Петропавл қаласының №2 соты қызметкердің бұзылған құқығын қалпына келтірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Петропавл қаласының тұрғыны Р. Сафиуллин 2002 жылғы 11 наурызда жасалған еңбек шартына сәйкес «Kazgrain Inspection» ЖШС-де жүргізуші болып жұмыс істеген.

2014 жылдың аяғында ЖШС директоры Еңбек кодексінің 54- бабының 1-тармағы 6)-тармақшасының негізінде бұйрықта бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған деп көрсетіп, Р.А. Сафиуллинді жұмыстан шығарған.

Талап қоюшының сөзі бойынша ол бос жүрмеген, болмаған уақытта жоғары тұрған басшылықты хабардар еткен, бұл сот отырысы кезінде дәлелденген.

Осы ұйымда жұмыс істеген он екі жыл ішінде талап қоюшы бірде-бір рет тәртіптік жауапкершілікке тартылмағаны, өзін жауапты тұлға ретінде танытқаны анықталды. Сонымен бірге Р.А.Сафиуллинді жұмыстан шығарған кезде жауапкер зейнет жасына жақындағанын, еңбек тәжірибесін, ол отбасындағы жалғыз асыраушы болып табылатындығын ескермеген.

Еңбек кодексінің 177-бабына сәйкес еңбек шарты заңды негізсіз тоқтаған жағдайда жеке еңбек шартын қарайтын орган қызметкерді бұрынғы жұмысқа қайта алу туралы шешім шығарады.

Сот Р.А.Сафиуллинді жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды, «Kazgrain Inspection» ЖШС-нен Р.А.Сафиуллиннің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін  50 000 мың теңге өндіріліп алынды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Қайнар: 
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі