Нұржан Қайыпжан, ҚР Жоғарғы сотының судьясы «Инвестициялық сот» // «Айқын», 2015 жылғы 5 тамыз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Өмір өз талабын әр кезеңде қойып отырады.

Қазіргі жаһандану уақытында экономикалық байланыстардың нығаюы, дамушы елдер мен нарықтық қатынастар арасында бәсекелестіктің өсуі ұлттық экономикаға инвестициялық тартымдылықты арттыру мәселесін жаңғырту қажеттігін көрсетіп отыр.

Халықаралық сауда-экономи­калық байланыстардың дамуы, әлемдік экономикадағы ықпал­дастық үдерістері бізден жаңа көзқарастар мен оңтайлы тәсіл­дерді талап етуде. Соның ішінде, сот әділдігін тиімді жүргізу мәсе­лелері де бар. Өйткені қазақстан­дық сот жүйесі жалпы әлемдік үдерістен тыс қала алмайды. Сондықтан бірінші кезекте ин­вес­тицияларды қорғау тұрғы­сындағы заңнаманы және сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне баса маңыз беріліп отыр.

«Әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолжетімді бол­мақ. Жекеменшік құқығы мыз­ғы­майтын болады. Инвестициялық сот және халықаралық төрелік сот орталығы үздік халықаралық тә­жірибенің үлгісі бойынша елдегі бизнес ахуалды әлемдегі ең тар­тымдылардың бірі етуі тиіс» деп елімізде инвестициялық кли­матты жақсарту мақсатын Елбасы Н.Ә.Назарбаев айқын­дады. 

Мұнымен қатар, мемлекет бас­шысының «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі за­манғы мемлекет» атты Ұлт жоспа­рының 23-қадамында инвести­циялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құруды, Жоғарғы сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін Инвести­циялық алқаны ұйымдастыруды тапсырды. 

Елбасының заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде Ұлт жос­парындағы осы тапсырмасын іске асыруға байланысты тағы бір өрелі іс өмірге жолдама алуға дайын. Атап айтқанда, инвести­циялық ахуалды жақсарту мақса­тында және соттарға деген се­­нім­ді одан сайын арттыру үшін Ас­тана қалалық сотында инвес­тициялық дауларды қарайтын сот құрамын құру қарастырылуда.

Бұл жүйенің басты ерекшелігі, сот процестері қысқа мерзімде, барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізілмек. Инвестициялық дау­лардың сапалы қаралуы судья­лардан бірқатар тиісті салалар мен құқықтық институттарға арнайы бейімделген білімділікті, жалпы алғанда, дауларды шешуде неғұрлым практикалық тұрғыда машықтануды талап етеді.

Инвесторлардың қатысуымен қаралатын даулардың санатына салықтық, кедендік, жер қой­науын пайдалану, қоршаған ор­таны, зияткерлік меншікті, бәсе­келестікті және табиғи монопо­лияларды қорғау, тағы басқа да даулар жатқызылатын болады.

Сот жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселер: кәсіпкерлік субъек­тілері қатысатын сот істерінің қаралуын жеделдету, сот өндірісін жеңілдету, төрешілдік ресімдерді азайту сұрақтары да қарастырылуда.

Елбасы алға қойған жаңа мін­деттерді жүзеге асыру бары­сында бұл салада Жоғарғы сот тара­пынан бірқатар игілікті шаралар: ең озық инвестициялық соттар жұмыс істейтін шетел тәжірибесін оқып-үйрену, оны қолдану прак­тикасын зерделеу, инвесторлар қатысатын салалардағы дауларды зерттеу жүргізіліп жатыр.

Биылғы ақпан айында Жо­ғарғы соттың ұйымдастырған «Әділ сот жүйесі және орнықты заң­нама – тартымды инвес­тиция­лық климаттың кепілі» атты ха­лықаралық дөңгелек үстел бары­сында осы мәселе кеңінен тал­қыланды. Іс-шара мұнай-газ са­ласының қазақстандық заңгерлер қауымдастығы, КАZВАR ком­мерциялық заңгерлер алқасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оған Үкімет, Конституциялық Кеңес мүшелері, судьялар, Парламент депутаттары, мемлекеттік ор­гандар және үкіметтік емес ұйым­дар, дипломатиялық кор­пустың өкілдері кеңінен қатысты.
Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің құра­мындағы «АрселорМитталТе­миртау», «Би Джи Групп», «Ка­меко», «Эксон Мобил», «Тенгиз­шевройл», «Шеврон», «Норт Кас­пиан Оперейтинг Компани», т.б. ірі компаниялардың өкілдері шақырылды.

 

Басқосуда инвесторлардың құ­қықтарын қорғау, инвес­тиция­лық дауларды шешу, инвестор­ларға арналған салық артық­шылықтары, инвестициялар және төрелік туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі өзекті мәсе­лелер жан-жақты талқыланды. Инвесторлардың қатысуымен дауларды қарастыру және шешу тұрғысында сындарлы пікірлер алмасылды.

Елімізде инвестициялық сот құру, оған білікті шетелдік ма­мандарды тарту қажеттілігі жайлы Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде: «Шетелдік және отан­дық инвесторлар қазақ­стандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвести­циялық дауларды қарауға шетел­дік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және ха­лықаралық соттардың үздік стан­дарттары бойынша қарау қажет» деп тапсырған болатын.

Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Жоғарғы сот пен Ұлттық банктің бірлескен деле­гациясы Біріккен Араб Әмір­лік­теріне және Сингапур Респуб­ликасына жұмыс сапарымен бар­ды. Осы сапар барысында инвес­тициялық дауларды шешудің және қаржы орталықтарын да­мытудың озық шетелдік тәжі­рибесі зерделенді.

БАӘ-нің Жоғарғы соты мен Дубай халықаралық қаржы орта­лығындағы ресми кездесу бары­сында соттар арасындағы ын­тымақтастық туралы ресми хат­тамаға қол қойылды. Сөйтіп, осындай құрылымдар құрылған кезде консультациялық көмек көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сингапурда өткен басқосуда сот ісін жүргізу, инвестициялық даулар саласын реформалау, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру және соттарды ақпарат­тармен қамтамасыз етудің мән-жайы кеңінен талқыланды.

Дубай халықаралық қаржы орталығы мен Сингапур қолдан­ған тәжірибеден қаржы аумағын басқарудың жаңа әкімшілік тәсілдерін енгізу, төрешілдік рәсім­дерді жою, салық салу, кеден саласында инвесторларға жеңіл­діктер беру, қаржылық орталық аумағында шетел бизнесі үшін жұртшылық таныған жалпы құқық (англо-саксондық) жүйесін енгізудің тәсілдерін қолдану қажеттілігі туындап отыр.

Азаматтық іс жүргізу ко­дексінің жобасында инвесторлар мен мемлекеттік органдар ара­сындағы инвестициялық қыз­метке байланысты дауларды қа­раудың жаңа тәртібі көзделген. Соған сәйкес, инвестициялық дауларды Астана қалалық соты бірінші сатыдағы сот ретінде қарастыру қажеттілігі ұсынылды.

Жоғарғы сотта мамандан­дырылған алқа құрылып, инвес­ти­циялық даулар бойынша Ас­тана қалалық сотында қаралған істерді апелляциялық тәртіппен, ал өте ірі инвесторлық дауларды бірінші саты соты ретінде қарай­тын болады. Осылайша, маман­дандырылған құрамдағы судьялар үшін инвестициялық істер бойын­­ша сатылар санын қыс­қар­туға және істерді қарау сапасын жақсартуға жағдай жасалады.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған тәсілдер осы саладағы дау­ларды неғұрлым жоғары дең­гейде шешуге септігін тигізіп, жер­гілікті билік органдарының сот процесіне сырттан араласуына жол бермейді.