Ақтауда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану, татуластыру рәсімдері мен сот актілерінің сапасы туралы мәселелер талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев «Рухани құндылықтарды сақтау – өркендеу негізі» тақырыбында өңірлік семинар өткізді. Оның қатысушылары «Руһани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, сот жүйесін жаңғырту, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, сот актілерінің сапасын арттыру, татуластыру рәсімдерін кеңінен тарату мәселелерін талқылады.

Семинарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының судьялары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің ардагерлері, Билер кеңесінің мүшелері, медиаторлар, адвокаттар мен блогерлер, барлығы 100-ден астам адам қатысты.

Облыстық соттың төрағасы өз сөзінде қатысушылардың назарын сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге, дауларды тараптарды татуластырып барып аяқтауға, сот актілерінің сапасын арттыруға аударды. Сонымен қатар, ол сотқа дейінгі іс жүргізу органдары процестік құжаттарды дайындау кезінде тілдік қағидатты іске асыруды реттейтін құқықтық нормаларды қатаң сақтауға тиіс екенін атап өтті. 

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев төрелік сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің маңызы мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудегі қазақ тілінің рөлін арттыру туралы айтып берді. Оның айтуынша, Маңғыстау облысының соттарында барлық құжат айналымының 90%-дан астамы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сот процестеріне аудармашы тартылған жағдайда оның құзыреттілігін тексеру мәселесіне ерекше назар аударылады.

Билер кеңесінің төрағасы Марат Молдағұлов билердің қоғамдағы жанжалды жағдайларды азайтудағы рөліне тоқталды.

Кездесуге қатысушылар «Руһани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, татуластыру рәсімдерін көпшілікке тарату, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдануды кеңейту, сот актілерін әзірлеу сапасын арттыру мәселелерін жан-жақтылы қарады.

 

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі