Сот кәсіпорындар арасындағы 76 миллион теңге өндіру туралы дауды тараптарды татуластыру арқылы шешті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бір ЖШС екіншісінен 76 миллион теңге берешекті және екі миллион теңгеден астам сот шығындары мен өкілдің шығындарын өндіру туралы талап қойып, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді.

Судья әңгіме барысында тараптарға дауды татуластыру рәсімі бойынша шешуді ұсынып, медиативтік келісім жасаудың артықшылықтары мен салдарын түсіндірді. Нәтижесінде талаптар берешек пен өкілдің шығынын тең үлес бойынша ай сайын төлеп отыру туралы келісімге келді. Осы ретте тараптар өзара іскерлік қарым-қатынасты сақтап, сот шығындары үшін жұмсалатын ақшаны үнемдеуге қол жеткізді.

Сот келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Татуластырушы-судья Нұрлан Нұрсапиновке бір аптаның ішінде 13 азаматтық іс бойынша тараптарды татуластырудың сәті түсті. Олардың арасында 76 миллион теңгені даулаған жоғарыда аталған шаруашылық жүргізуші субъектілер де бар.

Өңір соттары азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша да сот медиациясының кеңінен қолданылуына қол жеткізіп отыр.

Медиативтік бағытты дамыту мақсатында 25 судья «Альтернатива» орталығының базасында  «Медиацияны үйретудің жалпы курсында» оқыды. Судьялар үйренген тәжірибелерін іс жүзінде қолдануда. 

Источник: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі