Д. Әміров, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы «Көпшілік соттан неге үркеді» / «Егемен Қазақстан», 2015 жылғы 27 қазан

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Немесе аудандық және оған теңестірілген соттардың жұмысында кездесетін кемшіліктерге кім кінәлі?

Осы орайда, «неге олай?» деген заңды сұрақ туады. Жауап іздеп көрейік. Дау-дамайлы істердің қаралып, шешімін табар жері, негізінен, аудандық және оған теңестірілген соттар. Наразылық пен жоғарыға шағымдану да осыдан бастау алады. Сот шешіміне екі жақтың да келіспей жататын кездері аз емес. Мұның бірнеше себептері бар. Аудандық және оған теңестірілген соттардың жұмысында кездесетін кемшіліктердің басым көпшілігі төрағалардың сот жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастырмауынан орын алатыны ащы болса да шындық. «Ұйымдастыра білген ұтады», – демекші әрбір төраға өз ұжымында жұмысты ұршықша үйіргенде ғана сот беделі өсіп, іс ілгері баспақ. Әрине, халық өз конституциялық құқығын тек заң арқылы қорғай алатынына көзі жетіп сотқа бұрынғыға қарағанда, көбірек жүгіне бастады. Дегенмен, көпшілік сотқа әлі де үркектеп қарайтынын мойындауымыз керек.

Басты себеп, көпшіліктің заңды білмеуінен, дәлірек айтсақ заң жү­зін­дегі сауатсыздығынан. Әрине, судья­лар тарапынан кетіп жататын кем­ші­ліктер де кездеспей тұрмайды. Іс­тің қарау мерзімін созып, не атүсті қа­рап, қаралған істің хаттамасы заң­да көрсетілген мерзімде дайын бол­май, қабылдаған сот актісінің көшір­месін уақытылы бермей, алдына арыз-шағыммен келген кісіге көңіл бөл­меу, дұрыс қабылдамай, тіпті, кей­де қабылдамай қою, дөрекі мінез көр­сету т.б. толып жатқан судья әдебіне жат қылықтар туындап жататынын ащы да болса ашып айтуымыз керек. Осының бәрі сот қабылдауына кел­ген азаматтардың орынды өкпе-реніш­терін тудырады. Арагідік болса да, кез­десіп қалатын осы жайттар «Бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» керін келтіріп, бүкіл сот беделіне нұқсан келтіретіні хақ.

Сот беделі жекелеген судьялар беделінен құралмақ. Судьяның әр­бір басқан қадамы, іс-әрекеті, ты­ныс-тіршілігі үнемі көпшіліктің наза­рында. Сондықтан, әрбір судья өз беделінің төмендемеуін бір сәт те естен шығармауы керек. Судья – халық қызметшісі. Судья болу заң шеңберінде шешім қабылдап, не үкім шығарып қана отыру емес. Ол, қоғамның, әки өзің өмір сүріп отырған ортаның ауыры мен жеңілін, жақсысы мен жаманын жаныңмен сезініп, жүрегіңнен өткізу. Азаматтық үн қату, үлес қосу. Сонда ғана судья халыққа жақындай түспек. Сонда ғана, халық сенімі арта бермек. Абырой-бедел, адал атқарған жұмыспен келеді. Адалдықтың негізі – әділдікте яғни адал шешімде. Сотқа ешкім де жетіскеннен келмейді. Зәбір шегіп қажыған, сан соғып алданған, қысым көріп торыққан, ары тапталып, намысы қорланғандар араша іздеп келеді. Үмітпен, сеніммен келеді. Ал сол үміті ақталмаған жан қайда бармақ? Әрине, сол соттың төрағасына шағымданады.

Төраға түсіністікпен қарап, істің ақ-қарасын анықтап, дау-дамайды реттеп тындырып жатса құба-құп. Олай болмаған жағдайда айқай-шу одан әрі өршіп, жоғарыға енді төрағаның үстінен шағымдану бас­талады. Сонда бұл кім үшін абырой? Мәселені ушықтырмай дер кезінде, жедел түрде шешіп отырса, артық айқай-шу болмайды ғой. Төрағалар осыны неге ойламайды деп қынжыласың. Төрағалықты төрде отыру ғана деп ұғатын төрағалардың да кездесетінін жасыра алмаймыз. Өзі басқарып отырған сот беделі төрағаға тікелей байланысты. Төраға кім? Өз ұжымының тыныс-тіршілігінің ұйытқысы, ұйымдастырушысы. Ұйымдастыра білген ұтады. Төраға дәл басып асқынған дерттің дауасын табар тамыршыдай болу керек, оның назарынан ештеңе тыс қалмауы тиіс. Ол соттағы әрбір іс үшін мазасыз күй кешу керек. Өйткені, әрбір істің сыртында бір немесе бірнеше тағдырлар жатыр. Сондықтан, әрбір істің уақытылы қаралып дұрыс шешімін тауып, қабылданған сот шешімінің көшірмелері дер кезінде тиісті адамдардың қолдарына тиіп жатуын жіті қадағалап отыруы керек. Ол үшін әрбір аудандық, қалалық сотта күнделікті, апталық, айлық, есеп жүргізіп отыру керек те, ол есеп әр апта аяғында, ай соңында шұғыл мәжілісте қаралып, кеткен кемшілік пен олқы­лықтар түзетіліп, азаматтардың облыстық сот жанындағы әдеп комиссиясына арыздануына жол бермеу керек.

Бүгінгі күні облысымызда судья­лардың тәртіптік жауапкершілікке тартылу саны кемімей, кеңсе қыз­мет­керлерінің атына түскен шағымның саны көбейуі бізді алаңдатуда. Әсі­ресе, жоғарыда айтылғандай, шыға­рылған шешімдердің дер кезінде дайындалмауы, соның салдарынан тарап­тарға оның көшірмелерінің заңда көрсетілген мерзімдерге сай табыс етілмеуі өкінішке қарай әлі де кездесуде. Егер әрбір қалалық және аудандық сот төрағалары, осы кемшіліктерге сергек қарап, дер кезінде реттеп отырса, жоғарыға шағымдану азайып, тіпті, болмауы да мүмкін ғой. Сондай-ақ, шұғыл мәжілісте әрбір қаралған істің нәтижесі талқыланып, әсіресе, өндірісте айлап жатып қалған істерге көбірек көңіл бөлу керек. Бұзылған не өзгертілген шешімдер судьялар арасында тұрақты түрде талқыланып отыруы қажет.

Мерзімімен кеңсеге өткізілмеген, өндіріске өз уақытысында қабыл­данбаған істер, заңда белгіленген кезең ішінде тиісті тұлғаларға жіберілмеген сот актілерінің көшірмелері, уақытылы шығарылмаған қаулы т.б. шұғыл мәжілісте апта сайын талқыланып отыру керек. Сондай-ақ, төраға іс қарау мерзімінің өтіп кетпеуін күнделікті қадағалап отырумен бірге апталық шұғыл мәжілістегі талқылауда анық­талған кемшіліктерді барлық уақытта қатаң бақылауда ұстауы керек.

Өйткені, төрағаның жұмыс тетігін жетік білуі, қай іске де сезімталдықпен сергек қарауы оң нәтижесін берері анық. Кез келген қатардағы судьяның да, төрағаның да заңды жетік білуі бас­ты шарт. Бірақ, білім бар да біліктілік бар. Біліктілік пен көрегенділік, ар-иман тазалығы, ұят пен намыс, қарапайымдылық пен кішіпейіл мінез төраға беделін арттыра түспесе нұқсан келтірмейді.

Әрбір төрағаның кәсіби деңгейі жоғары, өмірлік тәжірибесі мол, көзі ашық, көкірегі ояу болуы шарт. Өйткені, төраға өзгелерден оқ бойы озық тұрса оның әрбір сөзі өнеге, әрбір ісі үлгі болмақ. Ұжым мүшелері басшысына қарап бойын тіктеп, ойын түзеп жатса ол тек қана жақсылық. Жөн мен жолды, әдет-ғұрыппен салт-дәстүрді жетік меңгерген, жан-жақ­ты сауатты азамат айналасына нұр шашпақ, ізгілік әкелмек. Азаматтық, құқықтық қарым-қатынастың бұзыл­мауының негізі адами қарым-қаты­нас­тың орнықтылығында. Ұжым мү­шелерінің бір-біріне деген ерекше сый-құрметіне, ниеттестігі мен сенімін үйлестіре білген төрағаның жұмысында жақсы нәтиже болары хақ. Ауызбірлік пен ынтымақ берекенің бастауы. «Береке қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген емес пе? Бұл әрбір төраға үшін басты қағида болса керек.

Кәсіби деңгейі жоғары, ұйым­дастырушылық таланты бар әрбір іскер басшы өзін үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет. Кәсіби шеберлігін шыңдаумен бірге халқымыздың өткенін екшеп, бүгінін саралап, болашағына көз жүгіртіп отыру, өз алдына, оған қоса әдебиет пен өнердің де інжу-маржанынан сусындап, рухани азық қорын молайтып, еселеп отыру да естен шықпау керек деп білемін. Ұлттық менталитетімізге жарасқан, ақжарқын мінез, қазақы қалжың, ұтымды ой мен астарлы сөз секілді ерекшеліктерімізді асқақтатар жақсы қасиеттер тасада қалмау керек.

Қазақтың мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің өзі тағылымы мол тамаша мектеп үлгісі. Қазақ даласының дамыған сан-салалы өркениетті болғаны баршаға аян, басқасын айтпағанда «Есімханның ескі жолы» мен «Қасымханның қасқа жолы», әз Тәукенің «Жеті Жарғысының» өзі баға жетпес құндылық. Демек бізге үлгі аларлық негіз бар ғой, ендеше, оны неге үрдіске енгізбейміз? Айтып отырғаным кесек мінез бен кесікті сөз. Әділ де тура кесілген шешім. Уәжді сөз айта білген би, сол уәжге тоқтай білген хан мен қара, батыр мен бағлан.

«Өнер алды қызыл тіл» дейді дана халқымыз. Әрбір судья өз маман­дығын тек күнкөріс кәсібім деп қана ұқпай, оны шығармашылық дәре­жеге көтеріп жатса, құба-құп бо­лар еді. Айталық, судьяның сот про­цесін жүргізуі белгілі бір дәрежеде шеберлікті қажет ететін шындық қой. Сергек сезім, дәл сәтінде айтылған сөз бен бұлтартпас сұрақ, әрбір сәтті қалт жібермей қадағалап, іштей ой қорытып отыру… Осының бәрі де бір қарағанда жәй, қалыпты нәрсе болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл бүтін бір шығармашылық шара. Осы орайда, ой орашолақтығын түсініксіз жазылған «былдыр-батпақ» шешімді оқығанда, кейбір әріптестерге қарап тұрып қарның ашады. Қынжыласыз. «Іш қазандай қайнайды…». «Тіл дегеніміз ойдың киімі» депті бір данышпан. Ал айтқыш қазақ «тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп бір-ақ қайырған. Ой анықтығынан барып, анық сөз шығады. Ойлау мәдениетінен барып сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Әрбір судьяның, әрбір төрағаның ойлау мәдениетін меңгеруі бүгінгі күннің талабы. «Біз жаман әрекет жасаудан қорқамыз, өйткені, оған заң бар, ал жаман ойлаудан қорықпаймыз, себебі ол ішімізде. Сыртқа шықпаса болды дейміз. Сонда жаман әрекет қайдан шығады, әрине, жаман ойдан шығады» – бұл өз замандасымыз қазақтың аса бір интеллектуалды жазушысының айтқаны.

Жалпы, бүгін заман озып, жаң­ғырып қайта түлеп жатқан ізденіске толы ұлы дүбірдің тұсында, біз де өмір көшіне жай ғана ілесіп жүре бермей, жаңаша ойлап, жаңаша жұмыс жасауымыз керек сияқты. Асыл мұрат пен биік мақсат жолында ерекше құлшыныс, серпіліс қажет деп білемін. Мемлекет, Үкімет тарапынан соттар ісін жақсартуға жағдай жасалуда, соттардың материалдық-техникалық базалары нығайтылып, олар түгелдей дерлік компьютермен қамтамасыз етілген. Кадр мәселесін іріктеуге, олардың білімін жетілдіруіне көп көңіл бөлінуде.

Енді кадр мәселесіне тоқталсақ. Сот билігінде бір ғана басты тұлға бар. Ол – судья. Яғни сот беделі – судья беделі дейміз. Расында да, судьялар үнeмі халықпeн тiкeлeй қарым-қатынаста болғандықтан олардың моральдық бейнесі мен кәсіби жетістігі қызмет барысында eрeкшe рөл атқаратындығы белгілі. Сондықтан, әрбір судья сот билігінің тәуeлсіздігін нығайтуға, өз кәсібінің беделін арттыруға, сот төрeлігін нығайтуға қатысты жұмыстарды адал жүзeгe асыруға тиіс. Ақиқатын айтсақ, соттардың абыройы судьялардың өз қолдарында. Судьяның үлкені, кішісі болмайды, оның мәртебесі қай сот сатысында да бірдей. Сот сатысы жоғарылаған сайын судьяның мәртебесі биіктейді деген қате пікір. Керісінше, сот жайындағы көзқарас жергілікті соттардың жұмысына қа­рап қалыптасады. Сондықтан аудан­дық және оған теңестірілген сот­тардың судьяларына жүктелер жауап­кершілік облыстық сот судья­сы­ның жауапкершілігінен төмен емес. Аудандық соттың судьялары қара­ған істер жоғары сот сатыларына жет­пей әділ шешімін тауып жатса, ха­лықтың сотқа деген сенімі артады. Демек, жергілікті соттарда кәсіби судьялардың көп болғаны күллі сот билігінің беделін өсіреді.

«Нұр Отан» партиясының XVI-съезінде Елбасы Қазақстан мем­ле­кеттілігін нығайту үшін бес инс­титуттық реформаны ұсынды. Оның бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің құқықтық жүйесін дамыту мәселелері бойынша 19 мақсатты қадам көзделген. Олардың бірі – судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін айқын­дау және біліктілік талаптарын қа­тай­ту болып табылады. Ендеше, сот­тарды бі­лікті де білімді кадрлармен қам­та­масыз ету, судьялар қатарына кез­дей­соқ адамдардың еніп кетпеуін қада­ғалау біздің бірегей міндетіміз. Бұл Президентіміздің сот саласына қойып отырған негізгі талаптарының бірі.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Ұлт жос­пары – 100 нақты қадам» мем­ле­кетті жаңғырту жолындағы бағдар­лама ретінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы күресуге жұ­мыл­дыратын әрі еліміздің әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығына қосылуына жол бастайтын қауқары зор, әрі маңызды құжат», – деп атап көрсетті. Соттың халық алдындағы беделін күшейтуге, халықтың сотқа деген сенімін ұлғайтуға бағытталған жұмыстарды атқару және «100 нақты қадамда» көрсетілген талаптарды қолдап, оны орындау – біздің бүгінгі күні алға қойып отырған басты міндетіміз.

Елбасының Ұлт жоспарындағы сот саласына арналған қадамдарды нақты іске асыру мақсатында Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмидің басшылығымен бірқатар ауқымды істер атқарылуда. Атаулы бағдарлама аясында өңірлерде арнайы үгіт-насихат топтары құрылып, Ұлт жоспарының мән-мағынасы халыққа жіті түсіндіріліп, насихатталуда. Сонымен қатар, арнайы медиа-жоспар құрылып іске асуда. Сот жүйесін оңтайландыру мақсатында заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабы болып табылады. Сондықтан да, қазіргі уақытта соттарда бірыңғай классификатор құру жұмыстары жүргізілуде. Онда жекелеген сот істері бойынша толықтырулар мен ақпараттық материалдар, сот актілерінің банкі, сонымен қатар, сот тәжірибесі туралы пікірлер мен ақпараттардың алмасуына септігін тигізетін «Талдау» форумы жүйелі жұмыс атқаруда. Облыстық және оларға теңестірілген соттар жүргізген сот тәжірибесінің толықтырулары Жоғарғы Соттың ішкі интернет-порталында орналастырылып, барлық соттар тарапынан пікірлер жазылып, алқа жиындарында талқыланады. Бұл жекелеген өңірлер мен сот сатылары арасында сот тәжірибесіндегі келеңсіздіктерді жойып, жүйелі жұмыс атқаруға зор мүмкіндік береді. Ұлт жос­парында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру, судья лауазымына үміткерлердің біліктілік талаптарын қатайту мәсе­лелері, олардың есеп беру тәртібін күшейту, жаңа Этикалық кодексті жасау мәселелері де назардан тыс қалмағаны қуантарлық жағдай.

Алда судьяларды іріктеуде сал­мақты реформалар күтіп тұр. Мәселен, судьялыққа үміткердің жасына қа­тысты қойылатын талап өзгермек, үміткерлер үшін бес жылдық жұмыс өтілінің болуы туралы талап енгізіледі. Жеке кепілдік беру институты іске асып, жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімі қосылмақ. Бұл өзгерістер өзінің оң нәтижелерін беретініне сенімдіміз. Ал енді қатардағы судьяларға да қойылатын талаптарды еселеп арттыру шарт екенін естен шығармағанымыз абзал. Қызметтегі судьялардың сот төрелігін жүзеге асыруының сапасын, оның кәсіби жарамдылығын анықтау мәселесі де болашақтың еншісінде. Бұл тұрғыда судьяның кәсіби қызметін бағалау алғаш рет судья лауазымындағы жұмыстың бір жылдағы нәтижелері бойынша жүргізілсе, қатардағы судьялардың кәсіби қызметін бағалау әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ, жоғары сатыдағы судьяның, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысу кезінде де жүргізіледі. Ал кәсіптік қызметті кезеңдік бағалаудан жиырма бес және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялар ғана босатылатын болмақ. Мұндай өзге­рістермен жаңашылықтардың орын алуы құптарлық жайт деп ойлаймыз.

Сонымен қатар, судьяның сал­ғырттығына, не оның білімінің таяз­дығына, білігінің төмендігіне байланысты қолданыстағы заң өрескел бұзылса, мұндай судьяның жұмысына сараптама жасалып, шешімдері талқыға салынуы қажет. Егер судья жүйелі түрде қате жіберіп, заң бұзушылыққа жол беріп, кәсіби білігін арттыруға талпынбайтын болса, мұндай адам судьялар қауымдастығынан аластатылуы тиіс, – деп есептейміз. Заңдағы өзгерістерді тез қабылдап, сот тәжірибесінде орайлы қолдану, жаңалыққа жаны құмар болу нағыз судьяға тән қасиет дер едім. Ең бастысы, кез келген дауды әділеттілік деген қасиетті ұғымға жүгініп шешу үшін судьяда ар-ұят деген асыл қазына болуы керек. Ар-ұяты бар судья қандай қыспақтан да тура жол табады, қандай күрделі істің де күрмеуін әділ шешеді.

Орта ғасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік «Дала заңының» билігі болды. Ал оның қорының сақтаушысы, реформаторы және жүзеге асырушы күші – билер болды. Бидің өзі де, билігі де түп-тамыры халықтың тарихына байланысты. Ұлы Дала мәдениетінің мұндай ерекшелігі қазақ құқығында нық орын алды. Себебі, мемлекеттік басқару ісіндегі маңызды мәселелерге билер мен абыздардың хан-сұлтандармен тең дәрежеде араласатын құқығы болған. Қазақ жұрты жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Ал би, шешендер дау­лы мәселені төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, ауызша жүзеге асып, бітіп жатқан. Салыстырып қарасақ, ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген. Би болып белгіленетін тұлғалар өзінің тапқырлығы мен шешендігін, әділ төрелік айта алатын қасиетін көпшілік алдында көрсете білген. Олар барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз шешен әрі халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған әділет жаршысы болған. Сондықтан да, халық «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп мақалдап кеткен.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді ел мақтанышы, батыр Бауыржан Момышұлы. Мәдениеті қарыштап дамыған, экономикасы берік орнаған тәуелсіз мемлекеттің ұстанған құқықтық жолы да сауатты, әлеуетті, жоғары дәрежеде болуы шарт. Талап күшейген сайын жұмыс сапасы да арта бермек. Яғни, мемлекет тарапынан мықты қорғалған, материалдық жағынан жақсы қам­тылған, күрделі іріктеулерден өткен, білікті де дербес, бейтарап судья ғана іс жүзінде заң үстемдігін қам­тамасыз ете алады. Елбасының осын­дай көрегенді нұсқауымен бұл бағдарлама сот жүйесін, басқа салаларды да өркендетуге мұрындық болары сөзсіз. Сондықтан да, әділет айнамыз айшықталып, болашақта кешегі қазақ даласының дана би­леріндей әділ судьялар көп болады деген үміттеміз. Құқықтық мемлекетте сот билігі қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде бағалануы үшін азаматтық белсенділік танытуды өз боршымыз деп түсінгеніміз жөн.