Солтүстік Қазақстан облыстық соты жас судьялар арасында «Не? Қайда? Қашан?» құқықтық сайысын өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сот оқуы стратегиясын жүзеге асыру аясында облыстың Жас судьялары кеңесінің, Тәлімгерлер кеңесінің және Оқу орталығының бастамасымен Судьялар одағының облыстық филиалының қолдауымен аудандық және қалалық соттардың жас судьялары арасында «Не? Қайда? Қашан?» атты құқықтық сайыс өткізілді. 

Сайысқа 3 жылға дейінгі еңбек өтілі бар, әрқайсысы 8 судьядан құралған «Эрудит» және «Правовая солянка» атты екі топ қатысты.

Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов ойынға қатысушыларды құттықтай отырып, оларға сұрақтарға дұрыс жауап іздеуде сәттілік тіледі және осындай іс-шараларды өткізу жас судьялардың білімін тексеру емес, керісінше, бұдан бұрын оқу семинарлары мен тренингтерден алған білімдері мен тәжірибелерін нығайтуға септігін тигізетіндігін атап өтті. 

Қатысушыларға қолданыстағы заңнаманы білуге байланысты, сондай-ақ, логикалық және тарихқа қатысты сұрақтар қойылды.

Топ басшыларының байқауы өте тартымды болды. Онда әрбір топ басшысына 10 сұрақ қойылды, ойлануға 10 секунд уақыт берілді. Сұрақтар жылдам жауап беру мен дұрыс шешім қабылдауға бағытталды.

Ойын соңында құрамына облыстық соттың судьялары Любовь Тригуб, Жұмабай Мұхамеджан және Татьяна Ларина кіретін қазылар алқасы ойыншылардың білімдерін жоғары бағалады.

«Ізденімпаздығы үшін» дипломымен «Правовая солянка» тобы, «Зияткерлігі үшін» грамотасымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары Сергей Викторенко мен Дастан Исмаилов марапатталды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Қайратұлына және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық сотының судьясы Рита Оразымбетоваға «Белсенді құқық білгірі» атағы берілді.

Ал бірінші орын алған «Эрудит» тобына «Үздік құқық білгірлері» грамотасынан басқа «Не? Қайда? Қашан?» ойнының символы хрусталь үкі берілді.  

Е.Айтжанов ойынды қорытындылай келе, осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін, себебі мұндай жарыстар зияткерлік деңгейді арттырып қана қоймай, қатысушыларды ұжымда жұмыс істеуге үйретіп, оларды біріктіретінін атап айтты.

Қайнар: 
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі