Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі

Конкурсқа қатысу үшін құжаттар

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабы 1-тармағында (аудандық және оған теңестірілген соттар үшін), 2-тармағында (облыстық және оған теңестірілген соттар үшін) көрсетілген талаптарға сай келетін азаматтарға конкурсқа қатысуға мүмкіндік беріледі.

Конкурсқа қатысу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

1) өтініш – Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының атына беріледі, өз қолымен анық жазылып, өтініш берушінің мекен-жайы мен байланыс телефоны міндетті түрде көрсетіледі және қолы мен күні қойылады;

Конкурсқа қатысу туралы өтініште үміткер нақты қандай бос судьялық лауазымға орналасқысы келетіндігін және тиісті соттың атауын көрсетуі қажет;

2) кадр есебі жөніндегі жеке іс парағы – өз қолымен анық жазылып толтырылады.

Жоғары оқу орнының атауы дипломдағы жазуға сәйкес көрсетіледі.

Еңбек қызметі туралы мәліметтер көрсетілген кезде, сондай-ақ жоғары және орта оқу орындарындағы оқу мерзімі, әскери қызмет, қосымша жұмыс қамтылады. Мекемелерді, ұйымдарды, кәсіпорындарды, сондай-ақ министрліктерді (агенттіктерді, ведомстволарды), олардың орналасқан орындарын атап өткен кезде олардың осы тұлғаның еңбек еткен уақытында пайдаланылған атауын пайдалану қажет. Тұлғаның еңбек қызметі туралы мәліметтер еңбек кітапшасындағы жазуларға және басқа да құжаттарға толық сәйкес болуы тиіс.

«Тұрғылықты мекен-жайы және телефоны» атты бағананы толтырған кезде іс жүзіндегі тұрғылықты мекен-жайы мен телефон нөмірлерін көрсету қажет (ұялы, үй және жұмыс);

3) өмірбаян – еркін нысанда, міндетті түрде өміріндегі ең маңызды кезеңдері көрсетіле отырып жазылады;

Өмірбаян күні мен қолы қойылып, өз қолымен (анық, ұқыпты) немесе машина жазбасымен не компьютерлік әдіспен толтырылады.

Өмірбаянда міндетті түрде судьялыққа кандидатқа қатысты қозғалған қылмыстық, оның ішінде кейіннен ақталу немесе ақталмау негіздері бойынша тоқтатылған істер туралы мәліметтер көрсетіледі;

4) жеке куәлігінің көшірмесі. Қолданылу мерзімі өткен құжат көшірмесі ұсынылған жағдайда, материалдар қайтаруға жатады;

5) жоғары білімі туралы дипломның нотариалдық куәландырылған көшірмесі және қосымшасы;

6) еңбек кітапшасының нотариалды куәландырылған көшірмесі. Құжат бауланып, нөмірленіп, нотариустың мөрімен бекітілуі тиіс.

Жұмысы туралы мәліметтер еңбек кітапшасына енгізілмейтін немесе толық емес көлемде енгізілетін  қызметкерлер үшін (ІІМ, ҰҚК қызметкерлері, Қаржы полициясы органдары), оның ішінде бұрын істегендер үшін, еңбек кітапшасының көшірмесінен басқа тиісті кадр қызметінің басшысы куәландырған қызметтік тізімінің көшірмесін немесе кадр қызметі куәландырған нақты лауазымдарын  көрсете отырып, анықтама ұсыну қажет.

Құқық қорғау органдарынан жұмыстан босатылған жағдайда, тұлғалар босатылу туралы бұйрықтан үзінді көшірмені ұсынады;

7) қызметтік мінездеме, онда тұлғаның кәсіби қызметіне, іскерлік және болмыстық қасиеттеріне баға берілуі тиіс. Бұл ретте, міндетті түрде көтермелеулер мен тәртіптік жазалар туралы мәліметтер көрсетіледі.

Мінездеме бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушы лауазымды тұлғаның қолы қойылып жазылады, ұйымның мөрі басылады. Бұдан басқа құжаттың мәтінінде оның берілген күні және шығыс нөмірі қойылады.

Мінездемені дәлелді себептерге байланысты ала алмаған жағдайда, жазбаша түрдегі түсініктемелер беріледі;

8) денсаулық жағдайы туралы белгіленген үлгідегі анықтама (№ 086 нысандағы), оның ішінде облыстар және Астана, Алматы қалаларының тиісті психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлері берген анықтамалар;

9) жұмыс істеп жүрген судьяларға және судьялыққа кандидаттарға сауалнама (нысан қоса беріледі).

Жұмыс істеп жүрген судьялар мен бұрын судья қызметін атқарған судьялыққа кандидаттар соңғы үш жыл ішіндегі жұмыс көрсеткіштері туралы анықтаманы, тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны және аталған кезеңде келіп түскен шағымдар туралы мәліметтерді ұсынады. Жұмыс көрсеткіштері мен аталған анықтамаларға тиісті облыстық сот төрағасының қолы қойылып, осы соттың мөрімен күні көрсетіле отырып, бекітілуі тиіс. Егер кандидаттың іс-әрекетіне шағымдар түскен жағдайда, онда тиісті анықтамада әрбір шағым бойынша мағлұматтар мен қаралу нәтижесі егжей-тегжейлі (шағым иелері уәждерінің расталғаны туралы міндетті түрде көрсетілуі қажет) көрсетілуі тиіс.

Судьялыққа кандидаттар емтиханды (магистранттар үшін) не біліктілік емтиханын және тестілеуді тапсырғанын растайтын құжаттарды (нотариалдық куәландырылған көшірмесі немесе түпнұсқасы) тапсырады, сондай-ақ тағылымдамадан өткені туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы болуы тиіс. Облыстық және оған теңестірілген соттардың судьялығына  кандидаттар тиісті облыстық соттың жалпы отырысының оң қорытындысын (нотариалдық куәландырылған көшірмесі немесе түпнұсқасы) қосымша ұсынады. Ал жұмыс істеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді.

Барлық ұсынылған құжаттарға қол қойылып, толтырылған немесе бекітілген күні, қажет болған жағдайларда құжаттардың шығыс нөмірі мен күні көрсетілуі тиіс.

Өтініш, кадр есебі жөніндегі жеке іс парағы, өмірбаян, қызметтік мінездеме, денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтамалар, тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы (облыстық соттың судьялығына судья болып жұмыс істемейтін кандидаттар үшін) берілген немесе жасалған күнінен бастап 1 (бір) жыл ішінде жарамды болады.

Аталған құжаттар осы хабарлама баспасөз бетінде жарияланған күннен бастап бір ай мерзімде конкурс өткізілетін орын бойынша мына мекен-жайға тапсырылуы тиіс: 010000, Астана қаласы, «Үкімет үйі» ғимараты, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі.

Кандидаттардың  құжаттары тиісті түрде ресімделмеген жағдайда, олар тапсырған адамдарға қайтарылатын болады.

Анықтама үшін телефон: 8 (7172) 74-14-52.