«Сот кабинеті» сервисі енді мемлекеттік органдардың әрекетіне шағым жолдауға мүмкіндік береді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстандағы сот билігін дамытудың маңызды басымдықтары 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған. Оларға ақпараттық технологияларды қолдану аясын кеңейту, сот ісін жүргізуді оңайлату, сот  төрелігінің қолжетімдігін, ашықтығын және айқындығын арттыру кіреді.

Құжаттармен жұмыс жасауда дәстүрлі негіздегі қағаз айналымы қоғамның соттарға деген сұранысын толық көлемде қанағаттандыра алмайды. Бүгінгі таңда құжатты жедел беру, оның сот сатылары бойынша қозғалысын қашықтан бақылау, ол бойынша процестік шешімдермен  танысу және т.б. мәселелер өзекті болып отыр.

Осыған орай сот жүйесі дамуының қазіргі кезеңінде соттарда заманауи ақпараттық технологияларды пайдалануға үлкен мән берілуде. Бұл ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты болып отыр.

Соттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» сервисінің алар орны зор. Қазіргі таңда осы сервиске 52 438 тұтынушы тіркелген. 2015 жылдың өзінде ғана осы сервис арқылы 382 238 электронды құжат берілген.

«Сот кабинетін» жаңғырту жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінгі күннен бастап, яғни а.ж. 29 ақпаннан аталған сервисте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес    44-тарау – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасау» және 45-тарау – «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды қайта қарау» бойынша жаңа қызмет түрлері жұмыс істейтін болады.

Аталмыш жаңашылдықтар азаматтарға өз уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Азаматтардың енді соттарға тек сотқа дейінгі дайындық және сот процесіне тікелей қатысу үшін баруға мүмкіндігі бар. Негізгі өтініштерді, сондай-ақ қосымша құжаттар мен өтінішхаттарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы электронды  түрде беруге болады.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі