Батыс Қазақстан облысында өңірдегі жеке сот орындаушылардың атқару әрекеттерін орындаудан бас тарту себептері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оралда «Жеке сот орындаушылардың сот актілерін орындау мәселелері» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелге» қалалық және мамандандырылған соттардың кеңсе меңгерушілері, прокуратура, жеке сот орындаушылар палатасы мен Әділет департаментінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар «Төрелік» жүйесіндегі Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (АІЖ ОААЖ) бағдарламасы бойынша электронды атқару құжаттарын жолдау барысында туындайтын түйткілді мәселелерді талқылады.

2016 жылы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Әділет министрлігімен бірлесіп, сот актілерінің уақытылы орындалуына мүмкіндік беретін басты мақсаты жеделдік болып табылатын АІЖ ОААЖ-нің жобасын енгізді. Алайда, тәжірибеде сот орындаушылары атқару құжаттарының жартысын қабылдаудан бас тартып, жеделдік пен айқындық қағидаттары бұзылған. 2017 жылдың 8 айында 1 642 атқарушылық іс жүргізу аяқталған, 3 638 құжат орындалуда, 1276-сы – қозғаудан бас тартылған, ал 154-і бойынша атқару құжаттары орындаусыз қайтарылған.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 38-бабында атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту негіздері көзделген, алайда тәжірибеде атқарушылық заңнамада көзделмеген негіздер бойынша бас тартулар жиі кездесіп, бір атқару құжаты бойынша бірнеше бас тарту орын алып отыр. Атқару құжаттарының қате бөлінуі кездесуде, яғни сот орындаушы басқа өңірді қадағаласа да, құжаттар сот орындаушының ескі тіркелу орны бойынша түскен.

Сот қызметкерлерінің айтуы бойынша сот актілерінің уақытылы орындалуын қадағалауды көп мәселелер қиындатады. Оларды шешу үшін бірқатар ұсыныстар енгізілген болатын, атап айтқанда, қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде іс жүргізуден бас тарту себептерін көрсету, аумағы бойынша сот орындаушылардың тізімін жаңарту, ал АІЖ ОААЖ бағдарламасына жеке сот орындаушының атқару құжатының қайта бөлу мүмкіндігін енгізу.

Әділет органдарына АІЖ ОААЖ бағдарламасын зерделеу бойынша мүдделі органдар басшыларының қатысуымен іс-шара өткізу ұсынылды. Бұдан басқа прокуратураға атқарушылық іс жүргізудің кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою жөнінде қадағалауды күшейту сұралды.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі