Жоғарғы Сот сотталғанды қамаудан босатты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты 2017 жылғы 11 шілдеде 35 жастағы Эльмира Хабибованы 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өтеуге соттады. Осы күннен бастап оның жаза мерзімі есепке алынды.

Сотталғанның қылмыстық жолмен жинаған мүлкі тәркіленді және ол педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айырылды. Э.Хабибовадан төрт жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 2,5 миллионға жуық теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж салығы өндірілді.

Сот оны «Тараз қаласындағы Тұрғын үй департаментінде байланысым бар, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмек көрсетемін» деп жәбірленушілердің сеніміне қиянат жасағаны және алдағаны, олардың 2,5 миллионға жуық теңгесін жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды.   

Жамбыл облыстық соты істі қарай келе, педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыру жазасынан босатып, үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотталған адам үш жәбірленушінің шығынын толық және төртіншісінің залалын ішінара өтеді. Кінәсін толығымен мойындап, істеген ісіне өкінген Э.Хабибова Жоғарғы Сотқа өтінішхат жолдап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді. Бұл туралы жәбірленушілер де өтінішхаттар жолдады.  

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қарай келе, бұған дейін шыққан сот актілерін өзгертуге қаулы етті. Э.Хабибоваға қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы мен оның жеке басына сәйкес келмейтін неғұрлым қатаң жаза тағайындалғаны анықталды. Осы ретте оның қоғамға қауіп төндірмейтін орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны, зиянды ішінара өндіргені, тұрғылықты жері бойынша оң пікірге ие екендігі ескерілді.

Жоғарғы Сот барлық мән-жайларды ескеріп, іс бойынша шыққан сот актілерін өзгертіп, Э.Хабибованы қамаудан босатты.  

Жазаның қалған мерзімі – 1 жыл 6 ай 2 күн шартты деп танылып, Э.Хабибоваға қатысты пробациялық бақылау орнатылды. Ол оның мінез-құлқына бақылау жасайтын уәкілетті органға хабардар етпейінше, тұрғылықты мекен-жайын, жұмыс орнын өзгертпеуі тиіс. Мүлікті тәркілеу жазасының күші жойылды.  

 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі