Жоғарғы Сот зейнеткер әйелдің пәтерін қайтарып берді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оралдық егде жастағы зейнеткер әйел Надежда Арыкова дәрменсіз жағдайда екенін ұғынып, өзінің пәтерін сыйға тарту жөнінде сіңлісімен сыйға тарту шартын жасасқан.  Осы ретте зейнеткер әйел өзіне жақын адамның қамқорлығында бола жүріп алаңсыз қартаямын деп ойлаған-ды. Сіңлісінің өзіне осындай қамқорлық жасауына білдірер ризашылығы ретінде ол сіңлісіне өзінің пәтерін сыйға тартқан. Бұл пәтер ол қайтыс болғаннан кейін сіңлісінің иелігіне өтуге тиіс еді.

Бірақ туысы қарт адамның өмірден өтуін күтпестен пәтердің иесі болып алып, көп ұзамай-ақ пәтерді сатып, ақшасына үй сатып алып, оған әзінің ұлын кіргізіп қояды. Осының алдында ол зейнеткер әйелді өзінің қолына алады, бірақ оның тұруы үшін тиісті жағдай туғызуды естен шығарады. Тиісті қамқорлықты сезінбеген зейнеткер әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Ол қойған талабында сіңлісінің өзін алдағанын айтып, сыйға тарту шартының күшін жоюды сұрады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар негіз боларлық дәлелдемелерінің болмауына әрі талапкердің талап қою мерзімін өткізіп алуына байланысты талапты қанағаттандырмаған. Талапкер өзінің мүдделерін қорғап, Жоғарғы Соттың Төрағасына өтінішхат жазды. Жоғарғы Сот Төрағасы сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық сатыдағы сотқа ұсыну енгізді.

Жоғарғы Сот істі қарап, талапкердің жасы жетіп қартайған адам екенін, оның басқа тұрғын үйінің жоқтығын, қазіргі уақытта жалға алынған пәтерде тұратынын назарға алды. Тараптар арасындағы шарт бойынша жауапкер талапкерді асырап, оны өмір бойы күтіп-бағып, ол қайтыс болғаннан кейін ғана пәтерді өзінің меншігіне алуға құқылы еді. Алайда даулы тұрғын үй үшінші адамның иелігіне шығарылып, талапкердің өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасалмады.

Н. Арыкова сатып алу шартына қол қойғаннан кейін сонда тұрып, пәтерді күтіп-ұстаудың ауыртпалығын көтерген және осы уақытқа дейін сол пәтерде тіркелген. Талапкер сыйға тарту шарты жасалған күннен бастап екі жыл бойы осы пәтерде тұрған, басқа жақын туыстары мен өзге пәтері болмаған, сыйға тарту шарты беру жолымен орындалмаған. Кассация осының бәрін сыйға тарту шартының өзін жаңылдыру жолымен жасалғаны туралы зейнеткердің уәждерін растайтын мән-жайлар деп тапты.   

Жоғарғы Сот талапкердің құқықтарын қорғап, жауапкердің өзіне тиесілі құқықтарды жүзеге асыру кезінде жалпы жұрт таныған адамгершілік қағидаттарын ескермей, әділетсіздікпен әрекет жасағанын атап көрсетті. Шын мәнісінде оның әрекеттері басқа адамға зиян келтіруге әрі құқықты асыра пайдалануға бағытталған. Осының салдарынан апалы-сіңлілі адамдар арасында жанжал туып, оның ақыры олардың бірге тұра алмауына әкеп соққан.

Талап қоюшыға даулы пәтерді сыйға тарту шартының бар екені туралы тек 2016 жылдың маусымында белгілі болғандықтан, талап қою мерзімінің ескіруін қолдану да қате деп танылды. Талапкер тап сол кезде осы шартты жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінген.

Жоғарғы Сот іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, зейнеткердің қойған талабын қанағаттандырды. Сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылды. 

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі