А.Рахметулин Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы «Сот сатылары оңтайланып сот төрелігінің сапасы артады» // «Егемен Қазақстан» 2015 жылғы 16 шілде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Бүгінде Мемлекет басшысы жария­лаған «Баршаға ар­налған қазіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші бағыты бойынша еліміздің сот жүйесінде бірқатар өзгерістер болады деп күтілуде. Соның ішіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі – қазіргі бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу болып отыр. Бірақ, ондай өзгерістен халық не ұтады? Бәрінен бұрын мұндай өзгерістер сот саласына қаратыла жиі айтылатын сыбайлас жемқорлықтан, судьялардың біліксіздігі мен дауды арттырудан арылта ала ма? Әлде «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала бере ме? Міне, осы тақылеттес  халық көкейінде жүрген сауалдарға сай және сот жүйесіндегі басқа да өзгерістер жайында толығырақ білу мақсатында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннен біраз сұрақтарымызға жауап алдық.

– Абай Жамбылұлы, сот саласына қатысты Елбасы жариялаған қадамдардың ең алғашқысы әрі маңыздысы сот жүйесі сатыларын оңтайландыру болып табылады. Турасын айтсақ, осы бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы жүйеге көшудің мәні неде және бұл қандай қажеттіліктен туындап отыр?

– Үш сатылы сот жүйесі – ха­лық­аралық тәжірибеде бар үрдіс. Әлемдегі сот тәжірибесі көрсет­кендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзар­туға және сот шешімін сөзбұй­даға салуға ықпал етеді. Сот ше­ші­мінің бірнеше рет өзгеріп, күшін жоюы – республика атынан шешім қабылдайтын соттардың беделіне нұқсан келтіретін факторлардың бірі. Себебі, апелляциялық және кас­са­циялық сатылардың бір облыстық сотта шоғырлануы сот істерін қараудың созылып кетіп, шешім қа­был­даудың қиындауына негіз болуда.  Бұған қоса, кассациялық алқа іс жүзінде Жоғарғы Сотқа жүк­телген қадағалау сатысының қыз­метін атқарып, күшіне енген сот шешімінің қайта-қайта өзге­ріске ұшырауына алып келуде. Ке­ңестік кезеңнен қалған бұл жүйе бүгінгі күннің талабымен үйлеспей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, адамның, қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесін неғұрлым жедел әрі сапалы қорғауға өзінің кері әсерін тигізуде.

Міне, осындай мәселелерді ескере келе, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия сот жүйесінің сатыларын оңтайландыру туралы бастаманы қолдап отыр. Енді келесі жылдың басынан бастап бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық са­ты – Жоғарғы Сот болады деген ше­шім қабылданып отыр. Бұл шешімді Мем­лекет басшысы да мақұлдап отыр. Еліміздің Конституциясына және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәр­те­бесі туралы» Конституциялық заңға, сондай-ақ, кейбір заңдарға тиісті өз­ге­рістер енгізгеннен кейін сот жүйе­сі жаңа үлгіде жұмыс істейтін болады.

– Енді сот жүйесі жаңа үлгіде жұмыс істеп, ел, халық болып кү­тіп жүргеніміздей, әділ шешім шы­ға­руда судьялардың жауапкершілігі артады дейсіз ғой. Сонымен қатар, сот сатыларының азаюы Жоғарғы Сот судьяларының жүктемесінің артуына әкеліп соғады емес пе?

– Әрине, бұл жауапкершіліктің айтарлықтай артуына ықпал етеді. Жүктеме де арта түседі. Өйткені, бүгінгі таңда облыстық соттардың кассациялық алқалары жылына 24-25 мың істі қараса, келешекте бұл істер Жоғарғы Соттың қарауына келіп түсуі мүмкін. Мұ­ның сыртында, Жоғарғы Сот рес­публикадағы сот тәжірибесінің бірізділігін сақтау мақсатында нор­мативтік қаулылар қабылдай отырып, нормашығармашылық қызметті жүзеге асырады. Сонымен қатар, Ұлт жоспарының 23-қадамында ин­вестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дау-ларды қарау үшін Инвестициялық алқаны ұйымдастыру көзделген. Міне, осындай ауқымды міндеттерді іске асыру үшін Жоғарғы Сот судьялары мен оған тиесілі аппарат қызметкерлерінің санын арттыру көзделіп отыр.

– Сот сатыларының азаюынан не ұтамыз? Дау көп кезде халыққа қа­­жеттісі сапа ғой. Нақтырақ айт­саңыз.

– Сот сатыларының азаюы апел­ляциялық сатының рөлін күшей­туге мұрындық болмақ. Алдағы уақытта апелляциялық саты істерді үш судьядан тұратын алқа негізінде қарайтын болады. Осы орайда, барлық істер бірдей судьялардың алқалық тәртібімен қаралады деуге болмайды. Мәселен, қысқартылған тәртіптегі, қылмыстық теріс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкімін орындау мәселелеріне қатысты істерді судьялар бұрынғысынша жеке қа­рай беретін болады. Ал қалған қыл­­мыс­тық істер міндетті түрде судья­­лардың алқалық құрамымен қара­латын болады.

Азаматтық істерге келетін бол­сақ, жеңілдетілген және бұйрық ар­қы­лы іс жүргізу нысанындағы істер апелляциялық сатыда өзінің нақ­ты шешімін табуы керек. Осылай ету арқылы сот сатыларының маңыз­дылығы мен мәртебесі артатын болады. Мұндағы мақсат – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот сатыларын мейлінше азайту, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру, іс бойынша сот шешімінің жедел қабылданып, сот әділдігін орнату. Бір сөзбен айтқанда, сот сатыларын оңтайландыру, өзіңіз айтқандай, сот төрелігінің сапасын арттырудың бас­ты жолы болып табылады.

– Осыған орай, Жоғарғы Сотта да істерді қараудың тәртібі, амалы өзгеретін шығар?

– Әрине, Жоғарғы Сотта істерді қараудың жаңа тәртібі, шағымдар мен өтініштерді алдын ала қарау жүйесі әзірленді. Себебі, қаралуға тиіс істер санаты мен түрлері бо­йынша шектеу қойылмаса, Жоғарғы Сотқа жоғары жүктемені атқару оңайға соқпасы анық. Мәселен, онша ауыр емес қылмыстық істерді кассацияда қарауға шектеу қойылу көзделуде. Сонымен қатар, қылмыстық теріс қылықпен байланысты және әкімшілік істер кассациялық сатыға прокуратура арқылы келіп түсуі тиіс. – 

Болашақ судьяларды іріктеу жүйесін қайта қарау қажеттігін Елбасы текке айтпағаны белгілі. Өйткені, сіз айтқан сот жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістердің нәтижелі болуы, ең алдымен, судьялардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты ғой. Халыққа заңды жетік білетін, заң үстемдігін әрқашан жоғары қоятын, қара қылды қақ жаратын судьялар керек. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынуда?

– Иә, орын алатын өзгерістерді сөз етпес бұрын судьялыққа үміткерлерді іріктеудің қолданыстағы жүйесі туралы айта кеткен жөн. Елімізде 2001 жылдан бастап жариялы және көпсатылы сипатқа ие кон­курс­тық іріктеу жүйесі енгізілді. Судья­лар біліктілік емтиханының қоры­тындысы бойынша немесе Прези­дент жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясына қарасты Сот төрелігі институтындағы оқу­дың қорытындысы бойынша ірік­теу­ден өтеді. Үміткерлердің кандидатурасын құрамына жергілікті жұртшылық, үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері кіретін өңірлердегі  Қоғамдық кеңес жариялы түрде тал­қылайды. Кейіннен олардың кандидатуралары Жоғары Сот Кеңесінде қарастырылады.

Заман талабына сәйкес, сот кор­пусына қойылатын талап та тұрақ­ты түрде артуда. Қазіргі таңда еліміз қарқынды дамуда, қоғамдық қаты­нас­тардың, әлеуметтік-экономикалық процестердің ауқымы кеңеюде. Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін орындау көзделуде. Сон­дықтан да соттар мен судьялардың ең жоғар­ғы талаптарға сай келуі уақыт талабынан туындаған міндет болып табылады. Бұл орайда, Жоғарғы Сот судьялыққа үміт­керлерге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау бойынша бірқатар ұсыныстарды әзірледі. Ұлттық комиссия судья­лыққа үміткерлердің жасын 30 жас­қа дейін өсіру және олардың сот саласына тікелей қатысты бес жылдық жұмыс өтілін енгізу жөнін­дегі ұсыныстарды қолдады. Атап айтқанда, болашақта барлық судьялар міндетті түрде Сот төрелігі институтының магис­тратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Аталған институт Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетін болды. Онда оқитын магистранттар мен судьялыққа үміткерлер үшін тағы­лымдама мерзімін бір жылға дейін арттыру көзделуде. Бұған қоса, судьялыққа үміткерлердің білік­тілік емтиханын тапсыру тәрті­бі қайта қаралып, судьялық лауа­зым­ға ұсынылған тұлғалар үшін бір жыл­дық сынақ мерзімін енгізу көзделуде.

Аудандық сот судьясының лауа­зымдық жалақысының 70 пайызы көлеміндегі еңбекақысын төлей отырып, босатылған негізде судьялардың тағылымдамадан өту жүйесін енгізу мәселесі қарастырылуда. Міне, қарастырылып отырған осы шаралардың барлығы сот корпусын кәсіби білікті судьялармен толықтыруға және сот жүйесін дамыту мақсатында қолға алынып отыр. – 

Ұлт жоспарының 22-қада­мына сәйкес, адамның және азамат­тардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қыз­меті жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамта­масыз ету арқылы сотта айып­та­лушы және қорғаушы арасын­дағы теңгерімді қамтамасыз ету көзделген. Осыны нақтырақ, ара-жігін ажыратып айтып берсеңіз.

– Жалпы, бұл бағыттағы жұ­мыс­тар 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында қарастырылған болатын. Өзіңіз білетіндей, еліміздің қылмыстық заңнамасы жаңарып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт бірдей кодекс күшіне енді. Жаңа кодекстер бірқатар өзгерістерді қамтиды. Атап айтқанда, жаңа Қыл­мыстық кодекске қылмыстық теріс қылық, іс жүргізу келісімінің шарттарын орындаған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату және тағы басқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. Бұл өзгерістер сотталғандардың санын азайту жұмысын неғұрлым тиімді жүргізуге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі қылмыстық процестің бастапқы сатысындағы тергеуге дейінгі тексеру сатысының алынып тасталуы азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға және көптеген іс-шаралар жүргізбей-ақ қылмыстық істі қозғауға мүмкіндік береді.

Сотқа дейінгі тергеу ұғымы енгізілді, азаматтарды ұстаудың тәр­ті­бі регламенттелді және іс жүзінде ұстау ұғымының мән-мазмұны нақтыланды. Бұдан былай адамды ұстау барысында оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілетін болады. Тергеу барысында істі жедел жүргізу, кінәні мойындау туралы және ынтымақтастық туралы келісімдердің енгізілуі іс жүргізу шешімдерін қабылдау тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сот бақылауын жүзеге асыратын тергеу судьясы, қорғалу құқығына ие куәгер, прокуратура органы басшы­сының құзыретіне ие процесс прокуроры секілді жаңа лауазым түрлері енгізілді.

Енді сот жүйесіне тың жаңалық алып келген ұғымның бірі, өзіңіз айтқандай, тергеу судьясы. Тергеу судьясы қылмыстық істі жүргізудегі жаңа субъект ретінде істі сотқа дейін жүргізу барысында азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағыт­талған қызметті жүзеге асырады.  Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, тергеу судьясы – сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодекс­те көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын бірінші сатыдағы сот су­дьясы. Аталған кодекстің 55-ба­бында тергеу судьясының өкілеттіктері нақты белгіленген.

Тергеу судьясының өкілеттілігіне күзетпен ұстауды, үйқамақты, лаузымнан уақытша шеттетуді, жақын­дауға тыйым салуды, экстра­дициялық қамақты, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау және күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық немесе сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйым­ға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолда­нылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағ­дайында ұстауға лайықталған, пси­хиатриялық көмек көрсететін арнау­лы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселері жатады. Сонымен қатар, тергеу судьясының құзыретіне Қылмыстық-процестік кодекстің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес қосымша өкілеттіктер берілген. Қазіргі таңда тергеу судьялары 8 әрекетке санкция бере алатын болса, болашақта мұндай санкциялардың қатары қарауға, тінтуге, жеке тінту жүргізуге, алуға берілетін санкциялармен толығады деп күтілуде.

– Демек, Ұлт жоспарында көз­делген барлық құқықтық шаралар сотқа дейінгі тергеу-тексеру қыз­­­метінің сапасын жақсартуға, аза­­­маттардың құқықтары мен бос­­­­тан­­­дықтарының сапалы қор­ға­луы­­­на енді мүмкіндік береді деп сенім артуға әбден болады дейсіз ғой. 

 – Иә, солай.

– Әңгімеңізге рахмет.