Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында атқарушылық жазба институтын қолдануды кеңейту мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында судьялар, нотариустер, Әділет департаментінің қызметкерлері, сот орындаушылары, қоғамдық ұйымдар және тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорын өкілдері атқарушылық жазба институтын қолдануды кеңейту мәселелерін талқылады.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов талқыланып отырған атқарушылық жазба тақырыбы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында берілген тапсырмалардың ішінде басым бағыттардың бірі – жеңілдетілген іс жүргізуді және татуластыру рәсімдерін, соның ішінде, медиация институтын, нотариустердің атқарушылық жазбасын қолдану аясын кеңейту мәселесін жүзеге асыруда ерекше маңызды екендігіне тоқталды. Т.Бекімбетов қатысушылар назарын нотариалдық іс жүргізуді жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының, заңды мүдделерінің қорғалуы мен сақталуының тұрақты құқықтық кепіліне айналдыру қажеттілігіне аударды.

Нотариус Ұлжарқын Ерназарова өз баяндамасында нотариустердің атқарушылық жазбалар жасау тәртібіне тоқталып, атқарушылық жазба – даусыз сипаттағы талаптарының жедел әрі тиімді шешілуін қамтамасыз ететін айырықша құқықтық құралдардың бірі екендігін атап өтті.

Жеке сот орындаушы Серікжан Алымов  атқарушылық жазбалардың орындалу мерзімдері жөнінде баяндады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айнұр Исабекова атқарушылық жазбалардың жасалуы мен орындалуын мемлекеттік бақылау және қадағалау ерекшеліктеріне тоқталды.

Облыстық соттың судьясы Аида Байтурова өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгінетін әрбір азамат немесе заңды тұлға туындаған даулардың мейлінше қысқа мерзімде шешілуіне мүдделі болғандықтан, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың көрсетілген қызмет ақысын өндіру мәселесі бойынша атқарушылық жазба жасау үшін нотариустерге жүгінуі сот тәртібімен қаралатын даулар санының азаюына оң әсерін тигізетініне айырықша назар аударды.  «Даудың тараптары мәселелерінің тиімді жағдайда шешілуіне, жұмсалатын материалдық шығын мөлшерінің төмен болуына, уақыттың үнемді пайдалануына, келешекте сотта дауласу ауыртпалығын болдырмауға мүдделі. Бұл өз кезегінде, даусыз сипаттағы талаптардың соттан тыс, нотариустерге жүгіну арқылы шешілуі дау-жанжал деңгейін төмендетудің қолайлы әдісі болып табылады», ‒ деді А.Байтұрова.

Жиын соңында осы институттың азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушыларға, соның ішінде, тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындарға құқықтық мәселелерді шешуде қолайлы жағдай туғызатын өзге де басым бағыттары талқыланды.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі