Өскемен қаласында билер мен Алашорда өкілдерін еске алу кеші өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Кешті Шығыс Қазақстан облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Анна Жұмағұлова өткізді.

Аталмыш іс-шара Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың, Мәдениет және мұрағат пен құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчиновтың, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының драма театрының директоры Дінмұхамед Ұябайдың қолдауымен, облыстық сот судьяларының, жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының, жазушылардың, ақындар мен кітапхана басшыларының қатысуымен  ұйымдастырылды.

Іс-шараны аша келе, А.Жұмағұлова: «Егер біз мәдениетті өз дамуымыздың рухани қайнар көзі ретінде таныстырсақ, экономикада, технологиялар мен өзара қарым-қатынасымызда көптеген мәселелерді шеше алатын боламыз», - деп атап өтті. Оның ойынша, мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуі шетел азаматтарының  қазақ тілін меңгеруіне жеңілдік туғызып, оны үйренуге деген қызығушылығын арттырады. 

Іс-шара барысында ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдері  Гүлнұр Төртенова, Жаңыл Манжибаева, Лаура Қадырова, Қабыш Балтекенов, Гүлжан Кашаку және басқалар баяндама оқыды.

Спикерлер елімізде жүргізіліп жатқан рухани жаңғырудың маңыздылығын атай келе, бұл шаралар өркениеттің жалпы әлемдік жетістіктерін ескере отырып, ұлттық мәдениетті, әдет-ғұрыпты бастапқы құндылықтар қатарына қоятындай етіп қоғамымызды өзгертуі тиіс деген ой түйді.

Мәдени іс-шарада («Алаш – дара жол басы») фото-құжаттамалық көрмесі, «Алаш қозғалысына 100 жыл» кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының әртістері қонақтарды сонау Алашорданың еліміздің тәуелсіздігі үшін күш салған кезеңге, яғни 20 ғасырға үңілтіп,  «Алаш азаматтары» атты спектакль көрсетті. Дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған лицейінің  оқушылары ұлттық аспаптарда ойнады.

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі