Қазақстан сот органдары өкілдерінің делегациясы ЭЫДҰ елдерінің судьялыққа үміткерлерді іріктеу мен судьялардың біліктілігін арттыру бойынша тәжірибелерін зерделеді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Республикамыздың сот органдары өкілдерінің делегациясы ағымдағы жылдың 4-10 наурызы күндері Франция мен Испанияға барды. Топты Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин басқарды.

ЭЫДҰ елдеріне жұмыс сапары Жоғарғы Соттың «Мінсіз судья» және Дүниежүзілік Банкінің «Сот төрелігі академиясында білім алуды және инфрақұрылымын бағалау» жобалары аясында судьяларды іріктеу, біліктілігін арттыру, қызметін бағалау және ілгерілету жүйесін зерделеу мақсатында жүзеге асырылды.

Сапар барысында А.Рахметулин Францияның Прокуроры Лоре Беккомен, сондай-ақ Францияның Жоғарғы сатыдағы соты хатшылығының басшысы Энтони Песмемен кездесті. Сонымен қатар, Испанияның Сот билігі бас кеңесінің мүшесі Фернандо Гранде-Марласкаспен, судьялармен және басқа ресми тұлғалармен кездесу өткізілді.

Делегациямен Францияның Әділет министрлігінің кадр және сот төрелігіне қол жеткізу қызметтері басшылары – судьялар В.Тильмон, Ф.Лифшитц және М.Белло, Францияның Ұлттық сот төрелігі мектебі қызметінің басшылары – судьялар С.Дюпон, А.Антье, Е.Кро және Э.Ренар кездесті. Олар судьялыққа үміткерлерді іріктеу критерийлерімен және рәсімімен, Әділет министрлігі тарапынан болашақ судьяларды даярлау сапасын қамтамасыз етуді бақылаумен,  құқық пен сот төрелігіне қол жеткізудің жекелеген мәселелерімен таныстырды. Сонымен қатар, болашақ судьяларды оқыту бағдарламалары, түсу және бітіру емтихандарын ұйымдастыру, оқыту сапасын бағалау, оқытуға қойылатын талаптар туралы ақпарат берілді. Франция мен ҚР сот органдары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі мәселелер талқыланды.

Испанияның сот төрелігі академиясында директор – судья Хема Эспиноза, академия бөлімшелерінің басшылары және жаттықтырушылары – судьялар Хименес, Х.Вийодре, Р.Бустос тағы басқалар жоғарғы оқу орнының жағдайымен және қызметінің ұйымдастырылуымен таныстырды.

Француз құқықтық жүйесінен айырмашылығы – судьялыққа үміткерді іріктеу және даярлау, судьялардың қызметін бағалау, олардың жауапкершілігі және мансабы мәселелеріндегі уәкілетті орган Испанияның Сот билігі Бас кеңесі болып табылады.

Испанияның Жоғарғы Сотына және Сот билігінің Бас кеңесіне барған кезде делегацияға Испанияның сот құрылысы және сот ісінің жүргізілуі, сот әкімшілігінің ерекшеліктері, судьяларды іріктеу, тағайындау және біліктіліктерін көтеру, судьяларды оқытудағы қажеттілікті зерделеу, олардың қызметіндегі тәуелсіздіктің кепілдері туралы ақпарат берілді. 

А.Рахметулин, өз кезегінде, Франция мен Испания сот органдарының өкілдеріне Ұлт жоспары және сот ісін жүргізуді цифрландыру шеңберінде сот төрелігінің тиімділігін арттыру, сот жүйесін модернизациялау бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді. 

Сапар барысында Францияның Ұлттық магистратура мектебінің және Испанияның Сот төрелігі академиясы басшыларымен Қазақстандағы сот білімі жүйесін дамытуға сарапшылық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі