Тергеу судьясы институтын енгізу жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі Ресей Федерациясында таныстырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2018 жылғы 1 ақпанда Мәскеу қаласында (Ресей) «Қылмыстық процестегі тергеу судьясы институты» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының шақыруы бойынша іс-шараға Қазақстаннан Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков қатысты.

А.Рахметулин «Тергеу судьясы – сотқа дейінгі іс жүргізудегі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету кепілі (Қазақстан Республикасының тәжірибесінде) тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстанда 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген Қылмыстық-процестік кодекс қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізу қызметіндегі адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға жаңа процестік кепілдіктер бергенін атап өтті. Мұндай кепілдіктердің қатарына жаңадан құрылған тергеу судьясы институты жатқызуға болады. 

А.Рахметулин қазақстандық тергеу судьяларының өкілеттіктері мен ерекшеліктері туралы айта келе, осы институт құрылған уақыттан бастап табысты қызмет атқарып, сотқа дейінгі іс жүргізудегі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету кепілі ретінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп үлгергенін айтты. Тергеу судьялары институты тергеудің сапалық деңгейін арттыруға және қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шараларын қолдану аясын кеңейтуге бағытталғаны айтылды.

Тергеу судьялары институтын дамыту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. «Тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейтуге деген қажеттілік Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Ұлт Жоспарында айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру тұрғысындағы заман талабынан туындап отыр және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған», - деді А.Рахметулин. Ол 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық процесті жаңғырту бойынша жаңа заңнамалық түзетулердің қолданысқа енгендігін хабарлады. Осы ретте адамды ұстау мерзімінің қысқаруы мен құпия тергеу әрекеттерін санкциялауды қоса алғанда тергеу судьялары өкілеттіктерінің кеңеюі секілді нормаларға айрықша назар аударылды.  

Жиынға қатысушылар 2018 жылдың қаңтарында Қазақстанда Президенттің Жарлығымен дербес тергеу соттарының құрылғанынан хабардар болды. А.Рахметулин олардың қызметі қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізудегі сот бақылауына айрықша мамандануға, процеске қатысушылар арасында туындаған келіспеушіліктерді кәсіби және жедел түрде шешуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Баяндамада жеңілдетілген рәсім – бұйрықтық іс жүргізу бойынша қылмыстық істерді қарауға да назар аударылды. Бұл іс жүргізу уақытын айтарлықтай үнемдеуге ықпал ететіндігі, тергеуді, қылмыстық істі қарауды және сот актісін орындауды жеделдете түсетіндігі айтылды. 

Электронды сот ісін жүргізудің дамуы туралы да егжей-тегжейлі айтылды. Атап айтқанда, тергеу судьялары санкциялау туралы электронды нұсқада келіп түскен материалдарды да қарауда.  

 А.Рахметулин Қазақстан цифрландырудың кешенді бағдарламасын іске қосқан әлемдегі 15 мемлекеттің бірі екендігін атап өтті. Осының нәтижесінде бүгінде республикада электронды сот төрелігі қарқынды дамуда. Соттарда тұрғындарға электронды қызмет түрлерін ұсынатын ақпараттық жүйелер мен сервистер енгізілген. «Қазіргі таңда азаматтық істер бойынша арыздардың 90 пайыздан астамы электронды түрде келіп түсуде, сот актілеріне интернет арқылы қол жеткізіле бастады, «Сот кабинеті» сервисінің мобильді нұсқасы, бейнебайланыс іске қосылды, Жоғарғы Соттың Ахуалдық орталығы жұмыс істеуде, судьяның, прокурор мен адвокаттың автоматты жұмыс орны секілді жаңа IT-жобалар әзірленуде», - деді А.Рахметулин.

Қазақстан Жоғарғы Соты алқа төрағасының баяндамасы ресейлік әріптестердің зор қызығушылығын тудырды. Сұрақтар қойылып, оған егжей-тегжейлі жауап берілді.

Іс-шараға Ресей Федерециясы Жоғарғы Соты Төрағасының орынбасары Владимир Давыдов, РФ Әділет министрінің орынбасары Михаил Гальперин, РФ Федеральдық адвокаттар палатасының президенті Юрий Пилипенко да қатысты. Бұған қоса, РФ Президенті жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту және адам құқықтары жөніндегі кеңестің сарапшысы Александр Смирнов, Мемлекеттік Думаның Мемлекеттік құрылыс және заңнама комитеті төрағасының бірінші орынбасары Юрий Синельщиков және т.б. сөз сөйледі. 

Іс-шараны Ресей Федерациясының Жоғарғы Соты мен Жоғарғы Сот жанындағы Ресей сот төрелігі мемлекеттік университеті ұйымдастырды.

 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі