Жоғарғы Сот отбасын үйіне қайтарды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Баспана  дауы қашанда өзекті мәселенің бірі. Тұрғын үйді әрқилы жолмен сатып алып, кейін одан айырылып, бармағын тістеп қалатын жандар қаншама. Осындай оқиғаның бірі Ақтөбе қаласында орын алды. Оқиғаны өрбітсек, 1998 жылы Ақтөбе қаласының тұрғыны отбасымен жалдамалы пәтерде тұрып, оның иесіне қолхат беріп, сатып алған.

Арада 15 жыл өткен соң пәтер иесі аталған пәтерді босатуды сұраған. Туындаған даудың арты сотқа ұласқан. Ақыры ол өзінің берген уәдесінен тайып, баспананы уақытша  бергендігін айтып иландырғысы келген.  

Дау қыза түсіп, жауапкер олардың арасында болған сатып алу сату мәмілесін мойындау жөнінде талап қойды. Тіпті 2002 жылы пәтерге телефон  орнату үшін құжаттарды өз атына ресімдеген, ұзақ уақыт бойы пәтерді ұстап, салық төлемдерін төлеген және барлық отбасы мүшелері аталған мекенжайға тіркелген.

Ақтөбе қалалық сотының шешімімен пәтер иесінің жауапкерді пәтерден шығару жөніндегі талап арызы қанағаттандырылған.

Осы азаматтық дау Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық және кассациялық сот алқаларында қаралып, сот алқаларының қаулысымен  сот шешімі заңды және негізді деп танылды.

Жылы ұясынан айырылғысы келмеген жауапкер, жергілікті соттардың шешімімен келіспей, Жоғарғы Сотқа жүгінген. Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасы туындаған оқиғаның мән-жайымен толық танысып, олардың арасында шын мәнінде даулы пәтерге сатып алу сату шарты жасалған деген қорытындыға келді.                            

Талапкер өзіне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде  адамгершiлiк қағидаттарын бұзған.

Ең жоғарғы сот сатысы жоғарыда аталған мән-жайларды негізге ала отырып, төменгі сатыдағы соттардың сот актісін өзгертіп, жаңа шешім  қабылдады,  яғни жауапкердің талап арызы қанағаттандырылып, оның пәтері өзіне қайтарылды.

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі