Сот үйінде 402 ақбөкен мүйіздерін заңсыз сақтаған азаматтан 170 миллион теңгеден астам айыппұл өндірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласының №2 сотына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Б-ға  келтірілген залалды өндіру туралы талап арызымен жүгінді.

Талапкер өз арызында Орал қалалық сотының үкімімен  қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкер кінәлі деп танылғанын, қылмыстық іс-әрекет жасау нәтижесінде мемлекетке 170 528 400 теңге көлемінде зиян келтіргенін көрсеткен.

Соттың анықтауы бойынша, жауапкер 2016 жылғы 15 сәуірде БҚО ІІД  қызметкерлерімен өз үйінде заңсыз жалпы саны 402 дана ақбөкен мүйіздерін сақтау және де оларды заңсыз иемдену фактісі бойынша ұсталған. Осылайша, жауапкер сирек кездесетін жануарларға тиісуге тыйым салынғанына қарамай, оларды тасымалдау, сату, сақтау және оның бөліктерін жөнелтумен айналысқан.

Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті.

Сот талапкердің талап арызын қанағаттандырып, жауапкерден 170 528 400 теңге көлемінде келтірілген залал сомасын мемлекет пайдасына өндірді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі