Республика судьялары татуластыру рәсімдерін дамыту мен құқық қолдану мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Павлодар облыстық соты «Мектеп медиациясы. Алғашқы тәжірибе және оның келешегі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Осы іс-шараға 127 директор, өңірдің 58 оқу орнының тәрбие жұмысы жөніндегі оқу ісінің меңгерушілері мен психологтар қатысты.

Семинардың мақсаты - медиацияны жүргізу әдістемесін іс жүзіне асыру жолымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық прфилактикасының жаңа механизмдерін түзу болып табылады.

Өңірде 2018 жылы 22 медиациялық келісім жасалды, құқықтық турнирлер өткізіліп, 9 мектеп пен 3 колледжде мектеп медиациясы қызметтері құрылды.

Облыстық соттың судьясы Гүлнұр Тергемесова сабаққа қатысушыларды «Татуласу: сотқа дейін және сотта», «Отбасылық сот», «Еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар профилактикасы» және «Билер кеңесі» жобалары туралы хабардар етті.  Медиация орталығының жетекшісі Ольга Николашина, ювеналдық соттың төрағасы Қаламқас Темірова, Павлодар қаласының аға прокуроры Гүлжан Тұяқбаева, ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Бибігүл Қамзина, медиатор Ирина Седлецкая, сот жүйесінің ардагері Марина Иванова мен психолог Светлана Столяревская даулардың алдын алу институты ретінде татуластыру рәсімдерінің рөлі туралы айта келіп, 2019 жылы мектеп медиациясын енгізу бойынша нақтылы ұсыныстарын білдірді.

Қ. Темірова кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылықтың алдын алу үшін мектептер мен колледждерде құқық бұзушылық профилактикасын белсенділікпен жүргізу жөнінде бірқатар ұсыныс енгізді.

М. Иванова «Отбасылық сот» жобасының мақсаты мен міндеттері және татуластыру орталығының жұмысы туралы әңгімелеп берді.

Іс-шараның нәтижесі бойынша 6 мектеп пен 29 колледж ағымдағы жылы «Мектеп, колледж - жанжалы жоқ аумақ» жобасына қатысады деп белгіленді.

 

Шымкент қалалық соты ҚХА филиалымен бірлесіп «Татуластыру рәсімдерін жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.

Өз сөзінде Шымкент қалалық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Парменов медиаторларға медиация рәсімдерін жүргізу туралы қосымша түсіндірудің қажеттілігіне назар аударды.

Абай ауданының судьясы Еркен Отарбаев медиация рәсімдерін жүргізу тәртібі және соттан тыс жасалатын шарттарға қойылатын талаптар туралы әңгімелеп, медиацияны дамытуға қосып отырған үлесі үшін медиаторларға алғысын айтып, олардың алдағы уақытта да бірігіп жұмыс жасауына тілектестігін білдірді.

 

Қазақстан медиаторлар палатасының басшысы Эльмира Есимбетова мен «Дана» құқық және медиация орталығының төрағасы Дана Кенжеқұлова тренинг өткізіп, оның барысында медиациялық рәсімдерді қолданудың негізгі қағидалары мен медиация арқылы қарауға жататын даулардың түрлері және келіссөздерді жүргізудің тәсілдері туралы әңгімелеп берді.

Қаратау аудандық сотының татуластырушы судьясы Жанат Мүсірәлі азаматтық істерді қарау кезінде татуластыру рәсімдерін өткізу тәжірибесімен бөлісті.

 

Шымкент қалалық сотының судьясы Нұрлан Биболов «Дауды медиация тәртібімен сотқа дейін және сот арқылы реттеуді қолдану практикасы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға судьялар, прокуратура, адвокатура өкілдері, нотариустар мен медиаторлар қатысты.

Нұрлан Биболов өз сөзінде іс-шараның дауларды шешу кезінде татуластыру рәсімдерін қолдану тәсілдерін түсіндіруге, медиаторлар кабинеті жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталып отырғанына назар аударды. Судья соттардың жұмысын құрамында ардагерлер, зиялы қауымның өкілдері, жергілікті активтің беделді өкілдері мен ауыл ақсақалдары бар билер кеңестерінің жұмысымен үйлестірудің қажеттілігін атап өтті. Олар дауларды сотқа дейін реттеуді кеңінен іске асыруда. Мәселен, Қаратау ауданы бойынша Ардагерлер кеңесінің мүшесі Кадирмат Ашурметов Билер кеңесінің қызметіне қолдау білдіріп, дауларды шешу кезінде көмектесуге әзір екенін айтты.  

Аудандық соттың төрағасы Ермахан Рахманберди «Соттағы татуластыру рәсімі» жобасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Қаратау аудандық сотының судьясы Жанат Мүсірәлі дауларды сотқа дейін реттеуді қолданудың проблемаларына тоқталды. Осы ретте медиатор Дана Кенжеғұлова татуластыру рәсімдерін қолданудың өміршеңдігі медиаторларға, судьялар мен адвокаттарға ғана емес, сонымен бірге ең алдымен азаматтардың құқықтық санасына байланысты екенін атап көрсетті. Дауды медиация арқылы, яғни баламалы тәсілмен шешу азаматтардың уақытын, ақшалай шығынан үнемдеуге, ең бастысы - адами қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.                Д.  Кенжеғұлова кәсіби емес медиаторлардың жұмысын одан әрі дамыту туралы айта келіп, бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Сөз сөйлеушілер өзара пікір алмасып, медиация институтын дамыту жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.

 

 

Қарағандының мамандандырылған тергеу сотында құқық қолдану практикасының мәселелері талқыланды.

Кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің шоттары мен мүлкін алу, оларға тыйым салу, нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде құжаттарды алу мәселелерін талқылауға тергеу судьялары, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының, прокуратура мен адвокатураның өкілдері қатысты.

Облыстық соттың судьясы Еркеш Маукен өз сөзінде алуды санкциялау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы өтінішхатының дәлелді болуы керектігіне, онда алынуға тиісті құжаттың нақтылы атауы көрсетілуі қажет екеніне назар аударды. Тергеу судьялары алуға жататын және нотариаттық куәландырылатын құжаттарда мемлекеттік құпия немесе заңмен қорғалатын құпия белгісінің бар-жоғын ескергендері дұрыс. Тергеліп жатқан қылмыстық іске қатысы бар мәліметтер ғана алынуы керек.

Тергеу соты төрағасының міндетін атқарушы Руслан Мұқатаев, тергеу судьясы Мырзабек Байгаскин мен прокурор Шыңғыс Нұрдәулетов сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өтінішхаттары мен ұсынымдарын қарау кезіндегі мәселелер туралы ой бөлісті.  

 

 

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев еңбек даулары мен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың профилактикасы мәселелері бойынша семинар өткізді.

Семинардың мақсаты - соттар мен кәсіподақ ұйымдарының жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы еңбек дауларын татуласу жолымен шешу, ұжымдық шарттың қолданылуы, татуласу рәсімдерін одан әрі дамыту туралы бірлескен шараларды пысықтау бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету болып табылады.

Іс-шараға Кәсіподақ орталығының төрағасы Мейірхан Төлебаев, облыстық соттың судьясы Ләззат Мамырбаева, заң мәселелері бойынша маман Бақытбек Нұрпейісов, кәсіби медиатор - татуластыру орталығының жаттықтырушысы әрі жетекшісі Елизавета Абдрахманова қатысты.

Өз сөзінде Д. Әбдіғалиев жұмыс істеп тұрған медиация кабинеттерінің еңбек дауларын азайту бағытын ұстанатынын және кәсіподақтармен өзара жұмысты үйлестірудің қажеттілігін атап көрсетті. «Кәсіподақтар еңбек жанжалдарын шешу кезінде орасан зор рөл атқарады. Біз жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің әкімшілік ресурстарының бір-бірінен тым алшақ екенін түсінуге тиіспіз. Кейде жұмыскерлер өздерінің құқықтарын қорғай алмайды, белгілі бір жағдайларда тіпті не істерлерін білмейді. Мұндай жағдайда кәсіподақтар төреші болуға тиіс»,- деді ол.

Семинарға қатысушылар бірлесе іс-қимыл жасау мәселелерін талқылай келе, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде жалақыны уақтылы төлеу, медиаторлардың қатысуымен дауларды уақтылы шешу, еңбек дауларын шешу кезінде медиаторлардың қызметін үйлестіру, азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуын анықтау мәселелері бойынша бірқатар шараларды пысықтады.

 

 

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ерлан Жанадилов өңір соттарында «Судья көмекшісі» пилоттық жобасын іске асыру мәселесіне арнап «дөңгелек үстел» өткізді. Осы іс-шараға облыстық соттың судьялары Зәуре Байболова, Алтын Шойынбекова, орнынан түскен судья Ғайша Сыздықова, Көкшетау қалалық, Степногорск қалалық соттарының төрағалары, судьялар, судьялардың көмекшілері мен соттар кеңселерінің меңгерушілері қатысты.

Жобаны іске асыру мәселелерін талқылауға Ш. Уәлиханов атындағы КМУ тарих және заңтану факультеті деканының оқу-әдістеме жұмысы бойынша орынбасары Арман Хабдулин, соттарда практикадан өтіп жүрген студенттер, сондай-ақ А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Е. Жанадилов өз сөзінде судьялардың көмекшілерін судьялыққа кандидаттар деп атап, жобаның сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға бағытталып отырғанын атап көрсетті. Оның пікірі бойынша судья көмекшісінің  лауазымы жұмысқа шығармашылықпен қарап, талдау жасауды және заңнаманы мұқият зерделеуді талап етеді.

«Дөңгелек үстелге»  қатысушылар судья көмекшісінің жұмысы туралы бейнефильмді көріп, жобаның республика соттарында іске асырылу барысымен танысты.

Орнынан түскен судья Ғайша Сыздықова бұдан кейін судья көмекшісі институтын іске асыру мен оның келешегі туралы сөз сөйледі. Ол судья көмекшісінің негізгі міндеттерін айқындап, басқа елдердің көмекші институтын дамыту саласындағы тәжірибелері туралы әңгімеледі.

Көкшетау қалалық сотының судьясы Динара Урумбаева, МӘС судьясының көмекшісі Айжан Балажан жобаны іске асыру туралы әңгімеледі. Баяндамашылар өз сөздерінде өздеріне көмекшілер бекітілген судьялардың кейінге қалдырған істерінің саны, шешімдерге апелляциялық шағым беру пайызы, процеске қатысушылардың судьяларға шағымдары және сот отырыстарының уақтылы басталмау жағдайлары азайғанын айтты. Сот актілері процеске қатысушыларға, орындау үшін және архивке уақтылы жіберіледі.

Жоғары оқу орындарының өкілдері судья көмекшісінің қызметіне қызығушылық танытып, өзара белсене іс-қимыл жасап, болашақ кадрларды тиімді дайындау, студенттердің бойында сот жүйесінде істеу дағдысын қалыптастыру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.

Іс-шараны қорытындылай келе, судьялар оқу орындарымен бірлесіп бірқатар іс-шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

 

 

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ермек Қанапиев «Нотариат жазбаларын жасау бойынша проблемалық мәселелерді талқылау және оларды шешудің жолдары» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» өткізді. Қатысушылар бірыңғай құқық қолдану практикасын әзірлеу және нотариустарда атқарушылық жазбаларды жасау кезінде туындайтын бірқатар мәселелерді шешудің мүмкіндіктерін пысықтау  туралы пікір алысты.

Талқылауға судьялар, өңірдегі Нотариат палатасының директоры Артем Коняхин, нотариустардың біліктілігін арттыру жөніндегі комиссияның төрағасы Гүлнәр Ақбұрышева және нотариустар қатысты.

Е. Қанапиев өз сөзінде нотариустардың қатысуымен берешектерді қайтарудың соттан тыс рәсімі туралы заңнамадағы өзгерістердің уақыт жағынан да, қаржылық шығындар жағынан да азаматтар үшін тиімді болып отырғанын атап өтті. Сондықтан да осы жаңашылдықтар кредиторлар үшін қажет деген пікір айтылды.

Судьялар заңдардағы жаңашылдықтар туралы түсіндіріп, нотариустардың атқарушылық жазба туралы арыздарды қабылдау, борышкерді тиісінше хабардар ету, нотариустың қосымша шығыстарын өндіріп алу мәселелерін және т.б. талқылады.

Талқылауға қатысушылар бірыңғай құқық қолдану практикасының қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.  

Источник: 
Жергілікті соттардың баспасөз қызметі