Жоғарғы Соттың судьялары мен қызметкерлері жалпықалалық сенбілікке қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың 170-ден астам судьясы мен қызметкері жалпықалалық сенбілікке қатысты. Осы күні жоғары сот органының өкілдері Астананың жаңа көшелерінің бірінде қайың мен шыршаның 150-ге жуық көшетін отырғызды.

- Сенбілікке әрдайым құлшына қатысамын. Мен елордамызды өте жақсы көремін: әркез қаладағы осындай іс-шараларға белсене қатыса отырып, елорданың абаттануы мен гүлденуіне аз да болса үлес қосатынымды ойлағанда кеудемді қуаныш кернейді, - дейді Жоғарғы Сот судьясы Елена Максюта.

- Астана жыл өткен сайын көркейіп келеді. Қаламызға ЭКСПО-2017 көрмесін көруге көптеген қонақтар келіп, мемлекетіміздің жеткен жетістіктеріне жоғары бағасын берді, Қазақстанда тұратыным үшін өзімді бақытты санаймын, елімді және елордамды жақсы көремін, - деді Жоғарғы Сот судьясы Ұлбосын Сүлейменова.

- Қалалық сенбіліктердің негізгі мақсаты – қала көшелеріндегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жұртшылықтың назарын аудару. Бұл күні қаламыздың әрбір тұрғыны өздері тұратын көше мен даңғылды абаттандыруға үлес қосқаны жөн, - дейді Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Сәулетай Анафина.

- Астана – Қазақстанның жалпыұлттық бренді. Елордамыз ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін жоғары деңгейде өткізді. Қаламызға келген мыңдаған мейман жас елордамыздың әсем көркіне таңданысын жасырмады. Біз, қала тұрғындары сүйікті қаламыз - Астананың ерекше күтіміне ықылас танытып, тазалық пен тәртіпті сақтай білуіміз керек. Мен өз балаларымды осыған тәрбиелеймін, - дейді Жоғарғы Сот аппаратының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі басшысының орынбасары Айдос Садуақасов.  

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі