Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтің сұхбаты «Ұлылықты ұлықтаған ұстаным» // «Егемен Қазақстан», 2015 жылғы 4 тамыз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Республикамыздың күні кешегі унитарлық-тоталитарлық жүйе құрамында болған кезін қоса есептегенде Қазақстанның тарихында бес конституция қабылданды. Олардың бәрі де ұлттық автономиядан бастап, егемендікке дейінгі мемлекетіміздің белгілі бір даму кезеңдерін айқындағаны анық. Ал тәуелсіздіктің елең-алаңында қабылдаған соңғы Конституциямыз алғаш рет ел тарихында елеулі орын алып, халқымыздың жарқын болашағына жалынды бастау болды. Бұл халықтың құқықтық сауатының артқанын да айқындай түсті. Соған орай, бүгінде халық қоғамның барлық тыныс-тіршілігі заңмен ғана реттеліп, барлық мәселе заңмен ғана шешімін табатынын да жете түсінді. Өйткені, Ата Заңымыз тәуелсіздігімізді нығайтып, тұрмысымызды жақсартып, әр адамға жағдай жасап, елімізді айдай әлемге танытты. Демек, енді мемлекетіміздің әрбір азаматының парызы мен міндеті – Конституциямызда көрсетілген қағидаларды бұзбай, конституциялық құндылықтарды сақтау. Ал бұл жолда Ата Заңымыздың маңызы мен мәнін әлі де жете біле түскен жөн. Осы орайда біз Шығыс Қазақстанға барған сапарымызда облыстық соттың төрағасы Досжан ӘМІРОВКЕ жолығып, оқырмандарымызға ой салар бірқатар сұрақтарымызға сындарлы жауап алдық.

 – Досжан Сарманқұлұлы, тәуел­сіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ Президент Н. Назарбаев демократиялық мемлекеттің жоғары стандарттарына лайықты құқық қорғау жүйесін құруды қолға алған болатын. Сөйтіп, бүкіл елдің қолдауына ие болған бұл халықтық реформа егемен елімізді болашаққа апарар жарқын жолға, тұғырнамаға айналды. Осы орайда, алдымен Конституциямыздан бастау алар барлық заңдылықтардың сақталу мен орындалу ордасы саналатын соттардың құқықтық ерекше рөліне тоқталып өтсеңіз.

– Бүгінгі күні ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бас­тау болған Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын атап өтудеміз. Дүбірге толы дүние екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелді. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тәуелсіз мемлекетке айналдық. Тыңнан түрен салып, демократиялық даму жолына түстік. Іркілістері де аз болмаған ізденісі мол жылдарды да бастан өткердік. Бұл жылдардың жемісті де жеңісті болғаны ақиқат. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінгі әлемдік кеңістікпен үндестік тауып, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында көптеген тамаша табыстарға қол жеткізіп отыр. Ең бас­тысы, біз мемлекеттігімізді орнықтыру мен қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын айқындап берген өз Ата Заңымызды – Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдадық. Заңды­лықтың сақталу мен орындалу ордасы саналатын соттардың рөлі дегенде, алдымен арғы тарихқа жүгінер болсақ, өз мәдениеті болған дала өркениетінде де белгіленген заң ережелері болды. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», дау-дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесікті шешіммен реттеп отырған билер институты болған. Осының бәрінде демократиялық принциптегі конституциялық негіз болғаны тарихтан белгілі.

– Сонау 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабыл­даған, бүгінгі күнге дейін ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Конституцияны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз деп бағаласақ, артық айтқандық болмас. 1993 жылғы қабылдаған Конституциямыздың да маңызы бөлек екені рас. Дегенмен, бұл Конституцияда Қазақстан республика деп танылғанмен, нақты қандай республика екені көрсетілмеген еді және республика қызметінің түбегейлі қағидаттары айқындалмаған болатын.

– Иә, ол 1993 жылы қабылданған Конституция нарық экономикасына байланысты күнделікті туындап отырған талаптарға, оны іске асыру мақсатына, мемлекет ұстануы тиіс жаңа ағымдағы стратегиялық бағыт-бағдарына толық жауап бере алмады. Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы қайшылықтарды реттеу тетіктері де нақтыланбаған болатын. Қысқасы, жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болуға осалдық танытты. Конституцияның осы және басқа да кемшін тұстарын толықтырып, негізгі қағидаттарда айқын да анық етіп белгілеу мақсатында өмір өзі алға жаңа да толыққанды Конституция қабылдау керектігін ұсынды. Бұл уақыт талабы еді. Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен осы бір кезек күттірмес күрделі мәселеге кешіктірмей тез арада бел шешіп кірісу міндеті тұрды. Сөйтіп, әбден сарапталып, сұрыпталған Конституция жобасы халық сүзгісіне шығарылды. Конституция жобасын талқылауға бүкіл халық бар ынта-ықыласымен қызығушылық танытып, атсалысты.

Өйткені, Негізгі Заң – әрбір жекелеген азаматтың өмірдегі қарым-қатынасының, күнделікті іс-әрекетінің негізі, ол, бүкіл еліміздің бітім-болмысы. Конституцияның 1-бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Конституция жобасының бүкілхалықтық талқылаудан өтуінің өзі әрбір адамның жеке құқығына берілген еркіндік деп сезінген ел, жаңа Конституцияны қанағаттанғандық сезіммен қабылдағаны да жадымызда. Осыған орай, жаңа Конституцияға адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп, 30 баптан тұратын «Адам және азамат» атты жаңа бөлім қосылғанын, содан Конституциямызда қай салада да халықаралық нормаларға сай келетін ережелер белгіленгенін ризашылық сезіммен айта кеткіміз келеді. Бұл Конституцияда жоғарыда айтылған және басқа да кемшіліктер түгел реттелді. Біріншіден, Конституцияның екінші бабы айқын белгілеп бергендей, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып танылды.

Яғни, Қазақстан президенттік рес­публика болып жарияланып, президенттік басқару жүйесі нақтыланды. Бұл дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды. Өйткені, тап сол тұста қоғамды саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін күшті әрі топтасқан билік жүйесі аса қажет еді. Екіншіден, жаңа Конституция бо­йынша мемлекеттік біртұтас билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі боп үш тармаққа бөлінді. Ата Заңымызда осы үш билік тармағының өзара және Мемлекет басшысының билік тармақтарымен арақатынасы нақтыланды. Үшіншіден, көппартиялық негіздегі саяси жүйе қалыптасты, парламентаризмнің негізі қаланып, қос палаталы Парламент дүниеге келді. Соның нәтижесінде бүгінде кәсіби шеберлігі шыңдалған Парламент қоғам игілігіне қызмет етіп жатқан көптеген артында жарқын із қалдырар жаңа заңдар қабылдауда. Төртіншіден, сот жүйесін қалыптастырудың айқын ережелері белгіленді. Соттар мен судьялардың мәртебесін заңнама тұрғысында анықтап, сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктерін нығайтты.

– Елімізде қарқынды түрде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне бой ұрған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты.

– Иә, Елбасы еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап республикамыздың сот жүйесін жетілдіру ісін ерекше назарға алып, сот реформасын кезең-кезеңімен ілгері жылжытуда тұрақты қамқорлық көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы 2013 жылы қараша айында өткен Судьялардың кезекті VI съезінде сот төрелігін одан әрі жетілдіру туралы келелі ұсыныстарын білдіріп: «Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Егер де біз экономика мен саясатта реформа жасап, сот жүйесі мен жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек. Мемлекеттің де, менің де сот жүйесіне көп көңіл бөліп отырғаным сондықтан», – деуі осының дәлелі болса керек.

Сондай-ақ Елбасы: «ХХI ғасырдағы ұлт дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде де қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес», – деп, сот жүйесінің маңыздылығын атап айтты.

– Өзіңіз айтқандай, биліктің бір тармағы саналатын сот саласында елеулі өзгерістердің болып жатқанына, оның тәуелсіз де бейтарап және әділетті төреліктің жүзеге асырылып жатқанына қарапайым жұртшылықтың да көзі жете бастады. Реформаның басты нәтижесі осы, яғни халықтың сотқа сенімінің артуы мен өз мүдделерін қорғауы үшін сотқа жүгінуі дер едік.

– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында – жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда мемлекетіміздің дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру жөніндегі ұлттық жоспарын ұсынды. Осы бағдарламада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі міндеттері мен басты бағыттарын айқындап берді. Ұлт жоспарындағы сот қызметіне қатысты қадамдардағы Президент тапсырмалары мен алға қойған мақсат-міндеттердің нақтылығы – ұлттық сот жүйесін дамытудың қайнар көзі. Сот билігі – мемлекеттің саяси жүйесінің құрамдас бөлігі. Сондықтан да мемлекетіміз дамыған сайын сот құрылымы мен өндірісінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асып, судьялардың мәртебесі, соттардың тәуелсіздігі нығая түсуде. Бүгінгі күні елімізде 5 сатылы сот жүйесі жұмыс істеп келсе, енді 3 сатылы сот жүйесіне көшу мәселесі талқылануда. Себебі, қазіргі 5 сатылы сот жүйесінде апелляциялық және кассациялық сатылардың облыстық соттарда шоғырлануына байланысты кассациялық алқа, іс жүзінде Жоғарғы Сотқа жүктелген қадағалау сатысының қызметін атқарып, сот процестерін ұзартуға және сот шешімінің бірнеше рет өзгеруіне ықпал етіп, сот беделіне нұсқан келтіруде. Яғни, азаматтардың құқықтары мен қоғамның және мемлекеттің заңды мүддесін неғұрлым жедел әрі сапалы қорғауға кері әсер етеді. Ал 3 сатылы сот жүйесі атап өткен тиімсіз мәселелердің туындамауына, азаматтардың уақыттарын үнемдеуге игі ықпалын тигізеді. Бұл жүйе әлемдік тәжірибеде де мойындалған. Осыған байланысты кассациялық саты облыстан Жоғарғы Сот құзырына ауысқалы отыр. Сондықтан да 3 сатылы Сот жүйесіне көшу мәселесі күшіне енсе, істердің қаралу мерзімі қысқарып, сот жүйесінің демократиялық қоғамның жоғары талаптарына сай келеді.

– Дегенмен де мына бір мәселені де естен шығармағанымыз абзал секілді. Дамыған отыз елдің қатарына құрғақ көрсеткіштер мен жалаң қағидалармен ене алмаймыз. Себебі, озған елдің экономикасы, әлеуеті ғана емес, мәдениеті мен рухани құндылықтарымен қатар, заң үстемдіктері де берік болуы шарт. Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Н.Назарбаев демократиялық мемлекеттің жоғары стандарттарына лайықты сот жүйесін құруды алға қойған болатын. Осы жылдар ішінде Қазақстанның сот жүйесі реформалық сатылардан өтіп, қазір әлемдік стандартқа толық сәйкес келетін сот жүйесіне айналды. Тұңғыш Президентіміздің Ұлт жоспары – бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» осының айқын айғағы емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Бұл бағдарлама Қазақстанды ары қарай өрге тартар тың серпін, жаңа міндеттер ғана емес, күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатар батыл шешімдер, биік белестерді бағындырар жойқын рух әкелді. Халықтың қолдауына ие болған бұл реформа алыс­ты болжап, келешекте атқарылатын істерді қазіргі таңда орын алып отырған жағдайлармен ұштастырады. Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты бағдарламасында басты мақсаттарды іске асыру үшін ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын айқындап берді. Сондықтан да бұл бағдарлама егеменді еліміздің тұғырнамасы іспеттес. Нәтижесінде халқымыздың әділдікпен демократиялық саясатқа деген сенімі айқындалып, Қазақстанның кемел келешегіне алтын көпір жалғанды деп ашық айта аламыз. Ұлт жоспарының сот саласына қатысты қадамдарын барша облыс соттары мен тұрғындарына насихаттау мақсатында Шығыс өңіріндегі 18 ауданға арнайы іссапарға шығып, аудан және ауылдық округ әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшыларымен және жергілікті сот ұжымдарымен бірлесіп, қоғамдық кездесулер ұйымдастырдық. Сонымен қатар, әр аудан бойынша жергілікті тұрғындарға жеке қоғамдық қабылдау жасалып, 106 азаматты қабылдадық. Іссапарымдағы Мемлекет басшысының бағдарламасын насихаттау мақсатындағы қоғамдық қабылдау мен кездесулерден қарапайым халық та, шенеуніктер де үлкен ой түйгені байқалды. Себебі, кездесу барысында Елбасының Ұлт жоспарын қолдап, ақыл-ойларын ортаға салып, «100 нақты қадамды» жас ұрпаққа үлгі етіп жүрген көнекөз қариялар мен ақ жаулықты аналардың лебізі жанымызды тебірентті. Ойымызға ой жалғады. Бұған нақты мысал, дана халқымыз «Есті сөз – атадан балаға мирас» дегендей, ділмар шешендік Өскенбай биден аға сұлтан Құнанбайға, Құнанбайдан Абайға ауысқан. Әкесі Құнанбай Абайды өзімдей болсын, өзімнен асып түссін деген ізгі ниетпен тәрбиелеген, жастайынан ел ісіне араластырған. Құнанбай өзге балаларынан гөрі Абайдың сергек, ойлы, ұғымтал екендігін аңғарып, 13 жасынан Семейде оқып жатқан медресесінен қайтарып, түрлі жауапты да күрмеуі қиын тапсырмаларға жұмсап, баулыды. Абай құрбыларынан ерте есейіп, балалықпен қош айтысады. Әке нұсқауымен үлкендермен сәлемдесу, жөн сұрасу, салт-ғұрыптың түп төркінін анықтаудан бастап, Қаратай шешенмен сөз қағысу, Шорманның Мұсасымен мәжілісте болып, тапқырлық танытуы, қайын атасы Алшынбай сынды шешенмен ой жарыстыру – Абай өткен үлкен әрі ұлы мектеп. Осындай дала академия­сынан ұлы тұлғаларымыз Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Майқы би, Қу дауысты Құттыбай, Әйтекедей билер мен шежірелі шешендеріміз де өткен болатын. Олар жастайынан сөз саптауға төселіп, тапқырлық пен алғырлықтың, даналық пен даралықтың, ұлағаттылықтың зердесін меңгерген сөз көсеміне айналды. Ел ішіндегі дауларды былай қойғанда халықаралық қақтығыстарды да бір сөзбен тобықтай түйінін келтіріп шешімін тапқан. Бұл тәлімгерлік қасиеттер біздің бүгінгі күні үлгі алатын, қисынына қызығатын асыл қазынамыз іспеттес. Билер мен шешендердің алғырлығымен құрастырылып, көрегенді әрі ұлтжанды абыздар мен хандардың арқасында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»,Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды ата заңдарымыз жарық көріп, ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелер әділ шешіліп отырды. Осы заң жүйелері қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтып, соның нәтижесінде хандығымыз барынша күшейіп, дәуірлеген кезең болды» деген тарихи жазбалар бар. Жоғарыда атап өткен заңдар мен «Алаш» партиясының бағдарламасынан бастау алатын заңдар жүйесі, бүгінгі Конституцияның тұтас болмысы іспеттес. Өйткені, билер екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңілуімен ғана шектелмей, екі жаққа да шындықты мо­йындатып, ризалықпен бітістірген. «Билік айтқан би емес, бітістірген би» деген нақыл содан қалған.

– Бірақ, бітімнің басты мақсаты тек дауласушы тараптарды бітістіру ғана емес қой. – Әрине, сондай-ақ оның мақсаты әлеуметтік ортадағы тыныштықты, татулықты орнықтыруға жетелеу, әркімді алдымен ар-намысына жүгіндіріп, әл-ахуалды ашумен ушықтырмай, ақылмен саралауға тәрбиелеу. Өйткені, ары таза, көңілі ақ адам өз іс-әрекетінен қанағат алып, тыныш өмір сүреді, өзгелермен де жарасымды қарым-қатынас жасай алады. Бітімгершілік уәжге құлақ аспау – көргенсіздік, тексіздік ретінде бағаланған. «Бітімшілікке тоқтамағаннан – береке іздеме» деген сөз осыдан шыққан. Соның сабақтастығы қазіргі «Медиация» заңы. Қорыта келе – қазақ халқы жөн сөзге құлақ асып, мәнін түсіне, қастерлей білген. Демек, қазақ қоғамындағы құқықтық сана өте жоғары болғаны байқалады. Сондықтан да судьяға өтетін адамға қойылатын басты талап – мемлекеттік тілде еркін сөйлеу, сауатты жаза білу, яғни жан-жақты ой-толғауы зор, өзіндік пікірі бар маман болуы қажет. Қазақтың тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиетін, мәдениетін білетін, имандылық сабақтарын оқыған, жауапкершілігі мол судьялар көп болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ал Президентіміздің Ұлт жоспарында көзделген барлық құқықтық шаралар сотқа дейінгі тергеу-тексеру қызметінің сапасын жақсартуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сапалы қорғалуына үлкен мән беріліп отыр. Осы «100 нақты қадамдағы» заң үстемдіктеріне арналған қадамдар қазақ қоғамының әділет айнасына сүйеніш болуы қуантады. Халыққа заңды жетік білетін, заң үстемдігін әрқашан жоғары қоятын, қара қылды қақ жаратын кешегі әділ билердей судьялар керек екені де ескерілген. Қазіргі сот талабы да осы. Еліміздің Ұлттық комиссиясы судьялыққа үміткерлердің жасын 30 жасқа дейін өсіру және олардың сот саласына тікелей қатысты 5 жылдық жұмыс өтілін енгізу жөніндегі ұсыныстарды қолдауының да мәні осында. Судьялардың барлығы міндетті түрде сот төрелігі институтының магистратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Аталған институт Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарылып, Жоғарғы Соттың құзырына берілетіні туралы шешім де бар. – Облыстағы соттардың жұмысынан аз-кем мағлұмат айтып берсеңіз.

– Жалпы, облыс соттарымен барлық қаралған істер мен материалдар былтырғы жылы 59138-ді құраса, биылғы қаралған істер мен материалдар саны 64949-ға өскен. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда биылғы көрсеткіш 6 мыңға жуық іспен артып тұр. Арыздар мен талап-арыздарды қозғалыссыз қалдыру, қайтару және қабылдаудан бас тарту туралы мәселелер облыстық соттың жіті бақылауына алынып, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 5 талдау жүргізіліп, 11 анықтама жасақталды. Шығыс Қазақстан облысы соттарында іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру, істерді мемлекеттік тілде қарау мақсатында нақты шаралар қолға алынды. Мәселен, АІЖК-нің 14-бабының 2-бөлігін басшылыққа алып, 97 азаматтық іс бойынша сот тілі мемлекеттік тілге ауыстырылды. Ал 2015 жылдың 6 айында істердің 14 пайызы мемлекеттік тілде қаралды. Бұл – осы аймақ үшін үлкен көрсеткіш. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше қарқынмен жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлыққа байланысты 31 адамға қатысты 29 қылмыстық іс түссе, 2014 жылдың 6 айында 67 адамға байланысты 51 қылмыстық іс түскен. Оның ішінде 27 адам сотталып, 10-ы бас бостандығынан айырылды. Ал облыс судьяларының үстінен Жоғарғы Сотқа 33 шағым түсті. Оның ішінде 2 шағым толығымен расталды. Шағымдардың басым көпшілігі Семей, Өскемен қалалық соттарына және экономикалық сотқа қатысты. Аталған соттарда істерді қарау жүктемелері жоғары болғандықтан, шағымданушылар саны да басым болып отыр. Әрбір түскен шағым бойынша қызметтік тексерістер жүргізіліп, тексеріліп, кемшілік анықталса, дереу тиісті шара қолданылады. – Сот беделі – судья беделі дейміз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс», деген болатын.

– Расында да судьялар үнeмі халықпeн тiкeлeй қарым-қатынаста болғандықтан олардың моральдық бейнесі мен кәсіби жетістігі қызмет барысында eрeкшe рөл атқаратындығы белгілі. Сондықтан, әрбір судья сот билігінің тәуeлсіздігін нығайтуға, өз кәсібінің беделін арттыруға, сот төрeлігін нығайтуға қатысты жұмыстарды адал жүзeгe асыруға тиіс. «Бидайдың барар жері – диірмен, әр істің барар жері – сот» дегендей, елімізде сот саласын дамытуға байланысты көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Елбасы бағдарламасында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру, судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту мәселелері, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, жаңа Этикалық кодексті жасау мәселелері де назардан тыс қалмағаны – қуантарлық жағдай. Себебі, талап күшейген сайын жұмыс сапасы да арта бермек. Яғни, мемлекет тарапынан мықты қорғалған, материалдық жағынан жақсы қамтылған, күрделі іріктеулерден өткен, білікті де дербес, бейтарап судья ғана іс жүзінде заң үстемдігін қамтамасыз ете алады. Елбасының осындай көрегенді нұсқауымен бұл бағдарлама сот жүйесін, басқа салаларды да, тіпті барша елімізді өркендетуге мұрындық болары сөзсіз. Сонымен қатар, Елбасы инвестициялық даулар бойынша дербес сот өндірісін құруды ұсынды. Себебі, заңы мықты елдің экономикасы да мықты болуы тиіс. Ал заңы осал мемлекеттерге шетелдік инвес­торлар көп келмейді. Сондықтан, елімізде инвестициялық дауларды қарайтын соттар құрылмақ. Яғни, еліміздің инвестициялық ахуалы жақсарып, инвесторлар заманауи талаптарға сай сот жүйесінің, заң үстемдігінің арқасында, жиі орын алатын даулар мен жанжалдар ұзаққа созылмай түбегейлі шешімін табарына сенімді болады. Бұл жүйе арқылы сот процестері қысқа мерзімде әрі барынша жеңілдетілген жағдайда жүргізіліп, дауларды әлемдік стандартқа сәйкес шешуге мүмкіндік береді. Ал дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіріп отырған еліміз үшін жоғарыда атап өткен негізгі өзгерістер тиімді болмақ. Судьяларды іріктеуде де салмақты реформалар күтіп тұр. Мәселен, судьялыққа үміткердің жасына қатысты қойылатын талап күшейеді, үміткерлер үшін сот ісін жүргізуге бес жылдық жұмыс өтілінің болуы туралы талап енгізіледі. Жеке кепілдік беру институты іске асып, жаңадан тағайындалған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімі қосылмақ. Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру, судья лауазымына үміткерлердің біліктілік талаптарын қатайту мәселері, олардың есеп беру тәртібін күшейту, жаңа Этикалық кодексті жасау мәселелері де назардан тыс қалмағаны қуантарлық жағдай. Себебі, талап күшейген сайын жұмыс сапасы да арта бермек. Яғни, мемлекет тарапынан мықты қорғалған, материалдық жағынан жақсы қамтылған, күрделі іріктеулерден өткен, білікті де дербес, бейтарап судья ғана іс жүзінде заң үстемдігін қамтамасыз ете алады. Елбасының осындай көрегенді нұсқауымен бұл бағдарлама сот жүйесін, басқа салаларды да, тіпті барша елімізді өркендетуге мұрындық болары сөзсіз. Сондықтан да әділет айнамыз айшықталып, болашақта кешегі қазақ даласының дана билеріндей ғаділ судьялар ғана қалады деген үміттеміз.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.