Қостанай, Ақтөбеде және Қарағандыда «Білгір» конкурсы өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Конкурсты ашқан Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев рухани-мәдени білімді арттыру, ұлттық кодты және дәстүрлі мәдениетіміз бен құндылықтарымызды сақтау мақсатында іс-шара ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Тарихи-танымдық сайыс Туған өлкем – тарихым», «Тіл – қылыштан да өткір» және «Ел тарихы – тағылым» атты үш кезеңнен тұрды:   

Қатысушылар өздерінің туған өлкесінің тарихын әсерлі жеткізіп, қосымша слайдтар көрсетті. Асанқайғы, Майқы би, Қазтуған жырау, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, Абай, Ыбырай, Қадыр Мырза әлі сынды ақын-жыраулардың  нақыл сөздерінен мысалдар келтірді. Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша сұрақтарға жауап берді.

Үздік «Білгір» атағын Қостанай қаласы №2 сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы Серік Төлеубаев иеленді, сондай-ақ Рудный қалалық сотының кеңсе меңгерушісі Сайлаухан Ержанов пен Жітіқара аудандық сотының бас маманы Ғазиза Кеңесбаева ерекше аталды.

Барлық қатысушыларға грамоталар мен қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының шығармалары  табыс етілді.

        

Ақтөбе облыстық сотында «Туған өлкем – тарихым», «Билердің сөзі – ақылдың көзі» және «Рухани жаңғыру» атты үш кезеңнен тұратын «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік байқауы өтті.

Байқауға қатысушылар өз туған жерлерінің тарихы, қазақтың ұлы ақындары мен билерінің нақыл сөздері бойынша өз білімдерін көрсетті, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша танымдық сұрақтарға жауап берді.

Байғанин аудандық сотының аға сот приставы Нұрлыбек Қадыров, Әйтеке би аудандық сотының сот отырысының хатшысы Жанат Әбдірова және Мұғалжар ауданының №2 аудандық соты кеңсесінің бас маманы Гүлім Жанқылышбаева байқаудың жеңімпаздары атанды. Олар байқауда белсенділік танытқаны үшін алғыс хатпен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. 

 

Қарағанды облыстық сотында «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік конкурсына аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары мен сот қызметкерлері қатысты.

Турнирге қатысушылар отан тарихы туралы, атақты ақын, жыраулардың сөздерін айтып, қазіргі заманғы Қазақстанның тарихы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған міндеттері туралы танымдық сұрақтарға жауап берді. Олар кәсібиліктерін, жоғарғы білгірлігін, тапқырлық пен таланттарын көрсетті.

Конкурстың ең үздік білгір атағына Абай аудандық сотының бас маманы Рымгүл Аяпбергенова, Октябрь аудандық сотының судьясы Ернар Әмірханов және №2 Қазыбек би аудандық сотының бас маманы Думан Шәпенов ие  болды.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі, Ақтөбе облыстық сотының қызметі