Жоғарғы Сот ЖШС-ні банкрот деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тартты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Құрамында төрағалық етуші Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева мен Н.Қ.Сұлтанов бар Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ЖШС-нің банкрот деп тану туралы арызына қатысты азаматтық іс бойынша жергілікті соттардың сот актілерін қайта қарау туралы Банктің өтінішхатын қарады.
 
Істің түйіні:
Серіктестік 23 миллион теңгеден астам салық берешегінің бар екенін және оны өтей алмайтынын алға тартып, банкрот деп тану туралы сотқа арызбен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот борышкердің арызын қанағаттандырған.

Апелляциялық сот алқасы шешімді күшінде қалдырған.

Өтінішхатта Банк бұрын қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған, себебі бірінші сатыдағы сот іске қатыспаған Банктің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғанын көрсетті.
 
Кассация:
Басқарма соңғы иесі Серіктестікті 11 қазанда сатып алғанын және 2021 жылғы 25 қазанда оны банкрот деп тану туралы сотқа арызбен жүгінуге шешім қабылдағанын анықтады.

Сотқа жүгінген кезде арызданушы өзінің дәрменсіздігін және бюджетке 23 млн теңге көлемінде салық берешегін өтей алмайтынын көрсеткен.
Алайда, кейіннен анықталғандай, салық берешегі 186 миллион теңгені құрап, арызданушы басқа да кредиторлық берешегін жасырған: екінші деңгейлі екі банкке 45 миллион теңгеге, жалдамалы жұмысшыларға 53 миллион теңгеге және азаматтық-құқықтық міндеттемелер бойынша 100 миллион теңгеге жуық басқа да берешегі бар болып шықты.

Сонымен қатар, салық органының электрондық шот-фактуралардың ақпараттық базасынан берілген ақпарат бойынша ЖШС 2020 жылғы наурыздан 2023 жылғы наурызға дейінгі 3 жыл ішінде 12 жеткізушімен 1,7 млрд теңгеден астам сомаға сатып алу айналымын жүргізген.
Жоғарыда аталған фактілер арыз берушінің оның дәрменсіздігі туралы дәлелдерін жоққа шығарады, сондықтан Жоғарғы Соттың сот алқасы ЖШС-ні банкрот деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
 
P/S:
Кез келген кәсіпкерлік қызмет тәуекелді тудырады.

Нарық субъектісінің қызметіне әсер ететін жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, экономикалық, доллардың көтерілуі мен төмендеуі, саяси (үкіметтердің ауысуы, шекаралардың жабылуы, соғыстар), әлеуметтік (пандемиялар), тіпті, шаруашылық жүргізуші субъектілердің міндеттемелерді орындауына ауа-райы да әсер етуі мүмкін.
Сондықтан белгілі бір жағдайларға байланысты кәсіпорынның төлем қабілетсіздігіне тап болуы ғажап емес.
Заңнамада төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жолдары қарастырылған. Бұл оңалту рәсімдері, оңалту шеңберінде қайта ұйымдастыру, қаржы ұйымын қайта құрылымдау.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің мүмкін еместігі заңды тұлғаны тарату және оның кредиторлары болған жағдайда банкроттық рәсімін қозғау үшін негіз болып табылады.

Банкроттық – бұл «Оңалту және банкроттық туралы» заңмен реттелетін қалыпты, кең таралған рәсім.

Бірақ, өкінішке қарай, кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен, салықтардан және басқа да міндетті төлемдерден босату мақсатында құқықты асыра пайдаланып, заңды тұлғаны қасақана банкроттыққа апаратын немесе жалған банкроттыққа ұшырататын жосықсыз субъектілер де кездеседі.

Бұл банкроттық туралы іс осы заңсыз әдістердің бір мысалы болып табылады.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі