Алматы облыстық соты: адвокаттармен сұхбат

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы облыстық сотының төрағасы Елис Әбдіқадыров адвокаттармен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ өңірдің судьялары мен соттар Әкімшісінің басшылығы да қатысты.

Е. Әбдіқадыров қатысушыларды облыс соттарының өткен 9 айда сот төрелігін жүзеге асыру бойынша жұмыс нәтижелерімен таныстырды, сот төрелігін іске асырудың сапасын жақсарту, соттардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілу бойынша міндеттерін атап өтті. Спикер сот актілерінің жасалу сапасы, сот корпусының біліктілігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ судьялардың жүктемесіне байланысты кейбір мәселелер туралы айтып берді.

Е.Әбдіқадыров сот процесінің жарыспалылығын, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің объективті қаралуын қамтамасыз ету мақсатында соттарда сот ісін жүргізуде қорғау мен өкілдік етудің маңызды рөлін атап өтті.

Пікір алмасу барысында адвокаттар «Сот кабинетіндегі» техникалық ақауларға, сот актілерінің уақытылы берілмеуіне және сот отырыстарының ұзақ күтілуіне қатысты проблемалық мәселелерді атап өтті.

Осылайша, Талдықорған қаласы заң консультациясының адвокаты Г.Хусаинова тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығын қамтамасыз етуге бағытталған, судьялардың процестерді жүргізу регламенті бөлігіндегі кемшіліктерді атап өтті. Адвокаттың пікірінше, іс жүзінде судьялардың процеске қатысушылардың әдепсіз мінез-құлқын елемеу жағдайлары, БАҚ өкілдерінің және тараптардың АІЖК-нің 19-бабын бұза отырып, бейнежазба және тікелей трансляция жүргізулері кездеседі. Г. Хусаинова сотқа дейінгі дайындық аяқталғаннан кейін дәлелдемелерді қабылдау бөлігінде сот отырыстарында судьялар жіберген бұзушылықтар фактілеріне назар аударды.

Сарқан ауданының адвокаты Д.Жұманова адвокаттарға сот ғимараттарында кабинеттер бөлу, сотқа дейінгі және сот ісін жүргізудегі адвокаттың рөлін арттыру қажеттілігі туралы айтты.

Облыстық алқа төралқасының төрағасы С.Махышев адвокаттардың қызметіне ақы төлеу тетігін жақсарту, олардың сот ғимараттарына кедергісіз кіріп өтуі, сондай-ақ бірқатар басқа да ұсыныстар енгізу қажет деп санады.

Соңында Е.Әбдіқадыров процестік кодекстерді және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның талаптарын сақтауға, сот процесіне қатысушыларға сөзсіз құрметпен қарауға шақырды.

Қайнар: 
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі