ЮНИСЕФ өкілдері Маңғыстау соттарының жұмысымен танысып, оң баға берді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

БҰҰ  ЮНИСЕФ Балалар қорының  өкілдері, халықаралық кеңесшілер Росс Гвендолин пен Ирина Мацкевич Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған аудандық сотында болды.

Кездесу барысында қонақтар сот отырысы залдарын, татуласу рәсімдеріне арналған бөлмені, сот ғимаратындағы арнайы  балалар бөлмесін  аралап, балаларға қызмет көрсетуге арналған пилоттық орталықтардың жетістігі туралы сөз қозғады.

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Лариса Шамғонова кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау жұмысындағы жетістіктер мен мәселелерге тоқталды. Ол 2011 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалау шарасын тағайындаудың орнықты үрдісі орнағанын айтып, азаматтық және қылмыстық істер бойынша татуластыру рәсімдері мен медиациялық іс-шаралар кеңінен қолданыла бастағанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, кездесу барысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі қазақстандық мамандандырылған соттардың жұмыс тәжірибесіндегі өзекті мәселелер, сотқа дейінгі және сот сатыларында заңды бұзған балаларға арналған баламалы сот төрелігінің құралдары, балаларды, соның ішінде жәбірленушілер мен куәларды қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуі, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге көрсетілетін қысымға көз жұма қарамау, жалпы алғанда, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында елімізде арнайы  сот төрелігі жүйесін одан әрі дамыту, үйлестіру және мамандандыру жұмыстарына қонақтар оң баға берді.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі