Жоғарғы Сот шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұлдарды өндіріп алудың қыр-сырын түсіндірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

№ 6001-24-00-3ГП/13

Қор:

- № 1 шарт бойынша 2,2 млн. теңге берешекті, оның ішінде 222 мың теңге мерзімі өткен сыйақыны, 1,6 млн. теңге Банктің өсімпұлын және 421 мың теңге Қордың өсімпұлын;

- № 2 шарт бойынша 793,6 млн. теңге берешекті, оның ішінде 120,1 млн. теңге мерзімі өткен негізгі борышты, 159,9 млн. теңге мерзімі өткен сыйақыны, 11,2 млн. теңге Банктің өсімпұлын және 502,3 млн. теңге Қордың өсімпұлын банкілік заемдар бойынша ЖШС мен азаматтан өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Талап қоюға 2012 жылы Банк, ЖШС мен азамат арасында:

- 2022 жылғы 20 қыркүйекке дейін 61 млн. теңге заем алу үшін (жылдық сыйақы 0,1 %) № 1;  

- 2022 жылғы 20 қыркүйекке дейін 237 млн. теңге заем алу үшін (жылдық сыйақы 12 %) № 2 банкілік заем шарттары жасалғаны туралы уәж келтірілген.

Берілген заемдарды қамтамасыз ету үшін мынадай мүлік: Бурабай кентіндегі ауданы 379,5 ш.м. 10 орынды қонақ үй, Астанадағы 0,08 га учаскесі бар ауданы 398,3 ш.м. тұрғын үй, Астанадағы ауданы 192,9 ш.м. тұрғын үй, іші жылытылмайтын 34 ш.м. жалғама құрылыс пен 0,06 га учаскесі бар тұрғын үй ұсынылған.

Банк пен Қор арасындағы активтерді сатып алу-сату шарты бойынша ЖШС мен азаматтың берешегін талап ету құқығы, сондай-ақ кепіл заттарын талап ету құқығы Қорға өткен. Шарт тараптары 2021 жылы активті қабылдау-беру актісіне қол қойған. Ол бойынша ЖШС мен азаматтың берешек қалдығын талап ету құқығы Қорға өтеді.

Халықаралық аралық сот 2018 жылы өндіріп алуды кепілге қойылған мүлікке аудару арқылы ЖШС-дан 172,8 млн. теңге сомасындағы қарызды Банктің пайдасына өндіріп алған. Сот 2020 жылы атқару парағын шығарған.

Төрелік шешімнің орындалмауына және берешектің өтелмеуіне байланысты Қор заем алушылардан берешекті өндіріп алу туралы талап қойған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырған: ЖШС мен азаматтан ортақ өндіру тәртібімен екі шарт бойынша    берешек – 305,5 млн. теңге Қордың пайдасына өндірілген.

Апелляция осы тұжырымдармен келіскен.Қор тұрақсыздық айыбын өндіріп алу бөлігінде сот актілеріне шағымданды.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, мына мән-жайларды атап көрсетті.
Банктің заем алушыдан негізгі борыш пен сыйақыны уақытылы қайтармағаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеуді талап ету құқығы      шарттардың 1.6.1. және 1.6.2. -тармақтарында көрсетілген.

Жергілікті соттар тұрақсыздық айыбын азайта отырып, АК-нің      364-бабының 1-тармағына негізсіз сілтеме жасаған. Бұл норма міндеттемелер екі тараптың кінәсінен орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған кезде, не егер несие беруші орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың нәтижесінде залалдардың мөлшерін қасақана немесе абайсызда ұлғайтуға жәрдемдессе, не оларды азайту үшін ақылға қонымды шаралар қолданбаса, сотқа борышкердің жауапкершілік мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.

Заем алушылардың міндеттемелерді тиісінше орындамауында, сондай-ақ, жауапкерлердің міндеттемені тиісінше орындамауының нәтижесінде залалдар мөлшерін ұлғайту жөніндегі іс-қимылдарында  несие берушінің кінәсінің бар екендігін куәландыратын мән-жайлар сот актілерінде келтірілмеген және істі соттарда қарау кезінде анықталмаған.

Соттар екінші шарт бойынша өндіріп алуға ұсынылған тұрақсыздық айыбының мөлшері негізгі борыш сомасына бара-бар емес екенін атап көрсеткен. Алайда, егер несие берушінің шығынымен салыстырғанда тым көп болса, АК-нің 297-бабына сәйкес, борышкердің талабы бойынша оның міндеттемелерді орындау дәрежесі, сондай-ақ, борышкер мен несие берушінің назар аударарлық мүдделері ескеріле отырып, тұрақсыздық айыбын азайту мүмкін екендігі назарға алынбаған.

Жауапкерлер тұрақсыздық айыбының мөлшерін азайту туралы талап қоюлармен сотқа жүгінбеген. Олар тұрақсыздық айыбын төмендету кезінде ескерілуге тиіс заңда белгіленген мән-жайлар туралы хабарламаған.

Қордың ЖШС-дан және азаматтан тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап қоюын қарау кезінде соттардың материалдық құқық нормаларын бұзуға жол беруіне байланысты сот актілері өзгертілді.

Жоғарғы Сот Қордың 490 млн. теңгеден астам тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы қойған талабын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күшін жойды. Қордың осы бөлік бойынша қойған талабы қанағаттандырылды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі