Тараз қалалық №2 сотында қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаларды тағайындаудың мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Тараз қалалық №2 сотында судьялар, прокуратура, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, әкімдіктің құқықтық бөлімінің және пробациялық бақылау қызметінің өкілдері дөңгелек үстел басында жиналып қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаларды тағайындаудың мәселелерін талқылады.

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н. Әбидов өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалған сот үкімінің орындалу мәселелерін талқылау, сондай-ақ түзету жұмыстары түріндегі жазалардың орындалуы екндігін атап өтті.

Дөңгелек үстелдің жұмысы барысында Тараз қаласы №2 сотының судьясы Н. Дауылбаев қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұратындығын жеткізді.
Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан үш жүз сағатқа дейiн белгiленедi және сотталған адам оларды өтеу уақытына негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босатыла отырып, не оқудан бос уақытында күнiне төрт сағаттан асырылмай, ал егер сотталған адамның тұрақты жұмыс орны болмаса және ол оқуда болмаса – күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан асырылмай өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда ҚК-нің 45-бабының ережелері ескеріле отырып, олар қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылады.

Н. Дауылбаевтың ақпаратына сәйкес жылдың басынан Тараз қалалық №2 сотында балама жаза қарастырылған баптармен барлығы 17 тұлға сотталған. Олардың ішінде 8 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылып, 9 тұлғаға айыппұл салынған. 

Іс-шара барысында пробациялық бақылау қызметінің өкілдері жазаны өтеудің талаптары, сотталушының қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жазаны өтелу тәртібі мен шарттарын бұзған кездегі жауапкершілік жайында айтып өтті.

Тараз қаласы әкімдігінің өкілдері дөңгелек үстел қатысушыларының назарына, олармен қаланы тазалайтын мекемелер арасында келісім шарттың бар екендігін жеткізді. Шарт талаптарына сәйкес, әкімдік атқарушы орган ретінде пробациялық бақылау қызметінің бақылауында жүрген тұлғаларды қоғамдық жұмыстарға тартады. Сонымен қатар, әкімдік пробациялық қызметке тез арада сот үкімінің алынғаны және оның атқаруға қабылданғаны туралы хабарлайды, сондай-ақ жұмыс істелген уақыттың табелін жүргізіп, пробациялық бақылау қызметіне жазаны өтеушілердің жүріс-тұрысы, жазаны өтеуден бас тартқандары туралы ақпарат беріп отырады. 

Дөңгелек үстел қатысушылары аталған жазалардың атқарылуында туындайтын мәселелер мен пробациялық бақылаудың маңыздылығын талқылай келе, қоғамдық жұмыстарға тарту жөніндегі жазаларды қолдану оң нәтижесін береді деген ортақ пікірге келді. Іс-шара соңында қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқаруда ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

 

Қайнар: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі