Құрметті отандастар!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сіздерді еліміздің ең басты ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан халқы мемлекеттілікті құру жолындағы өзінің аса маңызды қадамын жасап, тәуелсіздігін жариялады. Осы сәттен бастап Қазақстан және барша қазақстандықтар дамудың дербес жолын бастады.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында, тарихи өлшеммен алғанда, қысқа мерзім ішінде республикамыз демократиялық, құқықтық және экономикалық тұрғыдан қуатты мемлекетке айналды. Тәуелсіздік жылдары ішінде біз көптеген қиындықтарды, экономикалық дағдарыстарды, халықаралық және өңірлік сын-қатерлерді лайықты еңсердік.

Біздің жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің барлығын санап шығу оңайға соқпайды. Оған бір ғана мысал келтірелік, жаңа елордамыз Астана – еліміздің мақтанышы, заманауи Қазақстанның ең басты символы.  Бүгінде барша қазақстандықтар бірлесіп, әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 30 елдің қатарына кіруге бағытталған жаңа мақсатты жүзеге асыруға сенімді түрде қадам жасаудамыз.  

Қазақстан өзінің барлық жетістіктеріне биыл 20 жылдық мерейтойы атап өтілген Конституцияның негізінде қол жеткізгенін ерекше атап өткім келеді. Ата Заң республикамыздың іргелі құқықтық негіздерінің орнықтылығының символы болып табылады.

Ұлттық сот жүйесі – еліміздің сенімді тірегі. Тәуелсіз Қазақстанның судьялар корпусы заң үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен мүддесін қамтамасыз етіп келеді. Бұл – заманауи мемлекеттің ең басты атрибуттарының бірі, құқықтың халықаралық тұрғыда қызмет етуінің міндетті шарты. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша соңғы жылдары 39 орынға көтерілуіміз және жыл сайын соттарда бір миллионнан астам істің қаралуы – сот жүйесінің дамуының нақты дәлелі.

Осы мерейлі мереке күні сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, толайым табыс және береке-бірлік тілеймін!

Біздің тәуелсіз Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендеп, одан әрі дами берсін! 

Источник: 
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми