Шығыс Қазақстан облысының Шар қаласында сот жүйесінің ардагері Қасымхан Мусинге арналған мемориалдық ескерткіш тақта ашылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев және Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов Шар қаласында сот жүйесінің ардагері Қасымхан Мусинге арналған мемориалдық ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты.

Салтанатты іс шараға Судьялар Одағы филиалының төрағасы Елдос Жұмақсанов, Жарма ауданының №2 сотының судьялары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер және судьяның туған-туыстары қатысты.

Аталған шарада Д.Әбдіғалиев, Н.Сыдықов, ардагерлер Орал Смағұлов, Амангелді Слямов, Мақсұт Қосжанов ардагер Қасымхан Мусиннің сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі жайлы сөз сөйледі.

Д.Әбдіғалиев облыстың судьялар қауымдастығының атынан Қ.Мусиннің ұрпақтарын және Шар қаласының тұрғындарын мемориалды тақтаның ашылуымен құттықтады. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы  өз сөзінде, Қасымхан  Әділұлы өмір бойы өзінің әріптестерінің  құрметіне бөленіп, ерекше ерік-жігерлі болғандығын атап өтті. Ол өзінің мінез-құлқының мәдениеттілігімен, ең күрделі істер бойынша объективті әрі әділ шешім қабылдап, халықтың арасында үлкен құрметке ие болған. «Біз аға буын өкілдеріне соғыс жылдарында ерлік пен күш жігер танытқандарыңыз үшін бас иеміз. Сіздердің батырлықтарыңыздың арқасында біз қазіргі күнде бақытты күндерді кешудеміз»,- деді ол. 

Қасымхан Мусин 1910 жылы 23 сәуірде Семей облысында дүниеге келген. Қасымхан Әділұлы қырық жылға жуық еңбек етіп, еліміздің сот жүйесінің қалыптасуы және дамуына зор үлес қосты. Ол өзінің қарапайымдылығымен, әділдігімен ұзақ уақыт Шарда, кейін Жарма аудандық соттарында, Аягөз ауданының ІІ бөлігінде халық судьясы қызметтерін атқарған.

Қ.Мусиннің еселі еңбегі үшін Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ ССР-ның Жоғарғы Төралақасының және Қазақ ССР Жоғарғы Сотының  «Қажырлы еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Қазақ ССР-ның 50 жылдығы» медальдары мен грамоталары марапатталған.

Қайнар: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі