Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Жоғарғы Сот судьяларының қатысуымен брифинг өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов пен Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Жаңылсын Архарованың қатысуымен брифинг өтті.

Спикерлер қылмыстық және азаматтық заңнама мен сот өндірісінің жаңа моделіне көшудің негізгі мәселелерін түсіндірді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2015 жылдың 1 қаңтарында заңды күшіне енетін жаңа төрт кодекс әзірленіп қабылданды. Жаңа кодекстер бірқатар өзгерістерді қамтиды.

Атап айтқанда, жаңа Қылмыстық кодекске теріс қылық әрекеті, іс жүргізу келісімінің шарттарын орындаған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату және тағы басқа бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді. А. Қасымов бұл өзгерістер Президенттің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан түрмедегілерді азайту жұмысын неғұрлым тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін атап өтті.

Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдері әр түрлі санкциялар қатарын (айыппұл – 128, бостандықты шектеу – 356, түзеу жұмыстары – 453) көбейтуді көздейтін жаңа баптармен және нормалармен толықты. 

Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі қылмыстық процестің бастапқы сатысындағы тергеуге дейінгі тексеру сатысының алынып тасталуы азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауға және көптеген іс-шаралар жүргізбей-ақ қылмыстық істі қозғауға мүмкіндік береді. Сотқа дейінгі тергеу ұғымы енгізілді, азаматтарды ұстаудың тәртібі регламенттелді және іс жүзінде ұстау ұғымының мән-мазмұны нақтыланды. Бұдан былай адамды ұстау барысында оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілетін болады. Тергеу барысында жедел іс жүргізу, кінәні мойындау туралы және ынтымақтастық туралы келісімдердің енгізілуі іс жүргізу шешімдерін қабылдау тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Ондаған, тіпті жүздеген томдарды құрайтын кейбір көп эпизодты істер бойынша айыптау қорытындысы қысқаша айыптау актісіне ауыстырылатын болады.  

Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында сот бақылауын жүзеге асыратын тергеуші судья, қорғалу құқығына ие куәгер, прокуратура органы басшысының құзыретіне ие «іс жүргізуші» прокурор секілді жаңа лауазым түрлері енгізілетін болады. Қолданыстағы халықаралық шарттардың жекелеген қағидалары Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі аясында іске асырылатын болады.

Мемлекет басшысының 2014 жылғы 9 сәуірдегі Өкімімен мемлекеттік органдар орындауы тиіс 42 іс-шараны қамтитын Қылмыстық заңның және қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделіне көшу жөніндегі Бірыңғай мемлекеттік іс-қимыл жоспары бекітілді.

Қылмыстық істер жөніндегі сот төрелігін жүзеге асыру бойынша өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша А. Қасымов 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында соттардың өндірісінде 25431 іс болып, олардың 90 % бойынша іс жүргізу аяқталғанын жеткізді.  Аудандық соттар үкімдері сапасының тұрақты деңгейіне ең алдымен апелляциялық – 0,3 % (83 адам), кассациялық – 0,1 % (18 адам) және қадағалаушы сатылардың – 0,03 % (7 адам) бастапқы шешімдердің күшін жою көрсеткішінің төмендігі дәлел бола алады.

2013 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткішпен салыстырғанда, сотталғандар (13 238-ден 12 904 адамға) мен ақталғандар (248-ден 219 адамға) саны азайды. Бас бостандығынан айыру жазасына сотталған адамдар саны 5 313-тен 4 861-ге дейін азайды. Бас бостандығынан айыруға баламалы жазалар қатарында ең жиі қолданылған жазаға бостандықты шектеу жазасы жатады, ол 4 856 адамға қатысты (33 %) қолданылды.  

Есепті кезең ішінде аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін 841 адам бас бостандығынан айырылды. Олар барлық сотталғандардың 6,5%-ын құрайды.  6 329 адам (49 %) ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталды, олардың ішінде 3 079 адам (49  %) – нақты бас бостандығынан айырылды. Барлық сотталғандардың 409-ы – кәмелет жасына толмағандар (3,2 %).

Брифинг барысында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы республика соттарында сот төрелігін жүргізу процесіне ақпараттандыру жүйесін кең ауқымда енгізіп жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, Жоғарғы Сот «Сот кабинеті» сервисін іске асырып жатқандығы сөз болды. Бұл – сот органдарының онлайн сервистеріне және көрсететін қызметтеріне қол жеткізетін жалғыз терезе. Осы арқылы азамат, оның өкілі немесе адвокаты өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден, кеңседен шықпай-ақ, Интернет желісі арқылы өтініш пен арызды электрондық түрде жібере алады, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеп, сот құжатын, сондай-ақ істің бүкіл тарихын қарап, сот актісін басып шығара алады және аталған істің процессуалдық мерзімдерін де қарай алады.

Сот отырысының уақыты мен орны немесе жекелеген іс жүргізу әрекеттерінің іске асырылуы туралы процеске қатысушыларға БААТЖ (Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйе) бағдарламасы арқылы СМС-хабарлама жіберіледі, бұл туралы жазбаша есеп басып шығарылып, іске тіркеледі.

Қазіргі таңда республика соттары аудио- бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған. Бейнебайланыс құрылғыларын қолдану сотқа келе алмаған адаммен қашықтықтан сөйлесуге мүмкіндік береді. Сұрақ қою процесі барысында іс жүргізу әрекетіне қатысушылар тікелей байланыс арқылы сұрау салынған тұлғаның жауап беру барысын бақылай алады.

Ақпараттық технологияларды қолдану сот ісін қараудың тиімділігін айтарлықтай арттыруға және қатысушылардың уақытын және мемлекеттік бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 

«Халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген жаңа қылмыстық заңнама мен қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделі азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға бағытталған» - деп түйіндеді А.Қасымов.

Жоғарғы Сот судьясы Ж.Архарова тараптардың бірі шағын және орта бизнес субъектісі, шетелдік компания немесе бұқаралық ақпарат құралы болып табылатын істерді сотта қарау бойынша сот тәжірибесіне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, брифингте Азаматтық іс жүргізу кодексі мен «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сот төрелігін жүзеге асыруды одан әрі оңайлату, төрешілдік рәсімдерді азайту  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңа жобаларының негізгі мақсат-міндеттері туралы айтылды.

Брифинг барысында Жоғарғы Сот судьялары БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі