Марғұлан Бектұрғанов, Атырау облыстық сотының төрағасы.АТЫРАУ «Болашаққа бастайтын бағдарлама» // «Егемен Қазақстан» газеті, 2015 жылғы 25 шілде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылғы 6 мамырда Астана қаласында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп берген Ұлт жоспары бағдарламасы Атырау облысы судьялар қауымдастығы тарапынан үлкен қолдау табуда.

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – «2050» Стратегиясын жүзеге асыруға, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, мемлекеттілігімізді нығайтуға, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан барынша аз зардаппен шығуға бағыт сіл­тейтін, яғни еліміздің жарқын бола­шағына кең жол ашатын маңызды құжат. Президент Н.Назарбаев Ұлт жоcпарының маңыздылығы туралы: «Бұл 100 қадам жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап болмақ, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады. Ал реформаларды жүзеге асыру алдағы 10 немесе 15 жылға не­гіз­делген жалпыұлттық нөмірі бірінші мақсат-міндет болып табылады», – деп атап көрсетті.

Елбасы ұсынып отырған бес инс­титуттық реформаның «Заң­ның үстемдігін қамтамасыз ету» бөлі­мінде жүзеге асырылатын шара­лар­дың сот, полиция органдарына ба­ғыт­талуы Елбасының сот беделінің мемлекет беделі екендігіне, құқық­тық қауіпсіздіктің қаншалықты маңызды екендігіне айрықша назар аударатынының айқын дәлелі. Мәселен, 16-қадамда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу туралы нақты да анық айтылған. Сол сияқты, 17-қадамда судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілеу жүйесін енгізу, судьялықтан үміткерлер сот­тарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өту, бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімімен өту көзделген.

Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, оларға қатысты жаңа Эти­калық кодексті жасап, қолданысқа енгізу, азаматтардың судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдануын қамтамасыз ету мәселесі де назарға алынып отыр. Барлық сот процестерінің үнқатысулар мен бейнетаспаларға жазылуын міндетті түрде енгізу, Алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейту бүгінгі және келешек ұрпақ мүдделері үшін аса құнды. Сонымен бірге, Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC Халықаралық арбитраждық орталығын құру, шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру – күн тәртібіндегі өткір мәселелердің бірі.

Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңының 3-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жо­ғарғы Соты, Қазақстан Республи­ка­сының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құры­латын жергiлiктi және басқа да соттар құрайды. Жергiлiктi соттарға облыстық және оларға теңестiрiлген соттар, аудандық және оларға теңестірілген сот­тар жатады. Осы орайда айта кететін болсақ, үш сатылы сот жүйесі – халық­аралық тәжірибеде кеңінен қолда­нылып жүрген тиімді тәсілдердің бірі. Оның басты тиімділігі сол, сот шешімінің бірнеше мәрте өзгеріп, айналып келгенде күшін жоюына батыл тосқауыл қояды. Қазіргі таңда облыстық соттардың кассациялық сот алқасы Жоғарғы Сотқа жүктелген қадағалау алқасының қызметін қайталауда.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу мәселесіне келетін болсақ, менің ойымша, Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңының 29-бабының 1-бө­ліміне өзгерістер енгізіп: «… Судья лауазымына жасы 30-ға толған, мемлекеттік тілді жетік білетіндігі туралы сынақтан мүдірмей өткен, жоғары заңгерлік білімі бар, медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқа­руға кедергi келтiретiн аурулары жоқ, мүлтіксіз қызмет өтілі мен кем дегенде сот саласында 5 жыл жұмыс жасаған, бір жылдық тағылымдама мен бір жылдық сынақ мерзімінен сүрінбей өткен азаматтар өтуі қажет» деп жазу керек.

Судьялықтан үміткерлерді іріктеу кезінде қойылатын талаптың күшейтілуі олардың өз қызметтеріне кіріскен кезде жауапкершіліктерін жоғарылатуға оң септігін тигізетіні сөзсіз. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін кеңейту, біліктілік талаптарын қатайту, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін Сот төрелігі институтын мемлекеттік бас­қару академиясының құрылымынан бөліп алып, Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істейтін ету керек. Сонда бұл жайт қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түде арттырып отыруын қамтамасыз ететін болады.

Елбасы ұсынған бес институттық реформа – өзге де мемлекеттік құры­лым­дармен бірге, судьялар мен сот қыз­меткерлерінің тарапынан үлкен қолдауға ие болған ұлттық бағдарлама. Атал­ған бағдарламаны еліміздің эконо­микасының, халықтың әл-ауқатының көтерілуінің жеделдеткіш католизаторы десек, асыра айтқандық емес. Сон­дықтан Ұлт жоспарын жүзеге асыруға белсене қатысуымыз қажет.