Әділ Құрықбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы «Алқабилер соты – демократиялық қоғамды дамытудың құқықтық институты» // «Айқын» газеті, 2015 жылғы 29 шілде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекетті басқару саласындағы, соның ішінде сот жүйесіндегі жаңа қадамдар Елба­сының бес институттық реформасының негі­зінде жүйелі түрде жүргізілуде.

Заңды жоғары қоя білген қоғамның азаматы өзінің құқықтарын қандай жағдай болса да қорғай алатынын біледі. 
 Қылмыстық процеске алқабилерді қатыстыру арқылы қылмыстық істерді қарауға қол жеткізуді Қазақстан сот жүйесін реформалаудың жетістігі деп санауға болады. Сот әділдігін атқаруға халық өкілдерін қатыстыру демократиялық қоғамды одан әрі дамытуға серпін береді және сот шешімінің дұрыс және заңды болуына ықпал етеді. 

Алқабилерді қатыстырып іс қараудың ағылшын-саксондық түрі – сот әділдігін ат­қа­рудың ертеден келе жатқан түрі. Алқаби­лер сотының бұл түрінде қылмыстық істі қа­рауға қатысқан алқабилер қылмыс жасады деп айыпталған адамға байланысты мынадай шешімдер қабылдайды. Біріншіден, қылмыс деп танылған оқиға болды ма, екінші айып тағылып отырған адамның осы қылмыстық оқиғаға қатысы бар ма, үшінішіден, егер қатысы болса, жасаған қылмысы үшін кінәлі ме деген сұрақтарға жауап беру арқылы шешім қабылдайды. Бұл сұрақтарға жауап беріп, шешім қабылдау үшін алқабилер кеңе­су бөлмесінде өздері ғана болады. Ал кәсіби судья осы алқабилер анықтап берген қылмыстық оқиғаның қылмыстық заңда көрсетілген қандай баптармен саралана­тынын көрсетіп, кінәлі деп танылған адамға алқабилердің қатысуынсыз жеке-дара жаза тағайындайды. 

Осыдан болар, соңғы 20 жыл көлемінде сот реформасын жүргізіп жатқан мем­ле­кеттердің, Ресейден басқасы, алқаби­лерін қа­тыстырып іс қараудың ағылшын-саксон­дық түрін қабылдаған емес. Қазіргі кезде алқа билерді қатыстырудың ағылшын-сак­сондық түрі 10 мемлекетте ғана енгізілген екен. Ал алқабилерін қатыстырып іс қарау­дың континенталдық түрін енгізген дамыған демократиялық қоғам орнатқан 12 мемле­кетіміз де ескі Еуропада орналасқан. Айта кету керек, бұл мемлекеттерде де қылмыстық істердің басым көпшілігін кәсіби судьялар қарайды. Ал басқа мемелекеттерде қыл­мыс­тық істерді де, азаматтық істерді де кәсіби судьялар қарайды. Демек, дүниежүзі мем­лекеттерінің басым көпшілігі кәсіби судья ғана қатысатын немесе кәсіби судьямен бірге алқабилері бірлесіп шешім шығаратын соттарға сенім артып отыр.

Бізде 2006 жылы қабылданған алқаби­лерге байланысты заң – сол ескі Еуропадағы континенталдық моделді енгізген мемлекет­терді алқабилерін қатыстырып сот ісін қарау тәжірибесін толық жан-жақты зерттеп, соларға сүйене отырып жазылған заң. 

Сонымен, алқаби деген кім деген сұ­раққа жауап іздесек, ол – санасы заң қағи­дат­тарының ықпалынан тәуелсіз, қылмыс жасаған адамның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешім қабылдаған кезде тек ар-ұятты, әділдікті және өзінің сенімін бас­шылыққа алатын алқа құрамына қылмыстық істер жүргізу заңының талабына сай іріктеліп алынған адам екенін айтуға болады.

Енді қандай азаматтар алқаби бола алады және алқабилер тізімі қалай жасалады, осыған қысқаша тоқтала кетейік.
«Алқабилер туралы» ҚР заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, жергілікті атқарушы орган­дар жыл сайын жылдың 1 желтоқса­нына алқабиге кандидаттардың тізімдерін жасайды.

Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне 25 жасқа толмаған, соттылығы бар, қабілеті шектеулі деп танылған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қыз­метшілер, сондай-ақ құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді.

Алқабиге кандидаттардың тізімдерін жасақтағанда кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бір шек қоюға жол берілмейді.

Уәкілетті органға тізімдерді қалыптас­тыруға тиісті өңірлік сот төрағасының ұсы­ны­м­ын алғаннан кейін бір ай мерзім бе­ріледі. Бұл мерзім алқабилерге кан­ди­даттардың өте сапалы тізімін жасау үшін жетпейді. Алқабиге кандидаттарды тексеру және заң талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды тізімнен алып тастау үшін жергілікті уәкілетті билік органдары құқықтық статистика басқармасына, АХАЖ органдарына, ішкі істер департаментіне, қаржы полициясына сауалдар жібереді. Тәжірибе көрсеткендей, 1 айдың ішінде тек­серу жүргізуге үлгермей, соттарға сапасыз жа­салған тізімдерді асығыс жібереді. Сон­дық­тан кейде тізімдерде алқабиге канди­дат­тардың тұрғылықты мекенжай­лары, жұмыс орны, тіркелген жері дұрыс болмай шы­ғады, тізімге кейде көзі көрмейтін, на­шар еститін мүгедектер, мемлекеттік қыз­мет­шілер, 65 жастан асқан азаматтар енгізіледі. 

Жергілікті атқарушы органдардан алқа­билерге кандидаттардың тізімін алғаннан кейін облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары облыстық сот аппа­ратының күшімен тізімге енген алқабиге кандидаттарға сауалнама жүргізуге тиіс. 

2006 жылы республикада қылмыстық процеестік заңға толықтырулар енгізіліп, 2007 жылдың 1 қаңтарынан елімізде алқаби­лердің қатысуымен қылмыстық іс қарала бастады. 

2007-2009 жылдар аралығындағы кезеңде алқа билердің қатысумен қылмыстық істі қарау облыстық соттың құзыретінде болды және облыстық соттар қылмыстық заңмен өлім жазасы көзделген қылмыстар бойынша істерді алқабилердің қатысуымен қарады. Облыстық соттарда алқабилердің қатысуы­мен қаралатын бұл істер адамға қасақана қаза келтіруге байланысты қылмыстық істер болып табылады. 

Алқабилер соты жұмыс істей бастаған соңғы 7 жылда алқабилердің қатысуымен қаралған қылмыстық істердің саны жылдан-жылға көбейе бастады. Алқабилердің қатысуымен 2007 жылы – 36, 2008 жылы – 42, 2009 жылы 52 қылмыстық іс қаралды. Ал, 2010 жылы алқабилер сотында қаралатын қылмыстық істер тізімі кеңейтілді. 

Аса ауыр қылмыстар бойынша істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып, Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық кодексінің (бұдан әрі ҚК) 165, 166, 166-1, 167, 168 (бірінші бөлігі), 169, 233 (үшін­ші және төртінші бөлігі) – баптарында көз­делген қылмыстарды қоспағанда, алқа­билердің қатысуымен қарастырылуы мүмкін барлық аса ауыр қылмыстар бойынша істер осы соттың қарауына берілді. Соның нәти­жесінде, 2010-2014 жылдар арасында қылмыстық істерді қарайтын арнайы соттар алқабилердің қатысуымен 1558 адамға қатысты 1133 қылмыстық іс қарады.

Алқабилердің қатысуымен осы жылдары 133 адамға ақтау үкімі шығарылды және бұл көрсеткіш алқа билердің қатысуымен қарал­ған қылмыстық істер бойынша сотталған адамдардың 8,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жай сотта шығарылатын ақтау үкімдерінен 8 есе көп. Сондықтан да республика азаматта­ры­ның алқабилер сотына сенімі арта бастады.

Алайда 2013 жылдың екінші жартысында процестік заңға өзгерістер енгізіліп, алқаби­лер сотына сотты болатын қылмыстық істер қысқартылды. Осы қысқартуға түрткі болған құзырлы органдардың өкілдері қысқар­ты­лудың себептерін әртүрлі жағдайлармен тү­сіндіруге тырысты. Алқабилер сотында қа­ралатын қылмыстық істер соттылығы қыс­қартылғаннан кейін бұл сотта тек Қыл­мыстық кодекстің 96-бабының екінші бө­лігінде қарастырылған, яғни ауыр жағдайда адамға қасақана қаза келтірілген қылмыс қана қаралатын болды. Оның үстіне осы қылмыс ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерімен жасалса, мұндай қылмыстық істер алқабилер сотына қаралуға берілмеді. Соның салдарынан алқабилер соты қарай­тын қылмыстық істер бірден қысқарып кетті.

2015 жылдың бірінші тоқсанында рес­пуб­лика бойынша алқабилер соты 10 адамға қатысты бар-жоғы 8 қылмыстық істі қа­ралды. Осылайша, бұл жағдай ел сеніміне енді ие бола бастаған алқабилер сотының қоғамдағы рөлінің әлсіреуіне әкеліп соқты. 

Қазақстан Респубикасы Конститу­ция­сының 75-бабына сәйкес, заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердің қатысуымен жүзеге асыры­лады. Демек, қылмыстық жауапқа тартылып, күдікті деп танылған республиканың кез келген азаматы өзіне байланысты қылмыс­тық істі алқабилер сотымен қаратуға құ­қылы. 

Құқық қорғау саласында институттық реформа жүргізуді тапсыра отырып, Елбасы Н.Назарбаев заң үстемдігін қамта­масыз етуге бағытталған 100 нақты қадам туралы Ұлт жоспарында алқабилер сотын қол­дануды кеңейтудің қажеттігін атап көр­сетті. Осыған орай Жоғарғы сот терорризмге және экстремизмге байланысты қылмыс­тардан басқа барлық аса ауыр қылмыстардың бәріне алқабилерді қатыстырып қарауды ұсынған болатын.

Ал Жаңғырту жөніндегі ұлттық ко­мис­сия, алқабилер сотына аса ауыр қылмыс­тар­дың ішінде адамға ауыр жағдайда қасақана қаза келтіруге, қылмыстық топ, ұрланған адамды қанау мақсатында жасалған адам ұрлауға, абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адам ұрлауға, қылмыстық топ жасаған не­месе абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адам саудасына, кәмелетке толмаған адам­ды, қылмыстық топтың қылмыстық әрекет­теріне тартуға, қылмыстық топ жасаған не­месе абайсызда жәбірленушінің өліміне не­месе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан кә­мелетке толмағандар саудасына байла­нысты қылмыстарды қарауға беруді ұсынып отыр.

Қазақстан қоғамы алқабилер сотын сақтауды оны қолдану ауқымын кеңейтуді қолдай отырып, азаматтардың құқықтық сана-сезімінің өскенін, сот әділдігін атқару­да қоғам мүшелері – алқабилердің алатын орнының ерекше екенін, сот әділдігін атқа­рудың бұл түріне үлкен сеніммен қарай­тын­дықтарын көрсетіп отыр.