Республика судьялары Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шаралар өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов аға буын өкілдерін құттықтай отырып, бұл мереке - өзінің ұзақ өмір жолында адал еңбегімен, адамгершілік қасиеттерімен, даналығымен жалпыхалықтық құрметке ие болған адамдарды құрметтеу күні ретінде жыл сайын тойланатынын атап көрсетті.

Сіздер қалдырған аса құнды тәжірибе мен мол мұраның арқасында бүгін біз ырыс-берекеге кенеліп отырмыз. Жастардың бастамашылдығы мен үлкендердің даналығы қажет болған қазіргі жағдайда сіздердің білімдеріңіз бен бағалы тәжірибелеріңіз өте маңызды болып табылады», - деді Е.Айтжанов сот жүйесінің ардагерлеріне.

Облыстық сот төрағасы ардагерлерге денсаулық, ашық аспан және бақ-береке тіледі.

Кештің барлық қонақтарына сыйлықтар мен гүлдер табыс етілді, сондай-ақ облыс соттарының мамандары мен судьялары олар үшін мерекелік концерт ұйымдастырып, өнер көрсетті.

Кеш мерекелік дастарханда жалғасты.

 

Оңтүстік Қазақстан облысының соттары сот саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагерлерді құттықтады.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының жас судьялары сот жүйесінде 32 жыл қызмет атқарған Қазақстан Республикасының құрметті судьясы, Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Бекназаровтың шаңырағына барды.

Түлкібас аудандық сотының судьялары мен мамандары ұзақ жылдар бойы Шымкент облыстық сотының кеңсесінде жұмыс атқарған тыл және еңбек ардагері Нина Кириеченко үйінде болып қайтты.

Түркістан қалалық сотының төрағасы Омар Серікбаев пен сот ұжымы 1944 жылдан бастап 1997 жылға дейін Түркістан аудандық сотында іс жүргізуші, кеңсе меңгерушісі қызметтерін атқарған сот жүйесінің ардагері  Рахымжан Қадыровты, ал Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының ұжымы Шымкент қаласының Джержинский аудандық сотының судьясы қызметінен зейнеткерлікке шыққан Августа Евстафьеваны Қарттар күнімен құттықтады.

Судьялар ардагерлерге сыйлықтарын табыстай отырып, олардың ұрпақ үшін жасаған жақсылықтары үшін шынайы алғыстарын білдірді және қарияларға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тіледі.

Құттықтай келген қонақтарға ардагерлер өз кезегінде соғыс жылдарындағы нәубет пен кейінгі кезеңдегі қиыншылықтар жайлы, сол бір қиындыққа толы жылдардағы жұмысқа қойылатын талаптар туралы әңгімелерін айтып берді. Сонымен қатар, ардагерлер сот жүйесіндегі болып жатқан оңды өзгерістерді қолдайтындықтарын айтып жеткізді.

 

Қарттар күнін тойлау қарсаңында Павлодар облысы бойынша Соттар Әкімшісінің басшылығы мен қызметкерлері көп жылдық дәстүрді бұзбай, сот жүйесінің ардагерлері Күлша Ахметжанованы, Мария Барабашты, Рабиға Ыдырысованы, Александра Михееваны үйлеріне барып құттықтады.

Ардагерлер өз өмірінің 30 жылдан аса уақытын сот жүйесінің игілігіне еңбек сіңірген. Әр уақытта сот отырысының хатшылары, кеңсе меңгерушілері, мамандар болып қызмет атқарған. Өздерінің еңбектерімен республиканың дамуына, жас ұрпақты тәрбиелеуге  баға жетпес үлестерін қосқан.

«Бүгінгі жақсылық пен құрмет күні біздің міндетіміз – сіздерге құрмет көрсету. Сіздер біз үшін тәжірибе мен даналық шоғырының үлгісі болып табыласыздар», - деді Соттар әкімшісі басшысының м.а. Гүлстан Темірова.

Барлық сот ұжымының атынан ардагерлерге көпжылдық және жемісті еңбектері үшін алғыс сөздер мен сыйлықтар табыс етілді.

 

Алматы облыстық сотының төрағасы Мейрамбек Таймерденов Еңбекшіқазақ ауданына жұмыс сапарымен барып, сот жүйесінің ардагерлерін Қарттар күнімен құттықтап, олардың жас ұрпаққа берген мінсіз еңбегі мен баға жетпес тәжірибесі үшін алғысын білдірді.

М.Таймерденов ардагерлерге денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі. «Осы мерекелік күні біз сіздерге деген  құрметімізді, қамқорлығымызды, сый-құрметімізді  білдіреміз», - деді сот төрағасы.

Қайнар: 
жергілікті соттардың баспасөз қызметкерлері