Судьялардың жаңа әдеп кодексі жобасын қоғамдық талқылау

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоба

11.11.2016 ж.

 

Қазақстан Республикасы

судьяларының VII съезінде 

2016 жылғы 21 қарашада

қабылданды

 

 

                            

СУДЬЯЛЫҚ ӘДЕП  КОДЕКСІ

 

Қазақстан Республикасының судьялары,

Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын басшылыққа ала отырып;

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, «Сот органдарының тәуелсіздігінің негізгі принциптері» атты БҰҰ Бас Ассамблеясының Резолюциясында бекітілген ережелердің маңыздылығын сезіне отырып;

судьялардың тәуелсіздігіне, объективтілігіне, адалдығы мен сатылмайтындығына, теңдігіне, әдеп нормаларын сақтауына, құзыреттілігі мен ұқыптылығына қатысты Судьялардың жүріп-тұруының бангалорлық қағидаттары мен қағидаларын ескере отырып; 

сот билігінің тәуелсіздігі әділ сот талқылауына деген құқықтың, құқық пен демократия үстемдігінің базалық элементі болып табылатындығын мәлімдей отырып;

азаматтардың, қоғамның адамагершілік, адалдық пен сатылмайтындық мәселелерінде сот билігіне, сондай-ақ сот жүйесінің беделіне деген сенімі қазіргі демократиялық қоғамда аса маңызды рөлге ие екендігін мойындай отырып;

осы Судьялық әдеп кодексін (бұдан әрі – Кодекс) қабылдай отырып, жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялар үшін  жүріп-тұрудың мынадай әдеп қағидаларын белгілейді.

 

1-бап

Судья  берілген антына берік болуға,  оның әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. 

Судья заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс.

Судья сот билігінің беделін түсіруден, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен объективтілігіне негізді күмәннің туындауына әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

 

2-бап

Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етулерге жол бермеуге, бұл тыс байқаушыға да айқын болатындай, кімнен шыққандығына қарамастан қыр көрсетулерге, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруға тиіс.

Судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылар мен басқа да сот отырысына қатысушы адамдардан сондай жүріп-тұруды талап етуге, сот төрелігінің әділдігі қатысып отырған адамдардың күмәнін туғызбауы үшін шаралар қолдануға тиіс.

Судья қабылдайтын процестік шешімдердің заңдылығы мен негізділігі қандай да бір жария талқылауға немесе оның қызметін қандай да бір бағалауға қарамастан қамтамасыз етілуге тиіс. 

Судьяның кәсіби міндеттерін атқарған кездегі  жүріп-тұруы  судьяның адалдығы мен сатылмайтындығы туралы қоғамның сенімділігін қалыптастыруға және  нығайтуға тиіс.

Сот төрағасы (алқа төрағасы) ұйымдастырушылық-өкімдік өкілеттіктерді жүзеге асырған кезде судьялардың тәуелсіздігін шектейтін іс-әрекеттерге жол беруге, оларға қысым көрсетуге, сондай-ақ судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне ықпал ету мақсаты бар  өзге де әкімшілік ықпал ету әдістерін қолдануға құқылы емес.

 

3-бап

Судья заңды күшіне енбеген сот шешімдерінің заңдылығына қатысты жария мәлімдемелерден тартынуға тиіс және  сот жүйесінің абыройын түсіруі мен сот төрелігінің мүдделеріне залал келтіруі мүмкін түсіндермелерден тартынуға тиіс.

Аталған ережелер судьяны бірыңғай сот практикасын әзірлеу мақсатында сот шешімдерін құқықтық талдауда шектемейді және оны істерді қарау нәтижелерінің жария пікір-таласында шектемейді.

 

4-бап

Судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етуге тиіс.

Судья іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, прокурормен, адвокатпен, өзге де мүдделі адамдармен нақты сот ісі бойынша сот төрелігін іске асыруға байланысты мәселелер бойынша процестік және өзге де заңнамада көзделмеген кез келген қарым-қатынас деп түсінілетін процестік емес байланыстарды болдырмауға тиіс.

 

5-бап

Судья заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді жалпылама, негізделмеген сынға алудан тартынуға тиіс.

Аталған ереже судьяға құқықтық нормаларды түсіндіруге, түсініксіздік, қарама-қайшылық себептері бойынша немесе өзге де негіздер бойынша оларды бағалауға байланысты өзінің пікірін жалпы ғылыми-практикалық пікір-таластарға, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, семинарларға немесе басқа да ресми іс-шараларға қатысу арқылы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында білдіруге кедергі келтірмейді. 

Судья өз білімдерін кеңейту, практикалық тәжірибесі мен жеке қасиеттерін жетілдіру үшін осы мақсаттарға үздіксіз оқыту мен өз бетінше білім алу құралдарын пайдалана отырып, жүйелі түрде шаралар қолданғаны жөн. Ұлттық заңнамамен қатар судья ратификацияланған конвенциялар туралы, оның ішінде адам құқықтары туралы басқа да негіз қалаушы халықаралық актілер туралы хабардар болуға тиіс.

 

6-бап

 Судьяның кәсіби қызметі  саяси мақсатты көздейтін  саяси партиядағы немесе қоғамдық бірлестіктегі мүшелігімен  ұштаспайды. Ол  осындай қоғамдық бірлестіктерді қолдап жария сөз сөйлеуге,  олардың саяси өміріне қатысуға тиіс емес.

Судья нақты іс бойынша шешім шығаруға байланысты емес мемлекеттік, саяси қызметті  регламенттелмеген  жария бағалаудан аулақ болуға тиіс.

Осы баптың ережелері  судьяның саяси және қоғамдық өмірдің кез келген мәселелері бойынша пікірін білдіру бостандығына құқығын шектеу ретінде қаралуға тиіс емес.

 

7-бап

Судья өзінің діни нанымдары мен көзқарастарын насихаттауға, діни нышандарға деген өз көзқарасын жария түрде білдіруге тиіс емес.  Ол діни ұйымдардың, ресми делегациялардың, комиссиялардың, діни конференцияларды, съездерді, өзге де іс-шаралар мен әдет-ғұрыптарды өткізу жөніндегі  ұйымдастыру комитеттерінің құрамында  қызметті жүзеге асыруға,  діни ұйымдардың қызметіне кез келген нысанда жәрдемдесуге құқылы емес.

Осы баптың ережелері  судьяның  діни сенімінің еркіндігіне,  оның діни ғимараттарға  немесе құлшылық ету орындарына баруына,  басқа адамдармен қатар өзінің атынан құдайға құлшылық етуге, діни  ғұрыптарды жасауға, заңнамада белгіленген тәртіппен өткізілетін рәсімдерге қатысуға құқығын шектеу ретінде қаралуға тиіс емес. Бұл ретте ол соттың беделі мен сот төрелігінің бейтараптылығына күмән келтірмеу үшін  барлық жағдайларда ұстамдылық пен  сабырлылықты танытуға тиіс.

 

8-бап

Судья сот қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби көрсетілуіне ықпал етуге тиіс.    

Судья бұқаралық ақпарат құралдарына істі қараудың процестік сатылары туралы ақпаратты, қабылданған сот шешіміне түсіндірмені, материалдық және процестік құқықтың нормаларын қолданудың қалыптасқан сот практикасы туралы ақпаратты  бере алады.  

Егер судьяның қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында оның беделіне негізсіз нұқсан келтіріліп көрсетілсе, онда өз құқықтарын қорғаудың өзге тәсілдері таусылған айрықша жағдайларда судьяға абыройын, қадiр-қасиетiн және iскерлiк беделiн қорғау мақсатында құқық қорғау және сот органдарына жүгінуге болады.

 

9-бап

Судья оның сот төрелігін жүзеге асыру  жөніндегі қызметіне байланысты  сыйлықтарды, жеңілдіктерді, артықшылықтарды, өтеусіз көрсетілетін қызметтерді  немесе өзге көмекті  өзінің алмағаны және отбасы мүшелеріне, сондай-ақ өзінен тікелей процестік тәуелділіктегі адамдарға оларды алуға рұқсат бермегені жөн.

 

10-бап

Жұртшылық тарапынан болып тұратын тұрақты назар судьяға өзіне бірқатар шектеулер қою міндетін жүктейді. Судья қоғамдық іс-шаралар мен басқа да көпшілік орындарынан, егер бұл оның беделіне зиян келтіретін болса, аулақ болуға тиіс.

 

11-бап

Судья жеке таныстық пен байланыстарда талғампаз болуға тиіс, одан қызметтік тәіуелділіктегі адамдармен, сондай-ақ оның өндірісіндегі істер бойынша сот процестерінің қатысушылары болып табылатын адамдармен қаржылық міндеттемелерді туындататын азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасасудан аулақ болуға тиіс.

Судьяға оның қызметтік жағдайына байланысты белгілі болған құпия ақпарат сот төрелігін іске асыруға байланысы жоқ кез келген өзге  мақсаттарда пайдалануы  және кімге болсын ашылуы мүмкін емес.

 

12-бап

Судья өз беделі мен отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлау керек және қызметтік жағдайын өзінің жеке мүдделеріне, отбасы мүшелерінің және басқа да адамдардың мүдделеріне пайдаланбауы тиіс.

Судья кәмелетке толмаған балаларын асырау, тәрбиелеу, ата-анасы мен басқа да отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерін асырау жөніндегі заңдық міндеттерін тиісінше орындау үшін күш-жігерін салғаны жөн.

Отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының қылмыс жасаған фактісі туралы судья белгіленген тәртіппен уәкілетті органның кадр қызметіне шынайы ақпаратты кідіріссіз ұсынуы тиіс.  

Судья өз отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы хабардар болуға және ол үшін ақылға қонымды шаралар қолдануға тиіс.

Судья өз отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына және басқа да адамдарға оның сот төрелігін іске асыруға байланысты іс-әрекеттеріне ықпал етуге жол бермеуі тиіс.

 

13-бап

Осы Кодексте белгіленген жүріп-тұру қағидаларын атқарып отырған қызметіне қарамастан Қазақстан Республикасының барлық судьялары, сондай-ақ отставкадағы судьялары орындауға тиіс.

Судьялық әдепке байланысты қандай да бір мәселелер осы Кодекспен реттелмеген  жағдайларда судья жалпы қабылданған адамгершілік пен мораль қағидаттарын, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру мен судьялардың жүріп-тұру саласындағы халықаралық стандарттарды ұстануға тиіс.

Судья жүріп-тұрудың болуы мүмкін моделінің судьялардың нақты жағдайдағы жүріп-тұруының әдеп қағидаларына сәйкестігі туралы судьялар қауымдастығы органына жүгінуге құқылы.  Мұндай сауалды қарау нәтижелері жөніндегі судьялар қауымдастығының жауабы  ұсынымдық мәнде болады.

 

14-бап

Осы Кодекстің ережелерін өрескел немесе бірнеше мәрте әдейі бұзғаны үшін судьяға қатысты адамның жазбаша өтінішінің негізінде немесе судьяның судьялық әдепті бұзу туралы жарияланған фактісі бойынша бұқаралық ақпарат құралының жүгінуі бойынша Судья әдебі жөніндегі комиссия туралы ережеде көзделген қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.

Судья әдебі жөніндегі комиссияның шешімінде көрсетілген қорытындылар Сот жюриі өзінің регламентінде көзделген тәртіппен тәртіптік өндірісті қараған кезде ескерілуі мүмкін.

15-бап

Осы Кодекс судьялар үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және ратификацияланған халықаралық актілерде көзделген өз құқықтарын еркін және кедергісіз іске асыруға қандай да бір шектер мен шектеулерді белгілеу мақсатын көздемейді.

         Осы Кодекстің ережелері Кодекс қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және оларды Қазақстан Республикасы судьяларының съезі өзгертуі, толықтыруы немесе күшін жоюы мүмкін.

Осы Кодекс қабылданған күнінен бастап 2009 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде қабылданған Судья әдебі кодексінің күші жойылады.