп, туған Отанымыз – Қазақстанның қазіргі және жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек ету бақытына ие болып келеді», дей келе, Қазақстандағы Православ шіркеуінің басшысы шын жүректен ақжарма тілегімен бөліскен.

 

 

 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі
Тегтер: