Жоғарғы Соттың жалпы отырысы өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар екі мәселені талқылады: бірі – Алматы облыстық сотының сот алқасының төрағасын сайлау, екіншісі – жаңа үлгідегі судьялар мантиясын бекіту.

Бірінші мәселе бойынша Алматы облыстық сотының сот алқасы төрағасының бос лауазымына кандидатуралар баламалы негізде ұсынылды.

Талқылау қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот судьялары екі кандидатқа – Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының төрағасы Сәрсенов Советхан Сәкенұлы мен Алматы қаласының №2 Бостандық аудандық сотының төрағасы Шәмшиев Арман Жұмабайұлына бірауыздан оң қорытынды берді.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың жалпы отырысының тиісті қаулысы мен қорытындысы Жоғары Сот Кеңесіне жолдау үшін әзірленді. «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес енді Жоғары Сот Кеңесі аталған кандидаттарды лауазымға тағайындау жөнінде Мемлекет басшысына ұсыным жасайтын болады.

Екінші мәселе бойынша. Судьялардың мантиясын ауыстыру қажеттігі туралы 2013 жылы өткен Судьялардың алтыншы съезінде айтылған болатын. Съезд шешімі бойынша Судьялар Одағының Орталық Кеңесі мантияның жаңа үлігісін судьялар қауымдастығы арасында талқылаудан өткізді. Сауалнама нәтижесі республика судьяларының қоғамдық бірлестігінің барлық филиалдары мантияның қазіргі стилі әлі де болса жетілдіруді талап ететіндігімен келісетіндігін көрсетті. Судьялар мантияның пішіні мен матасына қатысты өз ұсыныс-ескертпелерін айтты.

Мантияның жаңа үлгісін Алматы технология университетінің Жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультетінің деканы Р. Жылысбаева бастаған оқу-өндірістік орталығының дизайнерлері әзірледі.

Әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңа мантия трапеция тәрізді, желбегей пішінде болып келеді, ол судьялардың бейтараптылығын білдіреді, сондай-ақ сот билігінің мәртебесі мен беделін айқындайды. Ұсынылып отырған мантияның кескіні тұтас әрі ықшам, түсі мен стилдік шешімі үйлесімді. 

Судьялар мантиясы мемлекеттік билік нышандарының бірі болып табылады. Ол судьялар тарапынан сот процесіне қатысатын тараптарға және сот төрелігін жүзеге асыру барысына қатысатындардың барлығына судьялардың айрықша мәртебесін еске салуға бағытталған.

Мантияның жаңа үлгісі Жоғарғы Соттың жалпы отырысында бірауыздан бекітілді.

Қ.Мәми жаңа мантияны ескісінің тозуына қарай қолданысқа біртіндеп енгізуді тапсырды. «Жаңа үлгідегі мантияны қолданысқа енгізу бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпеуі тиіс» - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі