Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғуға байланысты әкімшілік істерді қараудың ерекшеліктері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғуға байланысты әкімшілік істерді қараудың ерекшеліктері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

         Оған Петропавл қаласындағы ювеналдық соттың судьялары, ювеналдық полиция мен прокуратура қызметкерлері, өңірдің аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспеткорлар қатысты.

         «Дөңгелек үстелге» қатысушылар кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік істерді қараудың өзгешелігімен байланысты мәселелерді, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, ортақ позициялар мен проблемаларды, оларды шешу жолдарын  анықтау процесінде ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

         Ювеналдық сотқа келіп түсетін істердің негізгі бөлігін кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер құрайтыны атап өтілді. Мәселен, 2013 жылы сотқа осындай 764 іс түскен.

         Бұл ретте ішкі істер органдарына келетін материалдар тиісінше ресімделмегендіктен, 203 әкімшілік іс қайта ресімдеуге қайтарылған. Бұл факті ювеналды полицияның лауазымды тұлғалары әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс жүргізуді қозғаған кезінде белгілі бір проблемалардың болуын дәлелдейді.

         Кездесу барысында судьялардың «Қысқартылған әкімшілік істерді талдау», «Қайтарылған әкімшілік істерді талдау» тақырыптарындағы баяндамалары, сондай-ақ ювеналды полиция қызметкерінің «Кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғумен байланысты әкімшілік істерді қараудың ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып талқыланды.

         Баяндамашылар заңнан аттап өткен немесе мемлекеттің қамқорлығы мен көмегін қажет ететін кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың үйлесімді жұмысы қажет екендігін атап көрсетті. Ювеналды әділет жүйесін құру қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, жастар арасында болып жатқан процестерге белсенді ықпал етуге мүмкіндік береді.

         Іс-шараны қорытындылай келе, «дөңгелек үстелге» қатысушылар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің материалдарын ресімдеу жөнінде бірыңғай тәсілдер әзірледі.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі